Мәдениет

Ұлттық дәстүрді дәріптеу-ортақ парыз

Жаһандану дәуірінде елімізді алпауыт елдерге жұтылып кетуден қазақы танымымыз, болмысымыз, ұлттық құндылығымыз, мәдениетіміз сақтайды. Халықтың ұлттық рухын көтеріп, патриоттық сезімін оятуда, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жаңғыртуда, рухани байлығымыздың кемелденуіне мәдениет саласының қосып отырған үлесі зор.

Өңірдің мәдениет саласының дамуына, ұлттық құндылықтарды насихаттауға облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мекемелер мен ұйымдар да айрықша атсалысуда. Атап өтер болсақ, облыста тұрақты түрде әртүрлі форматта түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, биыл ұйымдастырылған «Аялы әже» форумының мақсаты – ұлтымыздың ұлық қасиеттерін бойына сіңірген, ұрпақтар сабақтастығының жарасымды сақталуына сүбелі үлес қосып, отбасы құндылықтарын, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеп, жандандыру жолында ерен еңбегімен ерекшеленіп жүрген асыл әжелерімізді елге кеңінен насихаттау, таныту. Сол арқылы ұмытыла бастаған салт-дәстүрлермен жұртты таныстыру, қолөнерді дәріптеу, әдеби шығармалардағы ана образын көрсету арқылы жастарды кітап оқуға баулу және ардагерлерді мәдени-бұқаралық іс-шараларға тарту да ең негізгі мақсаттың бірі. 
Осындай игі бастама аясында Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында былтыр жаз айында «Зере» әжелер клубы құрылғанын біреу білсе, біреу білмес. Кітапханашы, «Зере» әжелер клубының жетекшісі Жанат Ауелева клуб ұлттық салт-дәстүрлерді сақтап, құрметтеу мақсатында бірқатар іс-шараның өтуіне ұйытқы болып жүргенін айтады. Клубтың ұйымдастыруымен осыдан бірер ай бұрын «Он саусағынан өнер тамған» деген тақырыппен шеберлік сағат өткен екен. Аталған іс-шараға ұлттық өнерді жұрт арасында кеңінен насихаттап жүрген, он саусағынан өнер тамған әжелердің қатысуы өңір жастарын ұлттық болмысқа сай тәрбиелеудің айқын көрінісі деп білеміз.Шеберлік сағатына «Зере» әжелер клубының мүшелері және «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, ардагер ұстаз, зейнеткер Алтыншаш Канибетова мен алты баланың анасы, «Киіз Fest» фестивалінің қатысушысы Асылкүл Берден қатысты. Іс-шара барысында әжелер құрақ деген не, құрақ қандай кезде пайдаланылады және құрақтың түрлері, тарихы туралы мәлімет берді. Ал Алтыншаш әже мен Асылкүл ханым құрақ құрау өнері, оның қызығы мен қиындығы және құрақ атауларымен таныстырып, өздерінің қолынан шыққан туындыларын көрсетті.«Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» шеберлік сағатында ұршық иіру, тоқыма тоқу ісі таныстырылды. Қазақ халқының ұмытылып бара жатқан ұлттық қолөнерін қайта жаңғырту, жүнді өңдеу, оны ұршықпен иіру арқылы жіп өндіру, ол жіптен түрлі бұйымдар жасауға болатынын насихаттау мақсатында іс-шара атауын «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» деп таңдадық. Жиын барысында әжелер жүнді қайдан алады, жүнді алу жолдары, шығу тарихы, жүнді тазалау, ұршықпен иіру, ілмекпен тоқу және кестенің түрлері туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Ал қонақтар – Гүлбахрам мен Күміскүл әжелеріміз жүн өнері, жүннен жасалатын бұйымдар, олардың шығу тарихы туралы айтып, өздерінің қолынан шыққан туындыларымен таныстырып, жасалу жолдарын көрсетті. Қонақтарға тақырыпқа сай сұрақтар қойылып, әжелер өткізілген іс-шараға байланысты өз ой-пікірлерін білдірді. Шеберлік сағатты клуб мүшелері қорытындылап, жас оқырманды салт-дәстүрімізді құрметтеуге, қолдағы бар құндылықтарымызды сақтай білуге шақырды. Сонымен қатар тақырыпқа сай кітап көрмесі жасалып, көрмеге библиографиялық шолу жасалды.«Зере» әжелер клубы мүшелерінің ұйымдастыруымен Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесіндегі әже образын насихаттау мақсатында әдеби портрет өткізілді. Сол арқылы Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығы, «Ұшқан ұя» повесі мен батырдың әжесі Қызтумастың образы, оның немересіне деген мейірімі, сүйіспеншілігі кеңінен насихатталды. Сонымен қатар Амангелді Ормантайдың «Батыр Бауыржанның балалық шағы» атты кітабындағы кейіпкер әженің көрегенділігін көрсететін «Әже өсиеті» әңгімесінен үзінді, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісінің мазмұнымен таныстыратын бейнебаян көрсетілді. Басқосуда әжелер Б.Момышұлының шығармалары, әже образы туралы өз ойларын ортаға салды. Оқырмандарға Наурыз мерекесі, наурыз көже туралы түсінік беру, жас ұрпақты салт-дәстүрімізді құрметтей білуге тәрбиелеу мақсатында «Ұлыстың қадам басқан ұлы күні» тақырыбындағы этносабақ «Зере» әжелер клубы мүшелерінің, кітапхана қызметкерлерінің, қымыз өндіруші, «Халал әсіп» отбасылық кәсібімен айналысатын кәсіпкер Базаркүл Қабылханованың қатысуымен өтті. Базаркүл Дыбысәліқызы кітапхана қызметкерлері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, отбасылық кәсіптері, наурыз көженің жасалу жолы мен оның құрамы туралы айтып берді.Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай облыстық жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Наурыз – құт-береке бастауы» тақырыбында кеш ұйымдастырылды. Кеш барысында халық әндері шырқалып, ұмыт болып бара жатқан «Саумалдық», «Аунату» дәстүрлері көпшілік назарына ұсынылды. Ұлттық салт-дәстүрлерді ұлықтау мақсатында өткен кеште қонақтарға ыстық бауырсақ, таба нан мен наурыз көже таратылды. Кітапхана оқырмандарына Наурыз мерекесі, атаулы мерекеде жасалатын наурыз көже, оның жасалу жолы, көжемен бірге дастарқанға қойылатын ұлттық тағамдар, сонымен қатар қазақтың салт-дәстүрлері туралы көптеген ақпарат берілді. Әжелер ауылдың алты ауызын орындап, кітапхана қызметкері –Нұргүл Сағатбекова «Ай қаракөз» әнін шырқады. Іс-шараға байланысты жасалған «Наурыз – құт-береке бастауы» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды. Осы тектес ұлттық құндылықтарды құнттауға қатысты ұйымдастырылатын игі істердің қоғамға берер пайдасы мол, – дейді Жанат Бектұрғанқызы.Ұлттық құндылықтарымыздың өңірде кең көлемде насихатталуына «Асыл ана» әжелер ансамблінің де қосып жатқан үлесі зор. Аталған ансамбль мүшесі Күміс Рысбаеваның айтуынша, жас ұрпақ өзінің шыққан тегін, салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын білуі тиіс. Сонда ғана ел ішінде ұлт болашағын ойлайтын буын қалыптасады. Көңіл көкжиегі ата-бабаның айтқан нақылымен кеңейіп, өз өмірін бабалар жүрген жолмен байланыстырған жастардың ұлт болашағына, оның құндылықтарына деген құрметі айрықша болады. Ұлттық мәдени құндылықтарды жойылудан сақтап қалудың, жастарды рухани азғындыққа ұрындырмаудың сара жолы осы.Біз ұлттық ерекшелігімізді паш ететін, оны насихаттайтын мекемелермен үнемі байланыста боламыз. Ұлттық құндылықты дәріптейтін, қыз балаға тән кез келген ұлттық өнерді насихаттайтын іс-шаралардан үнемі қалмаймыз. Өзіміздің аналарымыз, апаларымыздан алған тәрбиені ұрпақпан-ұрпаққа жалғастырып келеміз. Оның ішінде өзімнің тоқымаларыммен, тіккен қолөнер бұйымдарыммен 5 жыл бойы әртүрлі көрмелерге қатысып, жүлделі болып жүрмін. Былтыр қаланың бірнеше мектептеріне шақырылып, білгенімді мектеп оқушыларымен бөлістім. Тәрбиелік мәні зор шеберлік сағаттар арқылы көргенімізді, көңілге түйгенімізді жас ұрпаққа насихаттаудамыз. Күзде өткен «Киіз Fest» фестиваліне де қатысып, өз өнерімізді көрсеттік.«Көргенімізден көрмегеніміз көп» деп, шақырған жерден қалмауға тырысамын. Осы күнге дейін мен қатысқан іс-шаралар жоғары деңгейде өтіп жүр. Сондықтан оны ұйымдастырушыларға айтар алғысмыз шексіз! – дейді Күміс Ілиясқызы.
Мәдениет саласында ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мекемелер мен ұйымдар іс-шаралар кешенін алдағы уақытта да жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастыра беретініне сенімдіміз. Дегенмен ұлт ұрпағына дұрыс тәрбие беру, олардың ұлтжанды азамат болып қалыптасуына үлес қосу – әрқайсысымыз үшін парыз. Жас ұрпақтың сана-сезімі ұлттық тамырымыздан нәр алу арқылы жетілсе, имандылық пен ибалық, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп өссе, қоғамда елін-жерін, Отанын сүйетін буын қалыптасады. Ендеше жастардың ұлттық намысын ояту, тілі, діл, салт-дәстүр секілді басқа да ұлттық құндылықтарды дамыту ісіне белгілі бір мекемелер ғана емес, жекелеген адамдар да өз отбасында қолға алса, біздің ұтарымыз көп.