Қатардағы жауынгерден майорға дейін
Биыл адамзат тарихында ұмытылмас із қалдырған екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 79 жыл толады.
Атақ-даңқы алысқа кеткен Сұлтанбеков туралы не білеміз? Биыл адамзат тарихында ұмытылмас із қалдырған екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 79 жыл толады. Жеңіс күні қарсаңында жерлес жауынгер Рәтай Сұлтанбековтің ерлігі туралы оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Рәтай Сұлтанбеков 1921 жылы Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Бөлтірік шешен елді мекенінде дүниеге келген. Батыр жайлы жазылған деректерге үңілсек, әкесінің ерте дүние салуына байланысты еңбекке ерте араласады. Азаматынан айырылып, анасы Қатша жесір қалса, бала Рәтай бесіктен белі шықпай жатып жетімдік қамытын киді. Сол кездер Рәтайдың өміріндегі ең бір ауыр кезеңдер еді. Сенетін адамы болмаған соң арқасүйері тек өзінің күш-жігері болды. Тағдыры, өмір жолы тақтайтай тегіс бола қоймаған жігіт Түркістандағы жетімдер үйінде тәрбиеленеді. Сабағын үздік оқыған, өте сауатты, орысшаға судай ағып тұрған бозбала мектепті «Алтын медальмен» тәмамдайды. Дәрігер болуды армандап, мектептен кейін өз күшімен Алматы қаласына оқуға түседі. Медициналық институттың 3-курсында оқып жүргенде, яғни 1939 жылы әскерге шақырылады. Қараша айында Талас ауданындағы әскери комиссариаттан Украинаның Львов қаласына жолдама алады. Сондағы атқыштар дайындайтын училищеде жаттығады. Деректерге сүйенсек, Рәтай Сұлтанбеков генералдар даярлайтын оқу орнында білім алған тұңғыш қазақ болған екен. Училищеде қысқамерзімді әскери курстан өтіп, лейтенант әскери шеніне ие болған сарбаз 1941 жылы бірден ұрыс алаңына жіберіледі. Себебі дәл сол уақытта соғыс басталып кеткен болатын. Осылайша буыны бекіп, бұғанасы қатып үлгермеген бозбала қан майданға взвод командирі ретінде қатысады. Жап-жас жігітке мұндай сенім артылуының басты себебі – ерекше жігерлі, білімді болғаны болса, тағы бірі – әскери білімінің болуы. Сонымен қатар ол кезде мұндай дайын әскери қызметші өте қат еді. Алғашқы күндерден бастап алдыңғы шепте жүріп ең ауыр айқастарға қатысқан Рәтай Сұлтанбеков өзіне артылған сенімді ақтай білді. Майданда батылдығымен, ержүректілігімен көзге түскен Рәтай небәрі 21 жасында батальон командирі болған.Батырдың соғыстың соңғы айында Германияда қаза табуы көп нәрсені аңғартады. От пен оқтың ортасында жүріп, жеңісті жақындатуға ерекше үлес қосқан, бірақ жеңіс ұранын ести алмай көз жұмған батырдың ерекше тағдырын ойласаң кеудеңді бір өкініш кернейді.Даңқты жауынгердің көзін көрген майдангер ақын, жазушы Әбу Сәрсенбаевтың «Дунай үстіндегі шұғыла» атты әңгімесі бар. Жазушы көзі тірісінде аталған әңгімесіндегі бас кейіпкер Райбек Бексолтановтың прототипі Рәтай Сұлтанбеков екенін айтып кеткен. Бір ескерерлігі, жазушы әңгімесіндегі көркемдік шешім басқа. Яғни Рәтай үйленіп, артында ұрпақ қалады. Бірақ қалған деректердің бәрі қаз-қалпында, батырдың өмір жолынан, ерлігінен сыр шертеді. Бұл да жазушының Рәтайдан әйтеуір бір белгі қалса ғой деген ұлы аңсары.Әбу Сәрсенбаев Рәтайды алғаш рет 1943 жылдың маусым айында көрген. Жазушы «Жиырма жасар Рәтай Сұлтанбеков» атты очеркінде жазушы: «Мен Рәтай батальонында бірінші рет 1943 жылы маусым айында болдым», – дейді. Бұл – үшінші Украина майданы жүріп жатқан уақыт. Әбу Сәрсенбаев Рәтайдан: «Жолдас комбат, майданда қазақ командирлері өте аз. Бұған дейін бір ғана қазақ комбатын кездестірген едім, ол егде кісі болатын. Екіншісі – өзің. Сен туралы көлемді мақала жазуым керек. Өмірбаяныңды әңгімелеші», – деп, өз өмірі туралы айтып беруін сұрайды. Сонда ұзақ ойға батқан батыр: «Менде қандай өмірбаян бар? Талас бойындағы Сардалада дүниеге келіппін. Тоғызға толмай жетім қалып, интернатта оқыдым. Он сегізімде Алматыдағы дәрігерлік институтқа түстім. Келесі жылы аяқ астынан әскерге шақырылып, Львовта пулеметшілер курсын бітірдім. Пулеметшілер взводының командирлігіне тағайындалғанымда соғыс басталды да, фашист басқыншылардың алғашқы шабуылына тап болдық. Бірақ күш тең емес еді, шегінуге мәжбүр болдық. Қоршауда қалып, оны қайсарлықпен ғана бұзып шықтық», – деп қысқа қайырыпты.Әбу Сәрсенбаевтың жазбасынан Рәтайдың ұлтшыл жігіт болғанын да аңғара аламыз. Бірде жазушы өзі істейтін «Совет жауынгері» газетінің бірер данасын командирдің қолына ұстатады. Сонда батыр газетке үңіліп тұрып: «Түу, ғажап қой, қайран туған тіл... Ұмытып қаламыз ба деп те қорқамын», – деген екен. Бұдан бөлек Сұлтанбеков сол кезде майданда қазақ ансамблінің жоқ екеніне де қатты налыған деседі. «Мен бір нәрсеге таңмын. Біздің майданда өзбек ансамблі бар. Ал қазақ ансамблі неге жоқ? Өнерпаздарды майдандағы қазақстандық төрт дивизиядан да табуға болады. Қыздардан да құралақан емеспіз. Осы мәселе төңірегінде майдандық саяси бөлімнің қызметкері Нұриддинов жолдаспен кеңескен едім, «Осман әкә қазақтар туралы бас қатыруға уақытым жоқ» деп мазақ еткендей болды. Сіз қалай қарайсыз? Осы мәселені белсенді түрде көтеруіміз керек. Мүмкін газет арқылы?» деп мәселе етіп көтерген екен.Р.Сұлтанбеков туралы деректерде оның шабуылға шығар күні түнімен көз ілмейтіні, мың ойланып, жүз толғанатыны айтылады. Қарсы алдында жайылып жатқан майдан картасына қайта-қайта үңіліп, қайта-қайта өзгертіп, ертеңгі жоспарын тәптіштеген ол ерсілі-қарсылы жүріп, тынышы кететін болған. Батырдың мазасының кетуі – ең алдымен, жауапкершілік. Отан, басшылық алдындағы міндеттен бөлек, қол астындағы жауынгерлердің өмірі үшін уайым. Ол әрбір жауынгердің аты-жөнін ғана емес, мекенжайын да жатқа білген екен. Сұлтанбеков әр шайқас алдында «Ертең қаншама үйге қара қағаз жазып отырар екенмін» деп қамығады екен. Қара қағаз жолдап жіберу қиын емес, бірақ ол қағаздың бүкіл бір әулеттің отын өшіретіні, өзі де езіліп жатқан бүтін бір ауылды аңыратып кететінін батыр терең түйсінген. Сонымен қатар домбыраны шебер тартыпты. Соғыстағы Рәтайдың бір алданышы шахмат болған көрінеді. Бұл туралы Әбу Сәрсенбаев «Дунай үстіндегі шұғыласында» жеріне жеткізіп жазады. Жазушы шахматты жай ғана ермек емес, Рәтайдың стратег қасиетін аша түсетін деталь ретінде пайдаланады. Соғыс картасы мен шахмат екеуін қатар қойып, параллель өре отырып Рәтайдың екі тізгін, бір шылбырды қымтай ұстай алатын дарынын аша түседі. Одан бөлек батырдың ақжарқын, әзіл-қалжыңға да жақын екенін айтады. Әкесімен аттас Сұлтанбек деген жауынгерді «әке» деп атайтынының өзі көп нәрсені аңғартады.
Рәтайдың өнерпаз жігіт болғанын сөз арасында айттық. Әбу Сәрсенбаев естелігінде бұл туралы нақты суреттейді.«Рәтай енді екінші мәрте газетке үңілді де райлана күлді. «Күләш апаның «Гәккуын» қараңыз...Гәкку, гәкку...
«Құс болып айдын көлді дабырлаттым,
Ән салып әрбір елдің дәмін таттым.
Жетсін деп осы әнім
Гәккуіме,
Гәккуді қайтқан қаздай қаңқылдаттым.
Гәкку, гәкку...
Батальон командирін арқаға қақтым. «Қарағым-ау, даусың қандай жақсы еді, неге актер болып кетпегенсің». Командир терең тыныстап, басын шұлғыды».
Айналасы көзі тірісінде-ақ «Біздің Бауыржанымыз» деп мақтан тұтқан Рәтай Сұлтанбеков атақ-даңқтың буына мас болып, ешқашан асып-таспаған. Жауынгерлік, командирлік міндетіне адал берілген сарбаз. Жеңсе тасымайтын, жеңілсе жасымайтын құрыштай берік жігіт. Мұны жазушыдан артық кім суреттей алсын.
«Маған батальон командирі әскери сұсты командирден гөрі биязы жігіт болып көрінді. Сұлу, сұңғақ, өн бойында артық ет жоқ, бет пішіні де келісті. Жазық та биік маңдайды жарып түскен жинақ етек, тік мұрын. Аумақты дөңгелек көздерінің аса нұрлы мойыл қарашықтарында қаһарлы салқындықтан гөрі мейірім мол. Мүмкін маған солай көрінген шығар, әйтеуір күнге күйіп, желге әбден тотыққан қара торы жүзінде бір әдемі бояу бар. Шымқай қара шаш бет пішін сұлулығына қосымша жарастық пен қайраттылық беріп тұр. Жастық дегеніміздің өзі сұлулық қой, мен Рәтайдың өн бойынан жастық сұлулығын көріп, сүйсіне де қызыға қарадым», деп сипаттайды Әбу Сәрсенбаев.
Таңғаларлығы, Рәтай соғыстың қашан бітетінін де нақты болжапты. Мұны оның 1945 жылы елге келгенде қалыңдығы Ғалияға айтқан сөзінен байқаймыз: «Қазір сәуір айы. Мамыр айында елге ораламын жеңіспен». Бұл әбден тісқаққан, әрбір қадамын есеппен басатын, әскери өмірге әбден үйренген, стратег маманның ғана қолынан келетін болжам. Өкініштісі, сол күнді өзі көре алмай кетті.Қатардағы жауынгерден батольон командирі, кейіннен гвардия майоры дәрежесіне дейін көтерілген Рәтай Сұлтанбеков Жеңіс күніне 23 күн қалғанда 1945 жылы Брандербург жерінде небәрі 24 жасында қаза тапқан. Шабуыл дамылдаған сәтте ат үстінде отырған батырды қираған үйдің ішінде тығылып қалған фриц атып түсірген екен. Жеңістің жақындауына өлшеусіз үлес қосқан батырдың өмірі осылай аяқталуы өкінішті-ақ...Батыр 1943 жылы «Қызыл жұлдыз», 1944 жылы «І дәрежелі Отан соғысы», «1945 жылы ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен марапатталғанымен табыс етілмепті. Тек құжат, қағаз жүзінде. Арада көп жыл өткеннен кейін, яғни 2002 жылы оның осы ордендерьмен марапатталғанын және 1945 жылы 16 сәуірде Германияның Бранденбург провинциясы, Ортыктың сол жақ шетінде бауырластар бейітінде жатқанын білу мүмкін болыпты. Жеңісті жақындату жолында жастығына қарамастан үлкен ерлік көрсетіп, аты аңызға айналған батырдың көп уақыт бойы архивте жатуы түсініксіз жағдай. Алайда жауынгердің артында елі бар, әлі де зерттеле түсері анық.
Кеңес