Жастар

Биыл соңғы қоңырау соғыла ма??

Өңірде 2023-2024 оқу жылы

Өңірде 2023-2024 оқу жылын 586 мектепке дейінгі, 445 орта білім беру, 42 техникалық және кәсіптік білім мекемелерін 400 мыңнан астам оқушы, студенттер мен тәрбиеленушілер аяқтайды. Оның 12 мыңнан астамы мектеп түлектері. 
Спикер биыл еліміздің кейбір аймақтарындағы су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдайды ескере отырып және 25 мамырдың демалыс күніне сәйкес келуіне орай 24 мамыр күні барлық мектептерде 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылатынын атап өтті. Бірыңғай сынып сағаты аясында сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылын қорытындылайтын болады. 11-12-сынып түлектеріне аттестат тапсыру және ерекше үлгідегі «Алтын белгімен» марапаттау 12-15 маусым аралығында жүзеге асады. Облыста 9-сыныпты 22 867 оқушы аяқтайды. Қорытынды аттестаттау 9-сынып оқушылары арасында 29 мамыр – 10 маусым аралығында жүргізіледі.Өңірімізде 2024 жылы 11-сыныпты 12 121 түлек аяқтайды. Қорытынды аттестаттау 11-сынып бітірушілері арасында 28 мамыр мен 11 маусым аралығында жүргізіледі. 11-сыныптарда қорытынды бітіру емтихандары 5 пәннен жүреді. Барлық емтихандар оқу орнында – мектептерде өтеді. «Алтын белгі» аттестаттарын алуға үміткерлердің жазбаша емтихандарын облыс әкімдігі білім басқармасы тарапынан құрылған комиссия қарайды. Ағымдағы оқу жылында 387 мектеп бітіруші «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер. 816 мектеп бітіруші үздік аттестатқа үміткер, – деді Ләззат Әбілдақызы. Ләззат Қызылқұлова баспасөз конференциясын пайдалана отырып ата-аналар мен ұстаздарға 9-11-сынып түлектерінің қауіпсіздігін және емтихандарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету мақсатында ақша жинауға, салтанатты іс-шаралар, банкеттер ұйымдастыруға, автомобильдермен шығуға, мерекелік кеш ұйымдастыратын агенттіктерді, жеке студияларды жалдауға, мектеп әкімшілігіне, педагогтарға сыйлыққа ақша жинауға тыйым салынатындығын жеткізді. Бет қатталып жатқанда:Түс ауа ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев соңғы қоңырауға байланысты халыққа үндеу жасады. Брифингте айтылғандай, 1-10-сынып оқушылары үшін 24 мамыр күні «Білімім – Отаныма» тақырыбындағы біріңғай сынып сағаттары өтетін атап өтті. Яғни олар үшін сән-салтанаты келіскен соңғы қоңырау соғылмайды. Тек 11-сыныпты тәмамдайтын 186 мың түлекке ғана 25 мамыр күні оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» іс-шарасы өтеді. Министр үндеуінің соңында түлектерге аталмыш іс-шараны жоғары мәдениеттілікпен, ысырапсыз, даңғазалыққа салынбай өткізуді тапсырды.

                                                                                                                                                                                                                                                     

 

                                                                                                                                                                                                                                                     Эльмира БАЙНАЗАРОВА