Соңғы қоңырау соғылмайды
Облыста 11 сыныпты 12121 түлек аяқтайды.
Биыл еліміздің барлық мектебінде соңғы қоңырау соғылмайды. Оның орнына барлық мектепте оқу жылының аяқталуына орай бірыңғай сынып сағаты өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігінің білім басқармасының орынбасары Ләззат Кзылкулова баяндады, деп хабарлайды Arainfo тілшісі.
Ресми деректерге сүйенсек, облыста 11 сыныпты 12121 түлек аяқтаса, тоғызыншы сыныпты 22867 оқушы тәмамдайды. Биылғы оқу жылының ұзақтығы 34 аптаны құрайды, оқу 25 мамырда аяқталады.
«Еліміздің кейбір аймақтарындағы су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдайды ескере отырып және 25 мамырдың демалыс күніне сәйкес келуіне байланысты 24 мамыр күні барлық мектептерде 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылады. Бірыңғай сынып сағаты аясында сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылын қорытындылайтын болады» – деп атап өтті спикер.
Айта кету керек, Ләззат Абильдақызы мектеп түлектеріне ақша жинауға тыйым салынғанын да айтты.