Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталды
Қылмыстық іс материалдарында мемлекеттік құпиялар бар
Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталды. Ақпаратты Бас прокуратура растады, деп хабарлайды Arainfo тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап.
Бас прокуратура 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық істерді тергеуді жалғастырып жатыр.
2024 жылдың 29 сәуірінде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде ішкі істер экс-министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталды, – делінген ақпаратта.
Қылмыстық істе мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жарияланбайды.
Бұған дейін Бас прокуратура Қаңтар оқиғасы бойынша экс-министр Ерлан Тұрғымбаевтан жауап алынғанын хабарлады.Сондай-ақ Бас прокуратура Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Қошмамбет ауылында орналасқан арнайы қабылдау жағдайында ұсталған азаматтарға азаптауды қолдану туралы іс бойынша дәлелдемелер жинаған.
Айта кетейік, Ерлан Тұрғымбаев 2019-2022 жылдары ішкі істер министрлігін басқарды. Содан кейін Қазақстан президентінің кеңесшісі болды. Ол бұл қызметтен жарты жылдан кейін босатылды.
Ішкі істер министрлігі Ерлан Тұрғымбаев бас прокуратура