Қазақтың келіндері-ай
35 жасқа дейінгі келіндер қатысып, өзара бақ сынады
Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен және Жамбыл ауданы әкімдігінің қолдауымен 11-12 сәуір күндері Жамбыл ауданында ұлттық дәстүр мен құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Қазақтың келіндері-ай» атты аудандық байқауы өтті.
Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған байқау Жамбыл аудандық Жастар ресурстық орталығының қолдауымен өткізіліп отыр.
Сайысты ашқан облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар мен аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Жандар Тоқсаба байқаудың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Kelins‘ battle» аудандық жас келіндер байқауының мақсаты – халқымыздың тарихы мен мәдениетін дәріптеу, салт - дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды кеңінен насихаттау және қазақ келініне тән әдемілік, әдептілік, инабаттылық, сымбаттылық, ізеттілік және іскерлік пен тапқырлықты үлгі ету.
Келіндер арасында өтіп жатқан сайысқа ауданның он бір ауылдық округінен 35 жасқа дейінгі келіндер қатысып, өзара бақ сынады. 2024 жылғы 11 сәуір күні байқаудың 1-кезеңінде келіндер табиғат аясында аспаздық өнер және сиыр сауудан өзара жарысты.
1-кезеңде келіндерге ауданның асыл әжелері төрешілік етті.
12 сәуірде өткен 2-кезеңде қатысушылар дәстүрлі форматта сайысқа түсті. Таныстыру, өз өнері, сұрақ-жауап, ерекше тағам кезеңдерінен сүрінбей өтіп, ерекше өнер көрсеткен келіндер ақшалай сыйлық және дипломдармен марапатталды.
Атап айтқанда: І орын – Молжігіт Қымбат (80 000 теңге), ІІ орын – Айтқожа Гүлжанат (60 000 теңге), ІІІ орын – Есберген Айгерімге (40 000 теңге) табысталды.
Осылайша халқымызға тән сәлт-дәстүрлер тағы бір рет ұлықталды.