Гуманитарлық көмек дронмен де тасымалданады
Су тасқыны болып жатқан өңірлерді гуманитарлық көмекпен қамтамасыз ету үшін Америкадан үш дрон жеткізілді.
«ARC Drones» өкілдері Атырау қаласында Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерімен бірлесіп ең шалғай және жеткізу қиындық туғызатын жерлерге азық-түлік, дәрі-дәрмек пен басқа да өмірлік маңызды материалдық құралдарды шұғыл тасымалдау жұмыстарына кірісуге дайын.
– Дрондарды қолданып, біз құтқарушылар мен еріктілердің қауіпсіз қызметін күшейтеміз. Сонымен қатар су сынамаларын жинауға да қолдануға болады. Дрондарды шұғыл пайдалану жақын арада қажет болмайды және еліміздегі су тасқыны жағдайы қалыпқа келеді деп үміттенемін, – деді Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Жалпы «ARC Drones» – отандастарымыз Әлібек Ерсай мен Әсел Тұрсын негізін қалаған америкалық стартап. Дрондар 10 шақырым радиуста 30-40 келіге дейін жүк көтеріп, күніне 100-ге дейін рейс жасай алады.
«ARC Drones» дрондары құтқарушылар мен еріктілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жұмысын жеңілдетеді. Атап өтсек, құрылғының негізгі қызметіне мыналар жатады:
- су тасқыны жағдайында да жүк көтергіштігі 20 келі және радиусы 10 шақырым болатын жүкті лезде және үздіксіз жеткізу;- шұғыл медициналық және гуманитарлық сұрауларға жылдам жауап беру;
- өмірлік маңызды медициналық материалдарды (қан, вакциналар немесе құтқару дәрі-дәрмектері) ең шалғай және жету қиын жерлерге жеткізу;
- құтқарушылар мен еріктілер үшін тәуекелдерді азайту; - бір рейсте немесе бір стансадан күніне 100 рейске дейін үлкен көлемдегі материалдарды тасымалдаудың максималды тиімділігі;
- талдау үшін су сынамаларын жинауды қолдау. Мысалы, дрондар сынау үшін далалық клиникалардан микробиологиялық үлгілерді зертханаға тасымалдау үшін пайдаланылуы мүмкін, өйткені үлгілерді мотоциклдермен тасымалдау тым баяу болуы ықтимал.
«AR-AI»-ақпарат