Кәсіп

«Нұрлы ұрпақ» ұлағатты ұрпақ тәрбиелейді

Баланың жас кезінде алған тәрбиесі үлкен өмірге жолдамасы іспетті.Ақиқатында, баланы үлкен өмірге дайындауда әуелі үйдегі ата-ананың, содан соң балабақшаның алар орны ерекше.

Осы ретте жеке кәсіпкер Әсима Шекеева аудан орталығынан 2019 жылы «Нұрлы ұрпақ» жекеменшік балабақшасын ашып, балаларды мектепке дейінгі тәрбие-біліммен қамтамасыз етуде. Алғаш ашылған жылдары балабақшаға 40 бүлдіршін қабылданған. Қазіргі таңда барлығы 85 бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ 40 бала кезекте тұр. Балабақшада балалар жас ерекшеліктеріне қарай «Инабат», «Інжу», «Маржан» және «Әсем-ай» топтарына бөлінген. Сонымен қатар ата-аналардың сұранысымен «Жұлдыз» мектепалды даярлық тобы ашылып, топта 22 бала білім мен тәрбие алуда. 
Мекемеде 21 қызметкер, яғни әдіскер, психолог, 5 тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшілері, 2 аспаз, есепші, мейірбике, хореограф, шаруашылық меңгерушісі және 2 қарауыл тұрақты жұмыс істейді. Ұжымның әрбір қызметкерінің міндеті – бүлдіршіндерге бақыт сыйлау.Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуда «Балапан» мемлекеттік бағдарламасының тигізер септігі мол. Бағдарлама аясында жылдық жоспар жасалып, балалардың әр күнін қызықты өткізуге барынша көңіл бөлінген. Сабақ пен тәрбие беру үдерісі көбінесе ойын түрінде ұйымдастырылып, балалардың жан-жақты дамуы үшін түрлі әдіс-тәсілдер қолданылады. Сонымен қатар балалармен аптасына үш рет логопед және хореограф мамандар жұмыс істейді.

Балабақша меңгерушісі әр топта балалардың күнделікті дамытушы ойыншықтармен ойнауы олардың ой-өрісінің дұрыс дамуына әсері зор екенін айтады. Сондай-ақ балалардың қазіргі заманауи спорттық ойыншықтармен алаңсыз ойнауына көңіл бөлетіндерін жеткізді. Ал балалар балабақшаға келгенде міндетті түрде Мемлекеттік Әнұранды шырқауы патриоттық тәрбие беретіні сөзсіз. 
Бүлдіршіндерге күнделікті ас мәзіріне сай бес мезгіл тамақ беріледі. Ұлттық тағамдар және дәрумендерге бай тағамдар мен сусындар да ас мәзіріне енгізілген. Сонымен қатар балабақшада таза табиғи өнімдерді пайдалану қолға алынған.Балаларын балабақшаға сеніп тапсырған ата-аналармен де тығыз байланыс орнатылған. Балабақша қызметкерлері ата-аналарға мекеменің ішкі тәртібі мен талабын таныстырып, үнемі байланыста отырады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда мемлекеттің болашағы жастардың бойына ұлттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың маңызы зор екеніне ерекше тоқталды. Ел Президентінің сөздері жеке кәсіпкер Әсима Қалмаханқызына да әсер етіп, болашақ ұрпақты қазақтың бай мұрасымен, ұлттық құндылықтарымен тәрбиелеуді мақсат етеді. Осылайша балаларды тәрбиелеу ісін жандандыруға, тәрбие үдерісінде жаңаша тәсілдерді қолдануға серпін береді. Нәтижесінде мемлекеттің болашағы саналатын бүлдіршіндерді балабақшадан бастап ұлттық құндылықтармен таныстыру жұмыстарын жандандыруды қолға алған. Ата-бабамыздың қасиетті мұрасы – киіз үйді балабақша ауласына орнатуы соның дәлелі болса керек. Алдағы уақытта алты қанатты киіз үйде түрлі іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. – Бала – біздің жарқын болашағымыз. Сондықтан балаларға дұрыс тәрбие бере білу, уақыт талабына жауап беретін білімді сіңіру басты міндетіміз.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
журналист,
Жуалы ауданы