Перде тігу бизнесінің пайдасы мол
Қолынан іс келетін әйелдер ерлермен иық тірестіріп ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосып келеді.Ресми статистикаға сүйенсек, былтыр кәсіпкерлік саласындағы әйелдердің үлесі 45 пайызды құраған. «McKinsey»-дің зерттеуінше, әйелдердің экономикаға ерлермен тең дәрежеде араласуы салдарынан 2025 жылға таман әлемдік ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) 28 триллион доллар қосып, 11-26 пайыз деңгейіне жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда Шығыс Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінде ІЖӨ 9 пайызға өсім көрсетуі мүмкін екен.
Өткенге аз-кем шегініс жасасақ, 2010 жылы елімізде небәрі 73,4 мың кәсіпкер әйел (жалпы кәсіпкерлердің 26 пайызы) тіркелген. Ал бүгінде бизнес, қаржы және экономика саласында жетекшілік етіп отырған әйелдер шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінде 1 миллион адамнан асып отыр. Тұтастай алғанда, әйелдердің экономикалық белсенділігінің деңгейі 63,7 пайызды құрайды.
Облысымызда да әйелдер кәсіпкерлігі жыл санап қанатын кеңге жайып келеді. Өңіріміздің түкпір-түкпірінде кәсіпкерлік саласының көкжиегін кеңейтіп, жүздеген, мыңдаған адамды тұрақты жұмыспен қамтып, тірлігін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер аз емес. Мәселен, Мойынқұм ауылының тұрғыны Диана Мұхтарова да көпке үлгі болар тірлік істеп, бүгінде айына 1 миллион теңге табыс тауып отыр.
Жастайынан қолөнерге жақын болып өскен Диана мектеп бітіргеннен кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне «Дизайн» мамандығы бойынша оқуға түседі. Десе де Диана ата-анасының қалауымен екінші курстан бастап басқа мамандық бойынша білім алады.
Бірақ мамандығы ауысқанымен жүрек қалауы өзгерген жоқ. Өздігінше білімін жетілдіріп, тігін өнерінің қыр-сырын меңгере түседі. – Бала арманымды келін болып түскен Мойынқұм ауылында жүзеге асырдым. Ата-енем, жолдасым үлкен қолдау көрсетіп, ауылдан перде салонын ашып берді. Анам да қолдан келген көмегін аяп қалған жоқ.
Талабы таудай, арман асқақ Диананың берекелі бизнесіне табыс тілеп, мақсат-мұраттарына жете беруіне тілектестік білдірдік.
Ділназ ИЗАТІЛДА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
4-курс студенті