Тараздықтар тақтайдай тегіс жолмен жүреді
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар көшелер мен бұрылыстарды аралап, жолдардың жағдайын тексерді. Аймақ басшысы жолдардың жағдайына қатысты тұрғындардан шағым жиі түсетінін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды барынша сапалы әрі бекітілген мерзімнен кешіктірмей жүргізу керектігін ескертті.
Облыс орталығындағы А.Пушкин, Адамбаев, Қылышбай ақын, Ұлбике ақын көшесі мен Бөлтірік шешен көшелерін, Шостакович көшесі мен Саңырақ батыр көшелерінің қиылыстарын аралаған Ербол Қарашөкеев ағымдағы жөндеу жұмыстарының көлемін арттыру керектігіне баса назар аударды. Сол арқылы ықшамаудандар ішіндегі жолдардың да жағдайын реттеу керектігін атап өтті.
Тараз қаласында биыл 140 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді деп жоспарланған (2023 жыл – 87,5 шақырым). Нақтырақ айтқанда, 67,8 шақырымды құрайтын 40 жобаны, одан бөлек ұзындығы 20,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолын және ұзындығы 73,8 шақырым болатын шағал жолды жөндеу жоспарланған.
Сондай-ақ ұзындығы 10,8 шақырымды құрайтын 3 көшені қайта жаңғырту көзделуде. Ағымдағы жөндеу жұмыстарының көлемін де үш есеге дейін арттыру жоспарланып отыр.Келесі кезекте облыс әкімі М-1 жылу жүйесінің жаңғырту жұмыстарымен танысып, қала басшылығына жұмыстардың сапасын қадағалауды тапсырды.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі