Ауылдық округке ауызсу керек
Қойнауына қазына жасырған құтты өңірдің бірі – Мойынқұм ауданы. Бұйрат-бұйрат құмды өлкеде табиғи байлықтың сан алуан түрі бар. Мәселен, мұндағы алтын өндіретін әйгілі «Ақбақай» кен орны аудан халқының әлеуетін көтеруге айтарлықтай септігін тигізіп отырса, оның ішінде Жамбыл ауылдық округі тұрғындарының дені аталған кен орны арқылы ырзығын айырып отырғанын айта кетуміз керек. Сондықтан да бұл ауылдық округте тұрмысы төмен отбасылар жоқтың қасы.
Өткен жылдың тамыз айында тұрғындардың таңдауымен Жамбыл ауылдық округінің әкімі болып Ақсана Қалыбаева сайланған болатын. Сол кезде Ақсана Жамбылқызының алдында Жамбыл ауылында шешілмеген түйткілдерді тарқатуға қатысты бірнеше міндеттемелер тұрған еді. Соның бірі – аталған елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету. Өйткені орталықтандырылған су жүйесінің тозығы жетуіне байланысты тұрғындарға ауызсу күніне бір сағатқа қана беріледі. Осы мәселе бүгінде шешімін тапты ма? Біз бұл туралы Жамбыл ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ауылдық округ әкімі Ақсана Қалыбаевадан сұрап білдік. Оның айтуынша, ауылда ауызсу жинақтайтын сыйымдылығы 300 текше метр қойма бар. Жамбыл ауылындағы 7 көшеге орталықтандырылған ауызсу толық бармайды. Себебі 2009 жылы қолданысқа берілген ауызсу құбырының тозығы әбден жеткен. Қазіргі таңда ауылдықтарды ауызсумен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджетке тиісті өтінім жолданған екен. Ал қалған шаруалар ретіне қарай біртіндеп еңсерілуде.
Округ бойынша соңғы бес жылда аса ауыр қылмыстар және жол апаты, бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша қылмыс тіркелмепті. Содан болуы керек, бұл ауылды былайғы жұрт «қылмыссыз ауыл» деп атайды.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА