Бас-жүлде-Аманғазы ақсақалда
Өткен аптада Әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінде ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Батаменен ел көгерер» тақырыбында ардагерлер арасында байқау өтті.
Байқауға ауданның әр ауылдық округінен жасы 63-тен асқан 11 қария қатысып, өзара бақ сынысты.Алдымен от ауызды, орақ тілді қариялар сахна төріне шақырылды. Қазақтың ұлттық киімін киіп, қолдарына қамшы, домбыраларын ұстаған қарияларға аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева өздерінің ақжарма тілектерін арнап, сәттілік тіледі.
Байқаудың шымылдығы «Асыл әжелер» тобының мүшесі, ақын Майра Сатыбалдиеваның сиясы кеппеген «Ағаларым» өлеңімен түрілді. Ал қазақтың ұлттық киімін киіп, сахнаға көтерілген «Асыл әжелер» ансамблі халық әні «Беу, айдайды» тамылжыта шырқап, байқауға қатысушы ардагерлердің де, залда отырған көрермендердің де көңілдерін бір көтеріп тастады.
Сайыс «Таныстыру», «Сұрақтарға жауап беру», «Мақал-мәтелдер айту», «Бата беру дәстүрі» бөлімдері бойынша өтті.«Таныстыру» бөлімінде Кеңес, Тегістік, Байзақ ауылдарынан келген Маратжан Юнусов, Аманғазы Халықов, Телмаханбет Қайнашов есімді ақсақалдардың таныстыруы сәтті шықты. Аты аталған ақсақалдар екінші, үшінші, төртінші бөлімдерде ұяшықтан таңдаған сандары бойынша қойылған сұрақтарға жауап беру, мақал-мәтел айту, бата беруде де өзгелерден оқ бойы озып шыққанын айта кетуіміз орынды болар.Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков басшылық жасаған қазылар алқасы байқауды жіті қадағалап, әділ бағасын шығарды.
Барлық бөлімдерде жоғары ұпайға қол жеткізген Тегістік ауылынан келген Аманғазы Халықов қария I орынды иеленіп, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды. Ал кеңестік Маратжан Юнусов пен байзақтық Телмаханбет Қайнашов II, III орындарды өзара бөлісті.
Жеңімпаз қарияларға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Ермеков арнайы сыйлықтар мен дипломдарды табыс етті. Басқа қатысушылар да марапаттан құралақан қалған жоқ. «AMANAT» партиясы аудандық филиалының бағалы сыйлығын аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шырын Қапарова кеңестік Маратжан Юнусов пен қызылжұлдыздық Мұса Айдыновқа табыс етті.
Сахнаға көтерілген өткен жылғы аудандық «Батамен ел көгерер» байқауының бас жүлдегері, түймекенттік Күнтуған Ақназаров жеңімпаздарды құттықтап, Аманғазы ақсақалға ақ жол тіледі.
Сүндетулла ӘБІЛОВ,
журналист,
Байзақ ауданы