Жамбыл жаңалықтары

"Жайлы мектеп" жобасы: құрылыс қарқыны баяу

Аймақ басшысы «Шөлдала» алқабындағы 600 орындық, «Бәйтерек» (13) ықшамауданындағы 1 200 орындық және «Ұлы дала» (15) ықшамауданындағы 2 000 және 1 200 орындық жаңа білім беру нысандарының құрылыс алаңына барды.«Шөлдала» алқабындағы 3 қабатты мектептің құрылысын «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың маусым айында басталған. 2024 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазіргі таңда жоспарлы жұмыстың 30 пайызы аяқталған.

 Ал «Бәйтерек» ықшамауданындағы жаңа білім беру ошағын «Integra Construction KZ» серіктестігі салып жатыр. Мектеп биылғы жылдың тамыз айында ел игілігіне беріледі. Бүгінде мұндағы жұмыстар 50 пайызға атқарылған. Сол секілді «Ұлы дала» ықшамауданындағы екі мектептің құрылысын «Отау Строй» және «Integra Construction KZ» құрылыс компаниялары жүргізуде. Ондағы құрылыс жұмыстары 40 пайызға орындалған.


Айта кетейік, 2024-2025 жылдары өңірде 41 білім беру нысанының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Оның 12-сі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ биыл 9 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.Сонымен қатар аймақ басшысы «Бәйтерек» ықшамауданындағы және Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы жайлы мектептердің құрылысын алдағы жаңа оқу жылына дейін аяқтауды тапсырды.Тараз қаласын аралау барысында облыс әкімі «Ұлы дала» ықшамауданындағы 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Пилоттық жоба аясында салынған тұрғын үйде барлық қолайлы жағдай қарастырылған. Уақыт пен қаржыны тиімді пайдаланған әдіс өзінің оң нәтижесін көрсетуде.Облыс әкімі алдағы уақытта тұрғын үй құрылысында осы жобаның мүмкіндіктерін қолдану шаралары қаралатынын баса айтты.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі