Ісі озық оңалту орталығы
Өткен аптада облыстық қан орталығында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен «Денсаулық сақтау саласындағы үздік ұйымдастырушы» атты медицина қызметкерлері арасында облыстық байқау өткен болатын. Кәсіби құзыреттіліктері мен көшбасшылық қасиеттері жоғары деңгейде қалыптасқан медицина қызметкерлерін анықтауды мақсат еткен байқаудың бас жүлдесін облыстық мамандандырылған оңалту орталығының бас дәрігері Төлеген Бүгібаев еншілеп, 500 мың теңге сыйақыға ие болды. Байқау аяқталып, адам аяғы басыла бере қуаныштан жүзі бал-бұл жайнап тұрған үздік дәрігерді жарқын жеңісімен құттықтап, әңгімеге тартып, өмір және еңбек жолымен танысқан едік.
Төлеген Тәкежанұлы 1989 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданында дүниеге келген. 2005 жылы Жамбыл жоғары медициналық колледжіне оқуға түсіп, 2009 жылы «Емдеу ісі» мамандығын алып шығады. 2009-2014 жылдар аралығында Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Жалпы медицина» мамандығы бойынша білім алады. 2014 жылы интернатураға түсіп, 2016 жылы «Жалпы практикалық дәрігер» мамандығының иесі атанады.«Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша медицина ғылымдарының магистрі еңбек жолын 2005 жылы Тараз қалалық жедел жәрдем стансасында көшпелі бригаданың санитары болып бастайды.
2012 жылы Алматы қаласындағы жедел жәрдем стансасында травматология бөлімінде мейіраға, Алматы қалалық кардиология орталығында реанимация және интенсивті терапия бөлімінде мейіраға қызметтерін атқарған. 2016-2018 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде еңбек еткен кейіпкеріміз бірден білікті маман ретінде көзге түседі. Министрліктің өкілі ретінде ЭКСПО-2017 көрмесінде берілген тапсырмалар мен жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындап, сол кездері ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың Алғыс хатын алған. 2022 жылдың қыркүйек айында облыстық мамандандырылған оңалту орталығының бас дәрігері болып тағайындалып, жауапкершілік жүгін абыроймен атқарып келеді.Дәрігерге артылатын сенім жүгі салмақты.
Білікті дәрігер болу үшін өзіңді үнемі жетілдіріп отыру керексің. Өйткені қабілет жетілдірудің арқасында қалыптасады. Біздің қателесуге хақымыз жоқ. «Білмей қалыппын», «енді қайталанбайды» деген секілді жауаптар дәрігердің лексиконында болмауы керек.Ал мамандандырылған оңалту орталығында 85 маман жұмыс істейді. Орталықта емделушілерге барлық жағдай жасалған. Біздің негізгі қызметіміз – неврология, нейрохирургия, кардиохирургия, травматология, ортопедия, пульмонология профильдері бойынша ересектер мен балаларды оңалту. Орталық 3 қабатты типтік ғимаратта орналасқан. Негізі мекеме 2016 жылы Байзақ аудандық туберкулезге қарсы аурухана болып ашылған. 2019 жылдан бері облыстық мамандандырылған оңалту орталығы болып жұмыс істейді, – деді Т.Бүгібаев.Орталықтың екі тізгін, бір шылбырын Төлеген Тәкежанұлы қолға алғалы еңбекке қабілетті жастағы мүгедектікті төмендету және мүмкіндігі шектеулі пациенттердің өмір сүру сапасын жақсарту бойынша арнайы жоба дайындалыпты.
Жоба 2023 жылдың наурыз айында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына ұсынылған. Арада бірнеше ай өткенде қор тарапынан қолдау тауып, Жол картасы әзірленген. Жоба бойынша орталықтың 4 дәрігері және 5 емдік денешынықтыру мейіргері Литва мемлекетіндегі Кауно Клиникос университетінің білікті мамандарымен тәжірибе алмасып келіпті. Жобаның келесі кезеңі орталықты медициналық оңалту құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етуді көздейді. 2024 жылы аяқталатын жобаның іске асырылуы орталықтың стратегиялық дамуына, қаржылық тұрақтылықты қалыптастыруына және медицина мамандарының біліктілігін үнемі арттыруына үлесін қосады.
Төлеген Тәкежанұлының айтуынша, оңалту орталығы тірек-қимыл аппаратында ақауы бар, инсульт, инфаркт, омыртқа жарақаты, остреохондроз және басқа да аурулармен ауыратын науқастарды оңалту үшін құрылған. Мұнда сүйектерге қойылған эндопротезден кейін, жүрекке жасалған отадан соң, өкпенің зақымдануынан соң оңалту ем-шаралары жүргізіледі. Дәрігердің нұсқаулығымен магнитотерапия, ультрадыбыстық терапия, лазерлік терапия, биаптрон, массаж, хирудотерапия, белсенді және пассивті кинезотерапия, балшықпен емдеу, парафин, СПА процедуралары және логопед, емдік денешынықтыру қызметтерін алуға болады
Айта кетейік, оңалту орталығында мультитәртіптік команда жұмыс істейді. Мультитәртіптік команда дегеніміз – медициналық реабилитология бойынша дайындығы бар және кешенді оңалту іс-шараларын көрсететін әртүрлі мамандар тобы. Команданың негізгі мақсаты – оңалту орталығына түскен әрбір пациентпен жеке жұмыс істеу.Төлеген Тәкежанұлының сөзіне сүйенсек, инсульт алғаннан кейінгі бастапқы үш айды тиімді пайдалану керек.
Ем дұрыс болса, үш айда адамның өмірін сақтап қана қоймай, ағзаның қызметі бұзылған біршама функциясын қалпына келтіруге болады. Орталықта мұндай пациенттерге білікті психологтар, логопедтер, физиотерапевтер, емдік-шынығу нұсқаушылары және тағы да басқа мамандар қызмет көрсетеді екен.Пациенттер орталықта орта есеппен 10 күн емделеді және күн сайын денсаулықты қалпына келтіретін ем-шараларды үздіксіз алып отырады.
Массаж, физиотерапия, кинезиотерапия сеанстарынан өтіп, логопед, емдік денешынықтыру мамандарымен жұмыс істейді. Жаттығу залы түрлі заманауи қондырғылармен жабдықталған. Пациенттердің туыстары науқасты дұрыс күтіп-баптау сырларын да үйрене алады.P.S:Денсаулық үшін – мемлекет немесе медицина саласы емес, ең алдымен, өзіміз жауаптымыз. Денсаулығымызға мұқият болып, дәрігерлердің бас ауырып, балтыр сыздағанда ғана емес, жай күндері де қадірін білейік!
Эльмира Байназарова