Әлеумет

Цифрлық картаның септігі мол

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік қолдау шараларын проактивті тағайындау үшін жұмыс режимінде Отбасының цифрлық картасы іске қосылды.

Отбасының цифрлық картасы – еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры. ОЦК «Smart Data Ukimet» аналитикалық жүйесімен интеграцияланған. Жүйеде мемлекеттік органдардың барлық дерекқоры жинақталған. Онда табыс деңгейі, жылжымалы және жылжымайтын мүліктің, кредиттің болуы, отбасы құрамы және осы секілді әртүрлі ақпарат қамтылған. Дерекқорды енгізудегі мақсат – халықтың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қол жеткізуін қамтамасыз ету. Яғни қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондықтан Кодексте, біріншіден, Отбасылық цифрлық карта мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақмерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленді. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алады.


Екіншіден – карта отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесіне және әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электронды жаршы қызметін атқарады. Мұндай ақпарат әр отбасына мемлекеттік орган тарапынан SMS-хабарлама түрінде жіберіліп отырады.Сонымен бірге мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізіледі. Яғни азаматтарға әлеуметтік төлем мен көмек ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде тағайындалып, қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылады. Жүйеде қателіктер кеткен жағдайда азаматтар жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгініп, цифрлық картаға өзгеріс енгізе алады. 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, осы деректер арқылы әл-ауқатты бағалауға және қадағалауға мүмкіндік беретін талдау жүргізіледі.

Осы орайда облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов Отбасының цифрлық картасын енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Облыста 2022 жылдың қазан айынан бастап Отбасының цифрлық картасы пилоттық режимде енгізіле бастаған.Цифрлық картадан көпбалалы отбасылардың түрлі әлеуметтік сын-қатерге тап болуы ықтималдығы жоғары екендігі анықталды.

Сондықтан балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы жүйесін сақтай отырып, балаларды қорғаудың қосымша атаулы шаралары қарастырылуда.Осы бағыттағы тағы бір маңызды өзгеріс атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық табыс деңгейі арқылы анықталатын болады.Егер күнкөріс деңгейі адамның физиологиялық қалпына келуін қамтамасыз ететін болса, медиандық табыс – жалпы халықтың нақты тұтынушылық шығындарын жабатын орташа күнкөріс табысы.2025 жылдан атаулы әлеуметтік көмек медиандық немесе жалпыхалықтық орташа табыстан төмен табысы бар азаматтарға беріледі. Әрине, оның сомасы қомақты және атаулы шаралармен бірге беріліп, отбасыларына қиын өмірлік жағдайдан шығу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Аталған пилоттық жоба 2022 жылдың екінші жартысында іске қосылды. Бүгінгі күнге 24 270 отбасына SMS-хабарлама жолданып, атаулы әлеуметтік көмек 427 отбасына ғана тағайындалды. Ал 21 072 отбасыға белгілі себептерге байланысты тағайындалмады. Мәселен, кейбіреулері тіркелген үйде тұрмай шықса, енді бірінің тұрмыс жағдайлары жоғары болды, тіпті арасында жұмысқа жолдау арқылы жәрдемақы төлеуге келісім бермегендер де болды, – дейді басқарма басшысы.Министрлік өкілдерінің айтуынша, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алуға мүмкіндік берілді. 2025 жылға қарай цифрлық картамен әлеуметтік, денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылады.Сонымен қатар азаматтардың әлеуметтік статусына қарай мемлекет тарапынан берілетін кепілдендірілген көмек проактивті форматта ұсынылады. 

                                                                                                                                                                                                                                                            Айжан ӨЗБЕКОВА