Жастар

Дарынды балалар сайысқа түсті

Жастардың шығармашылығын шыңдап, ойлау қабілетін дамыту мақсатында Меркі ауданындағы білім мекемелерінде робототехника бойынша тұрақты түрде байқаулар өткізіліп тұрады. Мәселен, жуырда №9 Меркі колледжі ұйымдастырған «Juniorskills Merke-2024» байқауының да жастарға берері мол болды

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауды өткізудегі негізгі мақсат – оқушыларға кәсіби бағдар беру, ғылыми-техникалық шығармашылығын танымал етіп, инженерлік мамандықтардың беделін арттыру екенін және дарынды балаларды анықтап, қолдау көрсету. 

Байқаудың ең басты ерекшелігі – кезеңдері мен өткізілу форматының ұлттық ойындармен үйлестірілгені. 8-9-сынып оқушылары арасында өткен сайысқа ауданның білім мекемелерінен 16 команда қатысып, «Арқан тартыс» және «Қыз қуу» кезеңдері бойынша сынға түсті.

Өнертапқыштар байқауының әділ өтуін ІТ-саласының мамандарынан құралған арнайы комиссия тобы қадағалап, қазылық жасады. Байқау шарттары бойынша қатысушылар жасаған роботтардың салмағын өлшеп, техникалық ахуалына бақылау жасады.

Байқау қорытындысымен «Қыз қуу» категориясы бойынша Т.Қожекеев атындағы №39 мектеп-гимназияның, «Арқан тартыс» категориясында №16 мектептің командалары жеңімпаз атанды.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ