Жаңалықтар

Сапалы стартаптар шоғыры

Инновация – экономиканың басты драйвері. Кейінгі жылдары отандық инновация саласына көбірек көңіл бөлініп, біршама серпіліс жасалды. Біздің стартаптар шетелден миллиондаған инвестиция тартып, биік белестерді бағындырып жүр. Солардың аяқ алысын саралап көрейік.

ТАБИҒИ АПАТТАРҒА БОЛЖАМ ЖАСАЙДЫ

Табиғи апаттардың алдын алу және олардың салдарын басқару бойынша шешімдерді әзірлейтін отандық «SpaceLab» стартапы Калифорнияда «келешегі зор» стартап атанды. Сонымен қатар «F6S» жаһандық қауымдастығының мәліметтеріне сәйкес, Кремний алқабының астанасы Пало-Альто қаласындағы ең үздік стартаптардың бестігіне енді.«F6S» – қаржыландыруға, акселерациялық бағдарламалар, жұмыс орындар, гранттар, басқа да көптеген мүмкіндік ұсынатын ең үлкен стартап алаңы. Платформада әлемнің әртүрлі елінен мыңнан астам акселерациялық бағдарламалар мен қорлар ұсынылған. Платформаны пайдаланатын 11 мыңнан астам стартап 3,3 миллиард инвестиция жинады. Бізге ғарыштық стартаптардың қатарына кіргенімізді айтқан кезде мен әзіл деп ойладым. Қатты таңғалдым. Өйткені «F6S» – 2,5 миллионнан астам стартап пен құрылтайшы тіркелген жетекші желі. Ал біз ғарыш қызметі саласындағы жас компаниялардың бірі ғанамыз. Бәсекеге қабілетті, әлемдік индустриядағы халықаралық кәсіби қоғамдастықтан осындай баға алу – маңызды мотивациялық фактор. Әрине, бізге одан әрі дамуға серпін берді, – деді «SpaceLab» компаниясының өнім және бизнесті дамыту жөніндегі директоры Дәурен Әубәкіров. «SpaceLab» спутниктік желілерді қолдана отырып, сенімді деректерді беру шешімін ұсынады.

Негізгі артықшылығының бірі – әлемнің кез келген нүктесінен деректерді тасымалдауға мүмкіндік береді. Жаһанды қамти алады. Сонымен қатар «SpaceLab» шешімі әртүрлі спутниктік желілермен үйлесімді әрі бизнестегі таңдау еркіндігін қамтамасыз етеді. Өткен жылы «Astana Hub» резиденті бола отырып, біз «өте маңызды заттар интернеті» тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс бастадық. Мемлекет пен бизнестегі құнды нысандарға орналастырылған персоналдың, компьютерлердің, датчиктер мен контроллерлердің байланысын зерттедік. Мысалы, оның ішінде далада жауын-шашын мөлшері, топырақтың жай-күйін бақылау, су тасқыны туралы болжамдар бар, – деді стартап басшысы Арман Бекембаев. Бүгінде «SpaceLab» жобаны енгізуге телекоммуникациялық, тау-кен өндіру және медициналық компанияларды қоса алғанда, отандық ұйымдармен келісімдер жасалып жатыр.

«EGISTIC» ФЕРМЕРЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСЕДІ

Жандос Керімқұлов «Egistic» стартапының негізін қалаған. Ол фермерлерге аэроғарыштық суреттер арқылы мал жайылатын өрістің жай-күйін бақылауға көмектеседі. Спутниктік суреттердің арқасында қажетсіз арамшөптер, өсімдік жапырақтарындағы ылғал мөлшері немесе пайдалы дақылдардың тым баяу өсуі туралы нақты ақпарат алуға болады.Жандос 2017 жылы аэроғарыштық суреттерді өңдеудегі тәжірибесін қай жерде қолдана алатынын зерттей бастаған. Зерттеу барысында өзінің елге пайда тигізетінін түсінген. Сондықтан ауылшаруашылығы мен цифрлық саланы біріктіруді таңдаған. Ол жасаған «Egistic» – ауылшаруашылығын басқарудың цифрлық жүйесі. Ғарыштан түсірілген суреттерге сүйене отырып, топырақ пен онда өсетін өсімдіктердің жай-күйіне талдау жасайды. Тіпті өсімдік жапырақтарындағы ылғалдылық, азот, хлорофилл көрсеткіштері, учаскелердің бітелу дәрежесі, инфекция ошақтарын қамтиды. Өсу үдерісінде компания стартаптың жұмысын жетілдірді. Енді ол далада жұмыс істейтін техникалық бақылау жүйелерін, агроөнеркәсіптік кешенді есепке алу мен жоспарлауды да қамтамасыз етеді. Қазір тұқымдар мен тыңайтқыштарды сататын маркетплейстер, сондай-ақ техниканы жөндеуге, мамандарды жалдауға арналған қызметтер енгізіліп жатыр.

 2019 жылы «Egictic»-тің алғашқы нұсқасы дайын болды. Бұл – өте қарапайым бағдарламалық жасақтама. Онда фермер өз жерін кадастрдан табады, белгілі бір аумақта өсетін барлық ауылшаруашылық дақылдар мен жалпы топырақ жағдайы туралы дайын сараптама алады. 2022 жылдың соңында жалпы аумағы 900 мың гектар болатын шаруашылық бойынша талдау ұсындық. Бір жыл бұрын олар Ресейде ұсынылды, сондай-ақ Украинаға, ТМД елдеріне шығу жоспарлары болды, бірақ соғыс бәрін өзгертті, – деді Жандос. Спутник негізінен аэроғарыштық суреттерді түсіруі керек. Күніне ол шамамен 10-20 минут түсіре алады. Қысқаша айтқанда, белгілі бір сәтте камераны қосып, оны қажетті нүктеге бағыттап, содан кейін іс жүруі қажет. Спутникті басқару үшін сол кезде базада болмаған еліміздің заманауи картасы қажет болған. Жандос Керімқұлов бұл деректерді жаңарту үдерісін автоматтандыру арқылы жүргізген.

«SEZIM»-МЕН СЕЗІН

Қазір психологиялық көмекке мұқтаж жандар көп. Бірақ уақыт жетіспеуінен немесе ұялғаннан бас тартады. Солай дертін асқындырып алады. Дер кезінде емделмеген жан ауруы көптеген ауыр салдарға әкеледі. Оны әлеуметтік мәселелерден көріп те жүрміз. Бұл түйткілдің шешімін Алан Ибрагим «Sezim» платформасы арқылы шешуге тырысқан. Ол 3 жыл бұрын психологтар мен психотерапевтер онлайн қызмет көрсететін «Sezim» стартапын іске қосты. Басты мақсаты – сапалы терапияны қолжетімді, ал қызметке жүгіну үдерісін барынша қарапайым ету болатын. Осыған дейін платформаны 5 мыңнан аса адам қолданып, психологиялық көмекке жүгінген. Оның басты ерекшелігі – психологке жүгіну үшін ешқандай кедергі жоқ, онлайн өтеді, арада менеджер деген сияқты делдалдар да жоқ. Қолданушы веб-сайтқа өтіп, «Психологті таңдау» түймесін басып, белгілерді таңдап, қажетті маман тәжірибесін, қызмет құнын көрсетсе, жүйе ыңғайлы 5-6 психологтің аты-жөнін береді. Содан кейін олардың профилімен танысып, пікірлерді оқып, ыңғайлы уақытта сөйлесе алады.Елімізде қиындыққа тап болған жандар психологке барудан қорқады. Айналасы да «қиындықты өзің шешесің» дейді. Қоғам арнайы маманға баруды әлсіздікке теңейді. Кейбір мәселелерді бастан өткерудің қажеті жоқ екенін, сізді тыңдап, қиын жағдайдан еш ауыртпалықсыз шығуға көмектесетін маманмен бөлісуге болатынын түсінбейді. Нәтижесінде адамдар жан күйзелісін мойындаудан қорқады. Былтыр үлкен әлеуметтік зерттеу жүргіздік.

Еліміздің түрлі қаласындағы мыңдаған тұрғыннан жауап алдық. Азаматтарымыздың 3,7 пайызы ғана қайсыбір жағдайда психологке жүгінгені анықталды. Сөйте тұра психологияның қажет екенін түсінетіндер әлдеқайда көп – 34 пайыз. Олардың бір бөлігі кәсіби мамандарға жүгінуге дайын. Бірақ қоғамда бұл тақырып кемшілік саналғандықтан бармай жүр, – дейді платформа негізін қалаушы.Командада кәсіби университеттік білімі мен 3 жылдық тәжірибесі бар психологтар ғана жұмыс істейді. Жұмысқа алынбас бұрын маман этикалық кодекс талаптарын түсінуі мен сәйкестігіне қатысты тестілеуден өтеді. Платформа қызметінің сапасына байланысты Алан: «Тексерістен сәтті өтсе, платформаға қосылады. Бақылау мұнымен бітпейді. Біз платформаны пайдаланушылардан психолог туралы пікір қалдыруды, әр сессияның сапасын бағалауды сұраймыз. Сонымен қатар «құпия сатып алушы» әдісін қолданамыз: біздің мамандардың бірі клиент атын жамылып, сеансқа келіп, кері байланыс береді. Қазір біздің базадағы мамандардың 95 пайызы – отандастарымыз. Платформада 67 белсенді психолог бар, ал тіркелген психологтардың жалпы саны жүзден аспайды», – деді. ОЙЫН АРҚЫЛЫ ОҚЫТУ Қазбек Сағидолда мен Алтынбек Сұлтанқұлов ойын арқылы оқытудың ерекше тәсіліне көшкен. Олар балаларға арналған «iBars-Kids» білім платформасын ойлап тапқан.Бұл – 2-5 жас аралығындағы балаларға арналған мобильді қосымша. Ойын арқылы балаға эмоционалды әсер етіп, тұлғалық мүмкіндіктерін аша түседі.

«Ibars» мобильді ойынының өзіндік ерекшелігі бар. Ең басты ерекшелігі – түпкі идеясы мен тапсырманың түпнұсқасы қазақ тілінде жасалған. Тамыры қазақ тілімен суарылған. Демек жемісі де ана тілімізде шықпақ. Келесі ерекшелігі – бала ойынды ұзақ уақыт ойнаған жағдайда таймер мен дыбыстық хабарлама шығып отырады. Бұл хабарлама біріншіден, балаға әсер етсе, екіншіден, ата-анаға да дабыл береді.Бүгінде ойынды тұрақты түрде қолданатын 3 мыңнан астам қолданушы бар. Қосымшада «Ата-аналарға кеңес» деген бөлім жасақталған. Сол жерде 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға қанша минут қолдану керектігі көрсетілген. Әр жас ерекшелігіне сәйкес қолдану ұзақтығы жазулы тұр. Бізде осыған қатысты түрлі ой болды. Мәселен, 2 жастағы бала 15 минут қолдану керек болса, 15 минуттан кейін телефонды блоктап немесе өшіріп тастау. Бірақ бала ең қызықты тұсына келгенде блокталса, онда бұл керісінше агрессия тудыруы мүмкін. Сол үшін біз дыбыстық сүйемелдеудің мүмкіндігін пайдаландық. Әр 15 минут өткесін «балақай, үзіліс уақыты келді» деген дыбыстық хабарламалар айтылады, – деді идея авторы. Оқытудағы ойын тәсілі дәстүрлі әдістермен салыстырғанда өзінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген.

Осының нәтижесінде іш пыстырарлық тапсырмалар қызықты бола түседі, ал қиын тапсырмалар қарапайым болады. Ойын баланы үдеріске тартып, ақпаратты қабылдауды жеңілдетеді. Оқудың жемісін көру үшін мына үш элементтің үйлесімі керек: 10 пайыз – теорияны зерттеу, 20 пайыз – кері байланыс және кәсіби бақылаулар, 70 пайыз – тәжірибе. Геймификация тәжірибеге баса назар аударады. Оқытудағы геймификация тек дайын ойындарды пайдалануды ғана емес, сонымен бірге бүкіл оқу үдерісін ойынға айналдыруды білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда «Ibars» қосымшасы ТМД елдеріндегі өзге платформалардан оқ бойы озық тұр.

                                                                                                                                                                                                                                                                   Елігімай ТӨҢКЕР,
                                                                                                                                                                                                                                                                                журналист