Бұл фестиваль басқалардан өзгерек
23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Көне Тараз» этномәдени кешеніндегі «Көркемсурет» галереясында «Art & Science: білімге деген құштарлық» Jambyl book fest кітап фестивалі басталды. Фестиваль екі күнге жалғасады.
Мәні мен маңызы зор іс-шара шеңберінде «Алқа», «Қасым», «Таймс», «Отбасы хрестоматиясы» сынды баспалар мен «Букинист», «Кіtаpаl», «Шерхан Мұртаза» кітап дүкендерінің өкілдері кітаптарын таныстырып, саудалады. Кітап жәрмеңкесіне белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар, танымал тұлғалар қатысуда. Екі күн бойы галереяда жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, түрлі тақырыптар аясында тренингтер, акциялар, ойын-сауық бағдарламалар ұйымдастырылады.
2013 жылдан бері «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен кітаптар шығаратын қоғамдық қордың директоры Бағдат Құдияр кітап фестивалін өткізудің тәрбиелік маңызы зор екенін айтады.
– Осы уақытқа дейін баспадан 60-тан аса кітап шығардық. Кітаптарымыздың барлығы бестселлер. Тараз қаласында өтіп жатқан фестивальға жақында ғана жарық көріп, үш айдың ішінде 30 мың данамен сатылған «Өзбекәлі» және «Мәдени майдан», соңғы шыққан «Мамандықтың мәні», бұрынырақта шыққан «Бейсен болмыс», «Балалықтан даналыққа», «Әлдиден эпосқа дейін» сынды бірнеше кітабымызды әкелдік. Жалпы командада оншақты адам жұмыс істейді.
Іс-шарада бірқатар қаламгердің кітаптарының тұсаукесері өтті. Арасында жергілікті ақын-жазушылар да бар. Мәселен, жуырда баспадан басылып шығып, кітап жәрмеңкесінде оқырманға жол тартқан «Арал – әлем тағдыры» өлеңдер мен толғаулар жинағына оқырмандар тарапынан сұраныс жоғары болды. Кітап авторы Мақсым Боқаев еңбегінде экологиялық аймақтың бүгіні мен болашағы турасында толғапты.
Айта кетейік, кітап жәрмеңкесі 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді.Фестивальда кітапқұмар оқырмандар ойларын бір арнада тоғыстырып, сүйікті кітаптарын сатып алып, арқа-жарқа болуда.
Эльмира ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ