Биыл ауыл тұрғындарының 98,1 пайызы ауызсумен қамтылады
Өз кезегінде облыс әкімі құрылысы кестеден кешіккен нысандар бойынша тиісті аудан басшыларынан жауап алды. Мәселен, Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтың айтуынша, Бәйтерек ауылдық округінің орталығы Қосақ ауылындағы олқылық мердігердің жауапсыздығынан болған
Құрылыс жұмыстарының қарқыны баяу болғаны соншалық, екі жылдан бері ауызсу құбыры толық тартылмаған.
Соңғы уәде бойынша мердігер мамыр айында нысанды іске қосу керек болғанымен құрылыс жұмыстары тоқтап тұрған көрінеді. 1 мамырдан кейін аудан әкімдігі жауапсыз мердігерді сотқа бермекші. Сол секілді Т.Рысқұлов ауданындағы Жарлысу ауылын ауызсумен қамтамасыз ету жұмысы 2021 жылы қолға алынған. Бірақ тұрғындар ауызсумен әлі күнге қауыша алмай отыр.
– «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 414 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмысын жүргізуді «Жігер-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған еді. Аталған серіктестікке қатысты бір жарым жылдан бері тиісті құқық қорғау органдары арқылы тексеру жұмыстары жүргізіліп келеді. Ақпан айының соңында сот шешімі шықты. Компанияның ұңғыманы талапқа сай тереңдікте қазбағаны анықталды. Қазіргі таңда серіктестік өз қаражаты есебінен «Жамбылгорстрой» компаниясымен келісімшартқа отырып, қазір ұңғыма қазылып жатыр. Ұңғыма 171 метр тереңдікке жетті. Жердің қаттылығына байланысты күніне ұңғыма 2-3 метр тереңдікте ғана қазылуда. Алдағы 15-20 күнде тиісті тереңдікке жетеді деп күтілуде. Бір айта кетерлігі, бұған дейін қазылған екі ұңғымада да су жоқ. Оның біреуі – 158, тағы бірі 168 метр тереңдікте қазылған болатын. Негізі құжат бойынша ұңғыма 200 метр тереңдікте қазылуы керек. Нәтижесін алдағы уақытта қосымша баяндайтын боламын, – деді Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов.Жиында облыс әкімі осы тектес олқылықтар бойынша жауаптыларға сын-ескертпелер беріп, істі ширату керектігін еске салды. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтен шаһардағы №11 аумақтық округке қарасты «Құмшағал», «Шөлдала», «Казарма» алқаптарының тұрғындарын ауызсумен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыс жайын сұрады.«Мердігер өз міндетін тиісті деңгейде атқармады, жұмысты дұрыс жүргізбеді, салдарынан біз жобаларды іске асыра алмай отырмыз» деген сылтаулар негізі қабылданбайды. Мердігер жұмысты міндетіне сай атқармаса, сіздер қайда қарап жүрсіздер? Қажет болса, апта сайын мердігерлерді жинап, жауапты мамандармен бірге құрылыс нысанының басына барып, жағдайды зерделеңіздер, жұмыстың жүруін қадағалаңыздар. Қазір жаңа құрылыс маусымы басталды. Әрбір жобаны тікелей қадағалауға алыңыздар. Жыл аяғында мұндай сылтау айтылмайтын болсын. Өз міндетін дұрыс атқармаған, жауапкершілікті сезінбеген мердігерлерді заң аясында сотқа беріңіздер. Әрбір нысанның құрылысы сапалы әрі өз мерзімінде тапсырылуы тиіс, – деді Е.Қарашөкеев.Бұдан кейін облыста су тасқыны бола қалған жағдайда оның алдын алу, салдарын жою мәселесі қаралды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов баяндама жасап, өңірдегі өзен-көлдерге жүргізілген зерделеу жұмысының нәтижесіне тоқталып, кемшіліктерді жіпке тізді.
Көтерілген мәселе бойынша аймақ басшысы жауаптыларға бірқатар міндеттеме жүктеді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ