"Дәрігер шақыр деп бірнеше рет айттым": Бишімбаев жүгінген көріпкел сотта жауап берді
Ол бірнәрсе білгісі келсе, "Қарап беріңізші" деп өтінетін
Астана сотында экс министр Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот жалғасып жатыр.
Бүгінгі сот отырысында Бишімбаев қайғылы оқиға болған күні хабарласқан көріпкел Гүлнар Ережепова онлайн форматта жауап беріп жатыр.
Көріпкел Қуандықпен оның анасы арқылы танысқанын, айына 1-2 рет хабарласып, жұмысы, кәсібі туралы сұрайтынын айтты.
"Мен – тарологпын. Ол бірнәрсе білгісі келсе, "Қарап беріңізші" деп өтінетін", – дейді Г.Ережепова.
Мемлекеттік айыптаушы одан қайғылы оқиға болған күні Бишімбаевтың хабарласқан сәтін баяндауды сұрады.
"Уақытын нақты білмеймін. Төртттер шамасы болса керек. Ол маған "Салтанатпен түнімен ішіп, қатты төбелестік" деп хабарласты. Мен оның ішіп алғанын байқадым. Оның сөзіне мән бермедім. "Маған неге хабарласып тұрсың?" дедім. Қатты төбелестік дегенді естіген соң, "Дәрігерге хабарлас, жедел жәрдем шақыр" деп айттым. Мен мұны бірден айттым. "Дәрігерге апар" дедім. Қазір жеке дәрігерлер көп қой. Ол "Қазір ұйықтап жатыр, демалуда. Қарап беріңізші" деп өтінді", – дейді Г.Ережепова.
Гүлнар Ережепова Бишімбаевқа оған емес, дәрігердің көмегіне жүгіну керек екенін бірнеше рет айттым дейді.
"Ол ішіп алғанын байқадым. Мән беріп қарамадым. "Оның қалы жақсы деп айтыңызшы, жағдайы жақсы деп айтыңызшы. Сонда мен тыныш боламын" деді. Ол маза бермейтін адам ғой. Ол маған көп хабарласты. Тұтқаны көтермей қойдым. Сосын жаза бастады. "Ол өз-өзіне келеді. Қайдағы жедел жәрдем?" деді. Мен "Дәрігер шақыр, жедел жәрдем шақыр" деп қанша рет айтып, тұтқаны тастай салдым", – дейді Г.Ережепова.