Руханият

Меркідегі жәдігерлер мемлекет назарында

Археологиялық қазбалар – адамзат тарихының ең құнды жәдігерлері. Өйткені жер бетіндегі түрлі халықтар өз жетістіктерін тарихи ескерткіштердің бетіне қашау арқылы, жерге көму арқылы ұрпақтарына мол мұра қалдырды. Ал оны қазып, зерттеушілер сол дәуірдегі адамдардың қалыптастырған мәдениеттерінің қаншалықты дәрежеде болғанын біліп, болжам жасай алды. Сол тарихи жәдігерлер бүгінде дүниежүзілік маңызы бар мұраға, мақтанышқа айналуда.

Дала мәдениетінің бір ерекшелігі – адам мен табиғат арасындағы тылсым қарым-қатынасында. Қазақ даласын мыңжылдықтар бойы қоныстанған халықтар өзінің туып-өскен жерін қызғыштай қорып, кие тұтқан. Осындай тарихы терең, табиғаты тамаша, қасиетті өңірдің бірі – Меркі. Осынау өлкені бағзы замандардан бері мекен еткен ежелгі тұрғындардың тұрмысы мен тіршілігінен хабар беретін ескерткіштер қалған.Жетісудағы түркілердің мемориалдық ғажайып ескерткіштер ретінде жерлеу объектілерінің комплекстерін, шағын храм-ғибадатханаларды атауға болады. Олар мыңдаған жыл бойы түрлі салт-дәстүрлерді өткізу орны болды. Меркі өзенінің жоғарғы жағындағы биік таулы шалғынында орналасқан түркілер ғибадатханасы сол қалпында сақталған деуге тұрады. 

2000 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология және этнология институтының экспедициялық тобына жетекшілік еткен Айман Досымбаева «Меркі 8» деп аталған жаңа діни-нанымдық кешенді тапқан болатын. 2001 жылы ескерткіштің құжаттары заңдастырылып, мемлекеттік тізімге енгізілді. Меркі өзенінің жоғарғы ағысында тас мүсіндері бар түркі ғибадатханасы территориясында және Ойтал өзенінің сол жағалауында, сондай-ақ Меркі ауылының шет жағындағы бөктерден петроглифтер, таңбалар және руникалық жазулар табылды. Бірнеше таңбадан тұратын көне түркі руникалық жазуды профессор А.Аманжолов оқып, онда «Менің өлімім – қайғы» деп жазылғанын анықтаған болатын.

Кешен облыстық жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген.Орталық Азияның далалық мәдениетіне тән жерлеу орындары мен қайталанбас өнер туындылары түрік халықтарының ерекше культтік және мемориалдық ескерткіштері бо­лып табылады. Бұл таңғажайып туындыларды дүниеге әкелген жергілікті халықтың, бір жағынан, ата-бабалар рухына деген құрметі болса, екінші жағынан, олардың дүниеге деген көзқарасы және өздері өмір сүріп отырған қоршаған табиғатпен байланысын байқатады.

Ежелгі түріктер заңғар көкті, жер мен суды тіршіліктің көзі деп білген. Барлық қоршаған орта, тау, бұлақ, ағаш, жан-жануарлардың рухы бар деп саналып, табыну нысандары болды. Сондықтан олар тіршілігіне жайлы мекенді киелі жер санап, құрмет тұтты. Ата-бабаларының құрметіне арнап тас мүсіндер мен балбалдар орнатты. Ол жерде жыл мезгілі ауысқан кезеңдерде мейрамдар өткізіп, осы бір ерекше сәттерді бейнелеп есте қаларлық суреттер салған. Кейін осы жерге келіп салт-жоралғылар өткізіп, еске алған.

Меркі ауданында 224 тарихи және мәдени ескерткіш бар. Олардың 73-і жергілікті дәрежеде, біреуі республикалық дәрежеде қорғалатын, қалған 150-і тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізіміне енген.
224 тарихи және мәдени ескерткіштің 8-і архитектуралық, 176-сы археологиялық, 38-і монументалды ескерткіш, біреуі ескерткішке теңестірілген зират пен жерлеу орны болып саналады.
Меркі ауданы алғашқы болып 2022 жылдан бастап мәдени мұраларымыздың сақталып қалу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Нақтылап айтсақ, 2022 жылы 14 ескерткіштің құжаты заңдастырылса, 2024 жылы 7 ауылдық округте орналасқан 60 ескерткіштің құжатын заңдастыру жұмыстары жүргізілуде.Өткен тарихымыздың заттай деректері болатын бұл мәдени мұраларымызды болашақ ұрпақтың көзіне көрсетіп, қолына ұстатып, өткен тарихымен таныстыру біздің басты мақсатымыз, мойнымыздағы аманат деп есептейміз.

Талғат СҰЛТАНОВ,
Меркі аудандық тарихи-өлкетану
музейінің тарихи-мәдени ескерткіштерді
қорғау инспекторы