«Сушаруашылығына көзқарас 100 градусқа өзгерді»
Тұтас дүние су тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келгелі «Судың да сұрауы бар» деген тәмсілдің өміршеңдігіне көзіміз жете түсті. Ғалымдардың айтуынша, ғаламдық жылыну көптеген түйткілдің себепшісіне айналды. Демек, ендігі кезекте жауын-шашын, қар суын, өзен-көлмен бірге жер астындағы суды да есеппен игере білген елдің айы оңынан туғалы тұр. «Қазақ сушаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының докторы, академик Оразхан Қарлыхановпен сұхбатымыз су ресурстарын ұтымды басқару, үнеммен пайдалану мәселесі төңірегінде өрбіді.
– Оразхан Қарлыханұлы, су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдай сала мамандарының тәжірибесіздігін немесе жауаптылардың бейқамдығын көрсетіп бергендей. Себебі еліміздің бірқатар өңірі жыл сайын су тасқынынан зардап шегеді. Бірақ неге екені белгісіз, тасқынның алдын алу алгоритмі өзгермейді. Жалпы қызыл судың алдын алуға бола ма? Биылғыдай жағдай қайталанбас үшін не істеу керек?– Тасқын су дегеніміз не? Алдымен осы сұраққа анықтама беріп көрелік. Мәселен, қыста қардың түсуі, ерте көктемде еруі – табиғи құбылыс. Аспаннан түскен ақ ырыс жаңбырмен араласып, ерігенде қуатына қарай дүлей тасқын, толағай тасқын, бірқалыпты тасқын және қызыл су деп бөлінеді. Тасқын судың пайдасы да, зияны да түріне қарай әртүрлі болып келеді. Бірінші және екінші дәрежедегі тасқындардың зияны, келтіретін шығыны орасан зор болады. Тіпті пайдасы келтірілген шығынды жаба алмай қалуы ықтимал. Үшінші және төртінші дәрежедегі тасқындардың пайдасы зиянына қарағанда жоғары болады.
Тасқынның алдын алу жұмыстары қыста, көктемде емес, күзде жүргізілуі керек. Өйтпеген жағдайда, амал жоқ, тасқын болғанда салдарымен күресуге тура келеді.Негізі тасқын судың алдын алу алгоритмі тұрақты және сирек өзгереді. Өйткені тасқынның қарқыны мен күші, өту мерзімі, келтіретін зияны жыл сайын әртүрлі деңгейде болғанымен алдын алу шаралары стандартты болады. Алгоритм бойынша тасқынмен күресудің бірінші кезеңіндегі шараларды өзен мен сай-саланың суы азайған уақытта жүргізу керек. Бұл – негізгі және өте жауапты кезең. Осы кезеңде өзен арнасын, сай-саланы тазалап, қауіптің алдын алу керек.
Ал дайындықтың негізгі кезеңіне елді мекен маңындағы өзендердің арнасын кеңейту, судың жолын бөгейтін тосқауылдарды жою, тозығы жеткен немесе бұзылған гидротехникалық нысандарды жөндеу жұмыстары кіреді. Сондай-ақ дұрыс салынбаған өтімділігі төмен құрылымдарды алып тастау, көпірлердің, жол астынан өтетін су өткізгіш құрылымдарды тазарту, жағалауын бекіту, кеңейту де ұмыт қалдыруға болмайтын маңызды шаруалардың бірі. Сондай-ақ су өткізу қабілеті төмен нысандарды ретке келтіру, көпірлердің астын тазалау, жағалауларын бекіту, кеңейту жұмыстарын да ұмытуға болмайды. Бұдан бөлек су арналарындағы ретсіз салынған бөгеттерді жою керек. Жалпы тасқынға тосқауыл қою шаралары қар түспей тұрып жүргізілгені жөн. Осының бәрі тиісті алгоритмге сай жүргізілсе, көктемде қарғын су жағалаудағы елді мекендерге қауіп төндіре алмайды.
Бірінші кезеңдегі іс-шаралардың тыңғылықты және толық атқарылуы тасқынды үлкен шығынсыз өткізуге мүмкіндік береді. Мұндай дайындық Кеңес үкіметінің кезінде алдын ала бекітілген кесте бойынша толық орындалатын. Өкінішке қарай, қазір олай емес. Барлық дайындық, күш, қаражат, 1-2 ай бұрын тасқынның зардабымен күресуге, яғни қажетті техника мен инертті материалдарды, төтенше жағдай қызметінің жеке құрамын дайындауға, эвакуациялау пунктін іске қосу жұмыстарына жұмылдырылады. Екінші кезеңде су астында қалған елді мекен тұрғындарына көмектесу, эвакуациялау, бір сөзбен айтқанда, төтенше жағдайдың зардабын жою бойынша жұмыстар атқарылады. Осылайша тасқынның алдын алумен емес, зардабымен күресеміз. Бірақ осы қағида тасқын судың алдын алу алгоритмі есебінде бекітіліп кеткен. Нәтижесінде тасқынның алдын алу алгоритмінің бірінші кезеңі болмағандықтан екінші кезеңі зор шығынмен аяқталады. Жылда солай. Биыл да сол сценарий қайталануда.
Тасқынның алдын алу шараларын болашақта дұрыс жолға қою үшін, бірінші кезекте, өзен алабында орналасқан елді мекендердің орналасу орындарына, даму концепциясыныа толық түзету енгізу қажет.
«Қазақстан Республикасындағы елді мекендердің 2023-2027 жылдардағы даму концепциясы» туралы Президент Жарлығында елді мекендерде жылда қайталанып тұратын су тасқынына байланысты ешқандай шешім қарастырылмаған. Құжатта елді мекендерді дамыту схемасы толығымен қамтылған. Алайда су қауіпсіздігі, тасқыннан қорғану шаралары қамтылмаған. Елді мекендерді дамыту схемасында су тасқынының алдын алу, зиянын азайту шараларының кешенді схемасы болуы керек.Көктемдегі судың жиналу бағытын анықтау, судың жүретін жолын алдын ала тексерістен өткізіп, тазартып отыру, елді мекендердің су шайып кету қаупі бар жерлеріне тосқауыл-бөгеттер салу, тұрғындарды қажет болған жағдайда көшіру жайын ойластыру, бөгетті судың шайып немесе жарып кетуінен сақтау шараларын алдын ала пысықтау, судың жүретін табанынын қыру, су өткізгіштерді тасқын судың 10 пайыздық мөлшеріне сай ағынын ескере отырып салу да тасқыннан келер қауіптен қорғайды. Сонымен қатар облысаралық, ауданаралық автожолдардың астындағы су өткізу құбырларының өтімділігін тасқынның 1 пайыздық қамтамасыз етілген ағынына сәйкестендіру маңызды. Аталған шаралар елді мекендердің 1:25 000 масштабында орындалған картасында, тасқын ағынының көпжылдық динамикасын ескере отырып жасалуы қажет. Егер осы айтылған талаптар қатаң сақталып, іс-шаралары жүйелі жүргізілсе, апатты су тасқынының зардабын, адам өміріне қауіптілігін азайтады.
– Жер бетіндегі климаттың өзгеруінің қазіргі су тасқынына қандай да бір әсері бар ма?– Рас, жаhандық климаттың өзгеруі ерекше қарқын алды. Негізгі себебі – ауа температурасы көтерілді, ауаға көміртегі қоспасы шамадан тыс шығарылуда. Сонымен қатар ауада парниктік газ концентрацияы күрт көтерілді. Климаттың өзгеруі су ресурстарының көлеміне, таралуына және уақыт тәуелділігіне тікелей әсер етуде. Ең бастысы, Қазақстанның көптеген аймағында бұрын бірқалыпты өтетін табиғи құбылыстар режимі өзгерді. Құрғақшылық циклінің өзгерісі, су тасқынының бұрын байқалмайтын параметрлері, ауа райының минустан плюске және керісінше жылдам ауысуы, осының бәрі қазіргі проблемаларды туындатып отыр.
Климат өзгерісі мен су тасқыны арасында тығыз байланыс бар екені ғылымда бұрыннан белгілі қағида. Бірақ соған қаншалықты мән беріп, тасқынның теріс әсерін азайтуға бейімделе аламыз, бұл үлкен әрі шешімі табылмаған мәселе. Оның нәтижесін еліміздегі 2024 жылғы су тасқыны айқын көрсетіп берді. Ең бастысы, алдағы уақытта тасқынның алдын алу алгоритміне сәйкес тиісті шараларды іске қосып, оны қатаң бақылауда ұстау керек.– Былтыр облысымызда төтенше жағдай жарияланды. 7 ауданда қуаңшылық болғаны белгілі. Яғни өңір су тапшылығын өткір сезінеді. Ал елдің басқа өңірі қызыл суды қайда жіберерін білмейді. Екі проблема бір елде болып жатыр. Бұл «двойной стандарт» емес пе? Осы қарғын суды жинап, жазда неге ырзығын көрмеске? Жалпы бұл мүмкін дүние ме?
– «Двойной стандарттың» түп тамыры мынада. Егер осы тасқын судың алдын алу алгоритмін білсе де жауапты органдар бірінші сатыны іске асырмай, екінші сатыны күтіп отырса, бұл «двойной стандарттың» белгісі. Өйткені екінші сатыда төтенше жағдай орын алады. Оның зардабын жоюға кететін қаражат өте қомақты және оны тексеру өте күрделі. Кей жағдайда мүмкін емес. Яғни коррупциялық іс-әрекетке қолайлы жағдай туындайды.
Мысал есебінде айтайын, кезінде Қызылорда облысында Сырдария өзенінің тасуынан жыл сайын болатын тасқын ұзақ уақыт алгоритмнің екінші сатысы бойынша жүргізілді. Мамандар тарапынан айтылған «өзен арнасындағы құм қатты қайырланған тұстарды тазарту керек» деген ұсыныстар қабылданбады. Қаншама миллиардтаған қаражат алгоритмнің екінші сатысына жұмсалды. Нәтиже өте төмен және шығыны өте қымбатқа түскеннен кейін Үкімет тарапынан өзен арнасын механикалық жолмен тазарту жұмыстары басталды. Қазір процесс жолға қойылды. Өзен арнасы тазалана бастады. Басқа да ерте күзде басталуы тиіс тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Екінші – тасқын суды жинап, жаздағы қажеттілікке жұмсау күн тәртібінде тұрған мәселе. Президент тарапынан да мәселе бұрыннан айтылып жүр. Үкімет пен министрліктер тарапынан жұмыстар атқарылып жатыр. Қажетті құжаттар да дайындалған. Дегенмен нәтижелі жұмыс жоқтың қасы. Жалғыз нәтиже бар десек болады. Ол – Сырдария өзенінде 2010 жылы салынған «Көксарай» қарсы реттегіші. Оған да 15 жылдай уақыт өтті. Қазір су тапшылығы мен тасқын судың әлеуетін бір мақсатта пайдалануға толық техникалық және технологиялық мүмкіндіктер бар. Қысқасы, сөзден іске кірісетін уақыт келді.
Барлық жерде тоған салып, бөгет көмегімен тасқын суды ұстап қалу мүмкін емес және оның қауіпті тұстары да өте көп. Бір өзеннің алабында бірнеше тоған салып, оны тасқын уақытында дұрыс басқара алмаса, соңы үлкен апатқа әкеледі. Жоғары деңгейдегі бөгеттердің бірі жарылса, одан кейінгі бөгеттер судың екпініне шыдай алмай бәрі жарылуы мүмкін. Оның мысалдары да көп. Бұрынғы «Көкпекті» суқоймасында (Қарағанды облысы), Ресейдің Орск қаласында, Батыс Қазақстанның кіші өзенінде және тағы басқа көптеген шағын қоймаларда болған апаттардың негізгі себептері де осыдан туындап отыр.
Қызыл суды жинаудың ең ұтымды және қауіпсіз әдістердің бірі – көлтоған (лиман) жүйесін қайтадан қалпына келтіру. Біріншіден, көлтоған технологиясы топан суды бір нүктеден емес, бүкіл қызыл судың бір бөлігін кіші бөгеттер арқылы ұстап, келесі бөгеттерге екі жағынан табиғи жолмен жіберіп отырады. Нәтижесінде қызыл судың қарқыны бәсеңдейді, оның көп мөлшері көлтоғанда жиналып, мал азығының сенімді көзіне айналады. Ал қажетті тұстарда, ғылыми-зерттеу нәтижелері негізінде тұрақты су ұстағыштар, қарсы реттегіштер салынса, тасқынның зияны үлкен экономикалық пайда әкелетіні даусыз.
– Айтуыңызша, шешімін күткен мәселе, атқарылуы тиіс жұмыс көп секілді. Саладағы мәселелерге тым тереңдемей-ақ, оданда су тасқынының алдын қалай алуға болатынын айтыңызшы. Мүмкін ұсынысыңыз бар шығар...– Тасқынның алдын алу жолы айтылды, алгоритмі бар, соны сақтай отырып жұмыс істеу керек. Бұл – бірінші. Екінші – тасқынның басталуы, күші, ауданы, зиянды әсері жыл сайын бірдей болмайды. Сондықтан әрдайым бақылауда ұстау керек. Оны әр жылда қалыптасатын қардың қалыңдығы мен нөсер жаңбырдың, яғни ағынның орташа жылдық мәні бойынша емес, 1,5,10 пайыздық қамтамасыздығына байланысты есептеп, әр елді мекеннің картасына тасқынның таралу аймағын белгілеп отыру керек.
Егер алгоритмнің бірінші кезеңіндегі шараларға бой бермей, елді мекендерді, жекелеген үйлерді су басатын болса, тұрғындарын алдын ала эвакуациялау, жан-жануарларды қауіпсіз аймаққа шығару жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Ал эвакуациялау мен қауіпсіз аймаққа қажет жерлерді тасқынның алдын алу алгоритмінің бірінші кезеңінде анықтап, картаға түсіріп, тасқын штабында сақтап қою өте маңызды. Тасқын уақытында мұндай картаны жасамақ түгіл, қайда жатқанын да білмей қалатынымыз жасырын емес. Мұндай мәселелерге ұсақ-түйек деп қарауға болмайды.Сонымен қатар «Қазгидромет» жұмысын жолға қою керек. Оның балансында тұрған өзендердегі су өлшеу бекеттердің санын қазіргі 300-ден шамамен 900-ге жеткізу қажет. Осы жағдайда ғана жергілікті ағынның шамасын нақты біле аламыз. Қазіргі есептеулер бойынша, жергілікті ағынның орташа жылдық шамасы 56 текше метр шамасында бағаланады. Қайталап айтамын, бұл тасқынның орташа жылдық шамасы. Ал тасқын 1,5,10 пайыздық қамтамасыздық шамасымен өткенде қанша су жиналатынын толық есептей келе, тасқынға қарсы шаралар кешенін жасау қажет.
– Енді өзіміздің Әулиеата өңірі жайлы сөз қозғасақ. Жалпы облыста жерүсті су қоры, яғни суқоймалардың сыйымдылығы қанша? – Облысымыздағы суқоймалардың сыйымдылығы әртүрлі. Ең ірі деген «Тасөткел» суқоймасының сыйымдылығы 600 миллион текше метр. Бірақ оған ондай көлемде су жиналмайды. Сол секілді «Теріс-Ащыбұлақ», «Билікөл» секілді суқоймаларды, басқа да өзендер мен каналдарды, тоғандарды қосқанда жалпы сыйымдылық 2 миллиард текше метрден аспайды. Қазір барлық суқоймаларда жалпы 60-70 пайыз су бар деп айтуға болады. Дегенмен суқоймаларға 100 пайыз су жиналғанымен вегетациялық кезеңде толық жетпейді. Бірақ шаруаларды шығынға ұшыратпай, суды егіс алқаптарға жеткізуге болады. Ол үшін ағын суды егіс алқабына бір пәсте жайып жібермей, жаңбырлату немесе тамшылату секілді су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы ұзақ уақытқа жеткізуге болады.
Жалпы жердің астындағы, үстіндегі суды басқарудың түр-түрі бар. Оның ішінде жауын-шашыннан пайда болған тау суын да басқара алу өзекті. Мәселен, апта басында Жамбыл ауданындағы Жасөркен ауылын жауыннан пайда болған көлбеу су басты. Бұл сол ауылдық округтің әкімдігі, аудандағы тиісті мекемелердің жауын-шашыннан пайда болған суды басқара алмауын айғақтап отыр. Салдарынан аталған елді мекендегі 30-40 үйді су астында қалдырдық. Сол үшін біз көлбеу су, қарғын су, тасқын су халықты әуреге салмас үшін бірінші кезекте алдын алумен айналысуымыз керек.
– Қазір Талас ауданындағы «Ақкөл» суқоймасында су жоқ. Небәрі 25 пайыздан енді асты. Суқойманы толтырудың жолы бар ма?
– Бұл өте үлкен мәселе. Жалпы Кеңес үкіметінің кезінде «Билікөл» және «Ақкөл» суқоймалары егінмен бірге балықшаруашылығына да пайдаланылды. Осылайша өңір экономикасының өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты. Қазір аталған көлдерде КСРО дәуіріндегідей балық та, ағыл-тегіл байлық та, су да азайып кетті. Мұның барлығы Жуалы ауданындағы «Теріс-Ащыбұлақ» суқоймасының жоғары жағында орналасқан Күркіреусу, Аса өзендеріндегі судың жаһандық жылынуға, климаттық өзгерістірге байланысты күрт азаюынан болып отыр. Өзендегі тіршілік нәрі ауылшаруашылығы, өндіріс, тұрғындардың тұрмыстық қажеттілігі үшін пайдаланылады. Одан қалған су өзінің экологиялық-санитарлық мөлшерін сақтай отырып, Билікөлге, одан әрі Ақкөлге құяды. Билікөлде су деңгейі кеміген сайын Ақкөлге жиналатын су көлемі де азая береді. Мұны сөз етіп отырған себебім, аталған көлдерге су жеткізіп тұрған «Теріс-Ащыбұлақ» қоймасы кейінгі кезде су қоры жағынан ұдайы төмен деңгейде жұмыс істеп тұр. Сондықтан Билікөлді де, Ақкөлді де суға толтыру қазір өте қиын.
Ақкөл «Теріс-Ащыбұлақтан» келетін судың мөлшерімен толықпайды. Мұның өзінің жиырма немесе отыз жылда бір қайталанып, толығатын кезеңі болады. Анығын айтқанда, арқырап келген тасқын су есебінен «Теріс-Ащыбұлақ» та, Билікөл де, Ақкөл де бір пәсте толады. Ол көптеген жылда қайталанып отыратын цикл. Мұндай кезде суқоймалар бірінен кейін бірі толады. Соңғы 20-30 жылда ондай су болған жоқ. Ол жақтағы тұрғындардың, әсіресе шаруалардың «Бұрын осы көл лық толушы еді, қазір су қайда кетіп жатыр?» деген уәжін біз де естімей жатқан жоқпыз. Бұл табиғаттың бізге беретін сыйы. Өзі толып, өзі тартылып жатады. Оны қазақ Алла Тағаланың бергені деп атайды.
КСРО дәуірінде Ақкөл табанына дейін тартылып, тіпті орнына шөп шығып кеткен кез де болған. Сол кезде кеңшар мал азығы үшін әлгі шөпті орып алған. Мұны сол елді мекендегі жасы үлкендер жақсы біледі деп ойлаймын. Одан кейін Ақкөлге су толмай қалған жоқ. Табиғат тарықтырмай тарту етсе, көлдің кемеріне келер кезі алда. Ал осы ай жауын-шашынды болса, аталған суқойманың деңгейі шамалы болса да көтерілсе, ол шаруалардың егіс алқабын ылғалдандыруына сеп болады. Бірақ көл толмайды. Ал 30-40 жылда бір келетін мол суды реттеу үшін «Теріс-Ащыбұлақта» су реттегіш құрылғы тұр. Толқыны аттылы адамды өткізбейтін, адуыны күшті суды қабылдап, суайдындарға жеткізетін өзендердің де арнасы талапқа сай. Алда-жалда біз сөз етіп отырған суқоймаларға асып-тасып ойда жоқта су келе қалса, су қабылдау, су тастау, су жеткізу жүйелері гидротехникалық, гидрологиялық есептеулерге сай жұмыс істейтін болады.
– Жасөркендегі жағдай көлбеу судан пайда болды. Ауылға су Талас өзенінен келген жоқ. Сай-саладан аққан судың мөлшері осыншалықты көп болатыны жұртты таңғалдыруда. Бұған не дейсіз?
– Жасөркен ауылындағы қырдың үстінде Кеңес үкіметінің кезінде «Пионер» лагері соғылған болатын. Қазір «Болашақ» деген атаумен жеке кәсіпкердің иелігіне өткен. Кәсіпкер лагерь орналасқан аумақта суды әр жерден бір бөгеп тастаған. Бұл да судың режимін өзгертетін факторлардың бірі. Жауын нөсерлетіп жауғанда тоғанның жағалауы жырылып кетіп, суға су қосылып, елді есеңгіретуі мүмкін. Сондықтан өзен, сай-саланың бойындағы тоғандарды жекеменшікке бермеу керек және бақылауға алып, қадағалап отыруы қажет. Өйткені балықшаруашылығы үшін тоған пайдаланып отырса да ол азамат су маманы емес, кәсіпкер. Сондықтан су ресурсына жеңіл-желпі қарауға болмайды.
– Сушаруашылығындағы ең өзекті мәселе ретінде нені айтар едіңіз? – Маман тапшылығы. Сондықтан да жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жамбыл гидромелиоративтік институтын қайта құру туралы шешім шықты. Бұл су саласы мамандарын дайындауда өте жақсы жаңалық. Бірақ қазір оқыту бағдарламасы бұрынғыдай емес, өзгерген. Сондықтан оқытушы табу да қиынға соғатыны анық. Бұрын алты-жеті бағытта кафедралар жұмыс істесе, қазір оның барлығы біріктірілген, сағаттардың саны азайған. Нәтижесінде осыған дейін дайындалған су мамандары гидротехник деген өз деңгейіне сәйкес келмейді. Олар қазір «Су инженері» деп аталады. Ал негізінде «Гидротехник-инженер», «Гидротехник-құрылысшы» деген секілді бір салада бөлек-бөлек мамандық болуы керек. 1993-1997 жылдар аралығында өз жұмысын тоқтатқан оқу орны енді қайта ашылады. Сол кезде мамандық тапшылығы жойылады деген сенімдемін. Бұл мемлекетімізде сушаруашылығына деген көзқарас 100 градусқа өзгергенін көрсетеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрым СЫРҒАБАЕВ