Педагогтар сынға түсті
Жуырда облысымыздағы үздік педагогтарды анықтау мақсатында «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» атты республикалық байқаудың облыстық кезеңі өтті.
Аталған байқау елімізде 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Іс-шараның мақсаты – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды ұйымдастырудың жаңа, заманауи тәсілдерін іске асыру үшін үздік педагогикалық тәжірибені анықтау және тарату. Байқауға қалалық, аудандық кезеңде жүзден жүйрік шыққан 14 педагог қатысты.
Облыстық байқаудың І кезеңінде педагогтардың кіріктірілген ұйымдастырылған іс-әрекет барысы, ІІ кезеңінде педагогтің Е-портфолиосы, күні бойы режимдік сәттерде педагог қызметінің үзіндісі бар бейнематериалдары және «Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мен тәрбиелеудегі заманауи педагогтің рөлі» тақырыбындағы эсселері сараланды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Тараз қаласындағы №8 бөбекжай-бақшаның педагогі Б.Үмбетова иеленді. Ал Жамбыл ауданындағы «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының педагогі Ә.Аманжолова І орынға лайық деп танылды. Тараз қаласы, №33 «Айсәуле» бөбекжай-бақшасының педагогі М.Лесбекова мен Байзақ ауданындағы «Бәйтерек» бөбекжай-бақшасының педагогі М.Жылқыбаева ІІ орынды қанағат тұтты.
Жүлделі ІІІ орын Байзақ ауданы, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің педагогі А.Қабылбековаға, Меркі ауданы, №16 жалпы орта білім беретін мектептің педагогі М.Бидайшиеваға, Жуалы ауданы, «Жаңа-Теріс» бөбекжай-бақшасының педагогі Г.Ашықбаеваға бұйырды.
Сондай-ақ педагогтарға «Өнерлі педагог», «Жаңашыл педагог», «Іскер педагог», «Креативті педагог» номинациялары табысталды.
А.Орынбасарқызы