Оқушылар мектепке жаңа ережемен қабылданады
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына лицейлер мен гимназияларға бірінші сыныпқа қабылдау кезінде емтихан өткізуге тыйым салатын ереже енгізілді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевтің айтуынша, барлық бала дайындық деңгейіне қарамастан, тең мүмкіндіктерге ие болады.
– Біріншіден, бұл норма дайындық деңгейіне қарамастан, барлық типтегі және барлық балаға мектепке қабылдау кезінде шектеулерді алып тастайды. Бастапқы білімді игеруге таным-қабілеттері мен әлеуметтік қарым-қатынас дағдыларын дамытуға тең мүмкіндіктерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Екіншіден, тестілеуге, әңгімелесуге қатысудан психологиялық күйзеліс, конкурстық іріктеуді күтуден жағымсыз тәжірибе жиналмайды. Бұл жағдай баланың психо-эмоциялық жағдайын нашарлатуы және оның денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін. Үшіншіден, конкурстық іріктеу нәтижелерін күткен ата-ананың наразылығы азаяды.
Балаларды мектепке қабылдау рәсімінің қоғамдық резонансы болмайды, – деген ведомство өкілі өзгерістер алдағы оқу жылында 1-сыныпқа қабылданған кезде енгізілетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, елімізде 1-сыныпқа құжат қабылдау басталды. 1 сәуірде басталған науқан 31 тамызға дейін жалғасады. Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 370 мыңнан аса бала барады деп болжанып отыр. Балалар бірінші сыныпқа 6 жастан бастап ата-анасы немесе заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады. Өтінішпен бірге №065у формасындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама, 026/у-3 баланың денсаулық паспорты және баланың екі дана 3х4 фотосуреті болу керек. Өтініш демалыс және мереке күндерді қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады. Ата-аналар баланың құжаттарын электрондық үкіметтің «еgov.kz» веб-порталы арқылы тапсыра алады.
Сонымен қатар 2024 жылдың ақпан айында Мемлекет басшысы оқушыларға сабақ кезінде смартфон пайдалануға тыйым салатын заңға да қол қойғанын еске сала кетейік.
Құжатты қабылдаудағы негізгі мақсат – білім беру саласындағы және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру.
Құжатта орта білім беру ұйымдарында смартфон пайдалану ережелерін бекіту қарастырылған. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те бұл норма тек сабақ кезіндегі шектеулерге қатысты екенін және баланың ұялы телефонын мектепке әкеліп, үзіліс кезінде пайдалана алатынын айтқан болатын.Сондай-ақ заңда балабақшаларда бірыңғай кезекті қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, діни сипаттағы ақпараттың таралуына жол бермеу сынды қадамдар ұсынылған.
Еске сала кетсек, 1 ақпанда Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды.Смартфон сынды құрылғыларды шектеуге қатысты заңның қабылдануына Парламент депутаттары бастамашы болды.
Сонымен қатар мектептен мектепке тек каникул кезінде ғана ауысуға рұқсат етілетін шектеу алынып тасталды. Енді жаңа ережелерге сәйкес, балалар оқу жылында тұрғылықты жері бойынша мектеп ауыстыру мүмкіндігіне ие болды.
Заңдағы өзгерістер туралы қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізуді жөн көрдік. Қала тұрғыны Мөлдір Болатқызы емтихан мен смартфонға байланысты жаңалықты қуанышпен қабылдағанын айтады.
Заң жобасына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар қоғамдағы қордаланған мәселелерді шешу мақсатында қабылданып отыр. Қандай заң қабылданбасын, әрбірі оқушылардың терең білім алып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосатын тұлға дайындауды көздейді.
Айжан ӨЗБЕКОВА