Тараз жасыл желек жамылады
Облыс орталығы Тараз қаласын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр.
Шаһарды жасыл желекке көмкеру мақсатында 2024 жылы 5 448 000 шаршы метр жасыл желекті қырқу көзделген болатын. Жоспарға сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылып, қазірге дейін 350 000 шаршы метр жасыл желек қырқылды. Абай, Төле би, Әл-Фараби көшелері, облыстық, қалалық әкімдіктердің маңы және шаһардағы саябақтар мен скверлердің барлығында шөп шабу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар қалада жасыл жамылғы төсеу (газон) жұмыстары да қарқын алды. Айталық, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің маңы жасыл жамылғылармен көмкерілді. Жуық уақытта Абай, Төле би, Саңырақ батыр, Әйтиев көшелеріне, «Ұлы дала» ықшамауданына және «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніне жасыл жамылғылар төселеді. Биыл қала бойынша 22 300 шаршы метр жасыл жамылғы отырғызу жоспарланып отыр. Тазалық сақшылары бүгінге дейін 4 000 шаршы метрін төсеп үлгерді.
Осы ретте қала ішіндегі жасыл желекті суару мәселесі өте өзекті екенін айта кетейік. Облыс орталығын көгалдандыру бағытында қолға алынған жоспарлы жұмыстарға кедергі келтірмес үшін «Жасыл ел – Тараз» мекемесі шаһардағы суару жүйелерін қалпына келтіріп, жаңадан жасыл жамылғы егілген аймақтарға арнайы су жүйелерін тартуда.
Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының тапсырмасына сәйкес арық-атыздарды тазалау жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Жалпы биыл 28 шақырым арық жүйесін тазарту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 3,2 шақырым арық толығымен тазартылды. Төле би, Қазыбек би, Абай, Қонаев, Желтоқсан, Әйтиев, Қ.Тұрысов, Шостакович көшелері мен Жамбыл даңғылы бойындағы арықтар және қаладағы каналдар күл-қоқыстан арылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында облысымызда «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» экологиялық науқаны аясында да Тараз қаласында көп тірлік тындырылды. Аталған акцияның екінші аптасы «Киелі мекен» деген атауға ие болды. Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға бағытталған. Соған орай шаһардың жұдырықтай жұмылған белсенді жастары мен «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің қызметкерлері «Қарахан» және «Дәуітбек» кесенелерінің маңайына санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, ауласына ағаш көшеттерін отырғызды.
Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Еске сала кетейік, 20 сәуір күні Тараз қаласында жалпықалалық сенбілік өтеді. Қала тұрғындары мен қала аумағындағы мекеме, ұйым, кәсіпорын, ұжым қызметкерлерін қала тазалығына белсене атсалысуға шақырамыз. Сенбілік аясында көктемгі көріктендіру, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Белгіленген аумақтарға гүл егіліп, тал отырғызылады.
Тазалық – баршаға ортақ.
Тараз қаласы әкімдігінің
медиа орталығы