Балық аулау – бақылауда
Шу-Талас облысаралық бассейндік балықшаруашылығы инспекциясының басқарма басшысы Азамат Қабдуғалиевтің төрағалығымен «Уылдырық шашу-2024» табиғатты қорғау акциясы аясында браконьерлікке карсы күрес бойынша ведомствоаралық жиналыс өтті.
Жиын барысында балық аулауға тыйым салынған суайдындарда және арнайы учаскелерде су көлігі қозғалысының ережесін бекіту заңдылықтары, акция аясында атқарылатын жұмыстар талқыланды.
Жауаптылардың айтуынша, еліміздің әр аймағында суайдындарда жер бедерінің ерекшеліктеріне байланысты балық аулаудың тыйым салу шарттары енгізілген. Осыған орай Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы және Ішкі істер министрліктері азаматтарды табиғатты аялап, балық аулаудың белгіленген ережелерін сақтауға және заңды бұзбауға шақырады.
Осы кезеңде мемлекеттік орган қызметкерлерінің басты назары балық аулауға тыйым салу, заңсыз сату мен тасымалдау істерін анықтауға берілмек. Еске сала кетейік, заңды белден басқандар ҚР Қылмыстық кодексінің 383-бабы, яғни «Балық аулау ережелерін бұзу» бойынша 10-нан 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалайды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 335-бабы («Балық ресурстарын заңсыз өндіру») бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғуы мүмкін.
Осы белгіленген заңға сәйкес әр аймақтың ерекшелігіне қарай балықтардың уылдырық шашу мерзімі белгіленеді. Бұл аралықта балық аулауға тыйым салынады. Мысалы, облыс аймағындағы Шу-Талас бассейнінің бойындағы Билікөл мен Ақкөл каналдарын жалғайтын Аса өзенінде 15-сәуірден 31-мамыр аралығында балық аулауға тыйым салынған.
Жұмахан ЧЕКАЕВ,
«Балық Fest Shu» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы