Жамбыл облысындағы экскаваторлар Атырауға жіберілді
Арнайы техника елдімекендерді тасқын суынан қорғау үшін бөгет салу және су арналарын тазарту жұмыстарына жұмылдырылады.
Жамбыл облыстық "Қазсушар" филиалының экскаваторлары Атырауға жіберілді, деп хабарлайды Arainfo.kz тілшісі Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша Жамбыл облыстық "Қазсушар" филиалының экскаваторлары Атырау облысына жіберіледі.
Нұржан Нұржігітов Атырау облысындағы су басу қаупі бар елдімекендерді аралап, жергілікті «Қазсушар» мамандары мен әкімдік қызметкерлеріне тасқын суын өткізу бойынша тапсырмалар берді. Атырау облысына келетін суды "Қазсушар" мекемесінің қарамағындағы Соколок, Сарыөзек, Бақсай және Нарын каналдары қабылдайды. Бүгінгі таңда каналдарда бос орындар дайындалып жатыр.
Атап айтқанда, Соколок каналы 2 млн текше метр, Сарыөзек каналы 3 млн текше метр, Бақсай каналы 7 млн текше метр және Нарын каналы 4,5 млн текше метр су қабылдай алады. Министр каналдардағы түп тереңдету жұмыстары мен қорғанысын нығайту жұмыстарын көрді.
Бұдан бөлек, Жайықтан келген тасқын суын Каспийге бағыттау үшін 14,5 шақырым қосымша канал қазылып жатыр. Бұл Атырау қаласы арқылы өтетін су көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Нұржан Нұржігітов Жайықтың Каспийге құятын негізгі және қосымша салаларындағы түп тереңдету жұмыстарын да барып көрді. Айта кету керек, Жайық өзенінің сағасы қатты лайлануына байланысты теңізге су жіберу және кеме қатынасы қиындай түскен. Өзеннің таяздануы Каспийден келетін балықтардың еркін қозғалысы мен уылдырық шашуына да кері әсер етіп отыр.
Одан әрі министр Атырау қаласының бірқатар ықшам аудандарындағы жағалауды нығайту жұмыстарын тексерді. Бүгінгі таңда су тасқынына дайындық аясында жоспарланған 229 шақырым бөгеттің 61 пайызы немесе 140 шақырымы салынды.
Атырау облысын тасқын суын қабылдауға дайындау үшін уақыт бар, бірақ әр сағатты тиімді пайдаланып, белсенді іс-әрекет жасау керек. Қазір өзге аймақтардағы "Қазсушар" филиалдары еліміздің батысына техникаларын да, мамандарын да жіберіп көмектестіп жатыр. Тасқын суын жинау және оны қауіпсіз өткізу үшін өңірлер мен жауапты мекемелер жедел ақпарат алмасып, өзара тығыз байланыста болуы керек, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.