«Дәстүрде айырмашылық бар»: қазаққа келін болған таиландтық ару жан сырымен бөлісті (ВИДЕО)
Әлеуметтік желіде жаңадан отау көтерген Маңғыстаулық Мирас пен Таиланд тумасы Ихваның үйлену тойы әлі де талқылануда.
Жігіттің таңдауына жақындары да қарсылық танытпаған екен. Ал салтанатты шарада қазақ ұлтының салт-дәстүрлері толықтай сақталған, деп жазады Arainfo тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Мирастың ата-анасының айтуынша, болашақ келіндерінің өзге ұлт өкілдері болады деп мүлде ойламаған. Сол себепті бастапқыда ұлының таңдауына дайын болмапты. Алайда Ихва бірден ата-енесінің көңілін тауып, биязы мінезімен жақындарының көңілінен шыққан көрінеді.
Ал күйеу жігіттің туысы Анар Сисенованың айтуынша, Мирас пен Ихва әлеуметтік желі арқылы ағылшын тілі курсында танысқан.
– Көп ұзамай Мирас қазан айында үйленетінін айтты. Әрине, біз таңғалдық. Бірақ ешқайсысымыз кеудесін баспадық, әрі итермедік. Қазақша сырға салу рәсімін жасап, барып алып келдік. Құдалар Қазақстанға келмейді. Олардың дәстүрінде келу жоқ. Ол жақта да қалың мал бар, қалың малын бердік. Ол жақта да құдаларға ерекше құрмет көрсетеді. Келініміз жылы жүзді, қонақжай, – деді Мирастың жеңгесі.
Ал жас келін Қазақстан мен туған еліңің арасында қандай айырмашылық бар екенін айтты.
– Әрине, Қазақстан мен Таиланд арасында айырмашылық көп. Адамдар да, ауа райы, ұлттық киім мен дәстүрлері де әртүрлі. Әсіресе ұлттық асханасында ерекшелік байқалады. Таиландта халықтың көбі күріш пен ащы тағам жейді. Ал мұнда бәрі басқаша. Қазақтың ұлттық асханасы мені таңғалдырды, - деді Ихва.