Білім

Асхат Аймағамбетов үш ауысымды мектеп үшін айыппұлды директорға емес, әкімдікке салуды ұсынды

Депутат айыппұлды әкімдікке салуды ұсынды

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов үш ауысымды мектеп үшін айыппұлды директорға емес, әкімдікке салуды ұсынды, деп хабарлайды Arainfo.kz тілшісі Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

Өйткені ол қазір соттар мектеп директорларына немесе аурухана басшыларына айыппұл салғанда олардың мүмкіндігі мен құзыретін толық ескермейтінін айтты. 

«Мысалы, санитария-эпидемиологиялық ереже мен нормалар бұзылғаны үшін мектеп үш ауысымды болса, айыппұл мектеп директорына салынады.Бірақ енді директор үш ауысымдылықты басына тілеп алған жоқ қой. Мектеп тиісті деңгейде салынбағаннан кейін дәл осындай жағдайға жетеді. Сондықтан мүмкін мұндай мәселеде айыппұл әкімдіктерге салыну керек шығар. Лаборатория, құрылғылар жетпесе, тағы да директорға жауапкершілік артылады. Бюджет болмағандықтан, ол құрылғыны сатып алмайды. Сондықтан Жоғарғы Соттың нормативті қаулысы керек деп санаймын. Айыппұл салғанда субъектінің мүмкіндігі мен осы мәселе әсер ете алуын қарау керек деп ойлаймын», - дейді Асхат Аймағамбетов.