Руханият

Саналы ұрпақ – жарқын болашақ

Даналарымыз дүниеде үш нұр бар екенін айтады. Ол – күннің нұры, ақылдың нұры, ананың нұры

«О, Аналар, сырға толы мөлдіреген жанарлар, 
Бар әлемге шуақ болып таралар.
Бір әулеттің алтын қазық діңгегі, 
Отбасының ұйытқысы деп саналар» демекші, қазақ үшін ер-азаматтың босағасына бақ қондырып, керегесінің кең, іргесінің биік болуына кепіл болатын аналардың
орны әрдайым ерекше.

Домалақ ана, Зере мен Ұлжан аналарымыздың салып кеткен сара жолын кейінгі буынға үлгі ету, насихаттау мақсатында Шу ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен Шу аудандық аналар алқасы тәрбие жұмысын «Бабалар аманаты», «Отбасы мектебі», «Ағалар ақылы» сынды үш бағытта жүргізуде. Басты мақсатымыз – отбасы институтын нығайту, ұлттық сананы дамыта отырып жаңа дәуірдің жаңалығын бойға сіңіру. 
Әке – ұлды, ана – ұлтты тәрбиелейді. Ұл тәрбиелей отырып – жер иесін, қыз тәрбиелей отырып – үй иесін тәрбиелейміз. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген нақыл тегіннен-тегін айтылмаған. Қалай болмасын, әке – баласына үлгі болуы керек. Осы жағы бізде әлі де жетіспейді. Өйткені қазіргі таңда әкелер өз рөлін аналарға беріп қойған. Дегенмен де әкенің абыройын ұстап, баланың тәрбиесін дұрыстап отыратын аналарымыз екені анық. 
Даналарымыз дүниеде үш нұр бар екенін айтады. Ол – күннің нұры, ақылдың нұры, ананың нұры. Осы үш нұрға малынып өскен адам нағыз толық адам болып саналмақ. Ендеше қазіргі қоғамда ізгілікті әжелердің ақылы, аналардың алақаны арқылы ұрпақ бойына сіңіру – біздің басты парызымыз. Бұл бағытта аудан ардагерлері әлеуметтік-саяси өмірге белсенді араласып, жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуде.
«Қартаймақ бәріңе де күн болады,
Қартаю да адамға сын болады.
Атадан аталы сөз естімесе, 
Ертеңгі ұрпағымыз кім болады
» дегендей, үлкендердің жастарға айтар ақылы азаймасын. Ең бастысы, ақылымызды тыңдайтын жастар азаймасын. Сондықтан саналы ұрпақ тәрбиелеу тек бір отбасының емес, тұтас қоғамның ортақ борышы екенін ұмытпағанымыз абзал.