Руханият

Әже – ұлт ұйытқысы

19 сәуір күні облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған аналар алқасының «Аялы әже» атты облыстық форумы өтеді. Осыған орай форумның басты мақсатын айшықтай түсу негізінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

19 сәуір күні облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған аналар алқасының «Аялы әже» атты облыстық форумы өтеді. Осыған орай форумның басты мақсатын айшықтай түсу негізінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

 Редакциядан

Әже дегенде көз алдымызға жүзінен мейірімі төгілген асыл бейне, аялы алақан, талай тағдыр талқысы жасырылған терең әжім, оған мойымаған алып тұлға келеді. Ол – ұлт тәрбиесінің ұйытқысы, ұрпақ саулығының діңгегі. Асыл аналарымыз бен ұлы әжелеріміздің тәлім-тәрбиесін көріп, тарихта есімі қалған ұлылар қатары көп-ақ.

Үшінші құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халықтың береке-бірлігін сақтау, ең алдымен, елдігіміз үшін аса маңызды екенін, бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқаратынын айтты. «Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар қазақтың қаймағы, ұлт мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады, яғни ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет», деді. 
«Бетеге кетсе, бел қалар, 
Билер кетсе, ел қалар, 
Береке кетсе, нең қалар?» демекші, бүгінде шынында да елдің ынтымағы мен бірлігі аса маңызды мәселе. 
Өңірімізде 135 мыңға жуық зейнеткер есепте тұрады, оның едәуір бөлігін зейнетке шыққан аналарымыз құрайды. Соның ішінде облысымызда өңіріміздің іргесін шайқалтпай, төңірегімізді түгендеп, ішімізде дау болмасын, сыртымызда жау болмасын деп тілегін айтып, аузы дуалы, сөзі уәлі, салмақты да баталы, аталы сөздерін айтып, елдің береке-бірлігіне, ынтымағына сүбелі үлес қосып жүрген қариялар аз емес. 
Осы орайда облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Аналар алқасы» әрдайым жақсы істерге ұйытқы болып, қоғамдық жұмыстарға араласып, облыс көлемінде өтіп жатқан барлық саяси, науқандық, мәдени-рухани, діни іс-шаралардың басы-қасында жүріп, еңбек адамдары мен жастарға үлгі-өнеге көрсетуде. 
Олардың ақ шағаладай болып кимешек киюі, немерелеріне «Ер Төстігім бір төбе...» деп ертегі айтуының өзі бір ғанибет. Батыр Бауыржан Момышұлы: «Мен балаларына ертегі айтпайтын әжелерден қорқамын, бесік жырын айтпайтын келіндерден қорқамын, салт-дәстүрімізді дәріптемейтін жастардан қорқамын», – деген. 
Пандемиядан кейін біздің әжелер өздері бастама көтеруімен балабақшаларға бекітіліп, ертегі айтуды бастады. Бұл өте дұрыс шешім болып шықты. Себебі тәрбиені неғұрлым ертерек бастау керек. 
Соңғы жылдары «Аналар алқасының» құрамындағы әжелеріміздің қатысуымен ардагерлер ұйымдарындағы жұмыстың алуан түрлері – қоғамдық, саяси-мәдени, көпшілік, спорттық шаралар өріс алуда. Әсіресе жастар арасындағы тәрбие жұмыстарында қарттардың жаппай белсенділігі артқаны байқалады. Бұл жақсы үрдіс, оны жалғастыруымыз керек. 
Осы орайда атқарылған істердің негізгілеріне тоқталсақ. Меркі ауданының Жамбыл ауылдық округін нағыз батыр аналар елі деп айтуға болады. Төрт елді мекеннен тұратын Жамбыл, Жеміс-жидек, Талдыбұлақ, Тұрлыбай батыр секілді шағын ауылдарда 57 «Алтын алқа», 119 «Күміс алқа», 215 бес балалы, 309 төрт балалы ана тұрады. Осы ауылда тұратын ақ жаулықты әжелер, алтын құрсақты аналар, ибалы да инабатты келіндеріміз ауыл тіршілігіне, жастардың, мектеп оқушыларының тәрбиесіне белсенді түрде араласып отырады. Ауылдық округте тұрмыстық табысты молайтуға арналған «Ауыл аманаты» жобасына атсалысып, әрқайсысы үйдің жанындағы қосалқы шаруашылықты дамытып, көл-көсір табыс тауып, ауылды көгеріштендіруге, көгалдандыруға қатысып, үлгі көрсетуде. Осы ауданда әжелердің қатысуымен «Ақбастау», «Береке», «Ақмоншақ», «Дархан», «Ақкербез», «Замандастар» атты аналар ансамбльдері жұмыс істейді. Жуырда ауданның батыр аналары бас қосып, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, жалпы жастардың тәрбиесі туралы өзекті мәселелерді қарап, ауданның барлық аналарына үндеу жолдады. 
Жуалы ауданында «Ана тәрбиесі – 
қазақ қоғамының жазылмаған оқулығы» атты форум өтті. Жуалы ауданының Ертай ауылында Қазақстанның халық қаһарманы Бақытжан Ертаевтың атсалысуымен осы батыр аналар аллеясы ашылып, онда 100 тыл ардагері, еңбек ардагерлері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, сондай- ақ көпбалалы аналардың суреттері мраморға қашалып жазылды. 
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генералы Сейітжан Қойбақовтың демеушілігімен Жуалы аудандық аурухананың ауласында «Анаға тағзым» ескерткіш-белгісінің ашылу рәсімі өтті. Мұндай қошемет басқа аудандарда да қолға алынып, батыр аналарға құрмет көрсетілуде. 
Ал Тараз қаласында дәстүрлі түрде жыл сайын әжелер мен аналарға арналған әртүрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Биыл 2024-2026 жылдарға арналған мәдени дамытудың тұжырымдамасы іске аса бастады. Онда отбасылық құндылықтар, ата-ана және бала, ұлттық мәдениетті түсінуге, құрметтеуге байланысты іс-шаралар, ата-аналар комитетімен бірігіп жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау шаралары, жастардың дамуы мен өз қабілетін іске асыруына теңдей мүмкіндіктер жасау қарастырылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған «Қамқор» жобасы бойынша ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрімізді, мәдени мұраны сақтап қалу, оны насихаттау үшін көптеген іс-шара өткізу жоспарлануда. Тараз қаласының бірқатар білім беру мекемесінде «Өнерлі әже, тәрбиелі немере» сайысында әжелеріміз ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, жас ұрпақтың бойына мейірімділік пен ізгілікті сіңіре білді. 
№26 мектепте ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған арнайы кабинеттің ашылуы өтті. Енді осы жерде «Даналық мектеп» клубы, «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы» мен «Жеңге кеңесі» секциялары бойынша мектеп оқушыларына ұлттық құндылықтарды бойына сіңіретін болады. Жоғарыда көрсетілген игі бастамалардың барлығы мыңжылдықтар мекені – Әулиеата жерінде бала болашағына бейжай қарамайтын әжелер мектебінің тамаша үлгісінің қалыптасқанының белгісі. 
Тараз қалалық «Аналар алқасы» мүшелері Жамбыл жоғары медициналық колледжінде және Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Ананың ақылы – шырақ» тақырыбында студент жастармен, профессор-мұғалімдер құрамымен кездесу өткізді. 
«Отан – отбасынан басталады» десек, ұрпақты бала кезінен бастап отансүйгіштікке, отбасы құндылықтарын сақтауға үйретуде әжелеріміздің орны ерекше. Еліміздің ертеңі, болашағы – балаларымыз үшін әжелер таптырмас байлық, құны жоқ ғибрат. Осыған орай Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» атты қалалық әжелер сайысы өтті. Байқаудың мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұрпақтан- ұрпаққа жалғастырып, қазіргі жастарға текті халықтың ұрпағы екенімізді ұмыттырмау, бабалар салған дара жол – ата дәстүрімізді дәріптеп, мәдениетімізді, тарихымызды, тілімізді насихаттау. Тартымды өткен әжелер байқауы көп уақытқа дейін есте қалатындай әсер қалдырғаны анық. 
Біздің қоғамда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттік қызмет пен қоғамдық істе, кәсіпкерлік пен тәлімгерлікте де тамаша табыстарға қол жеткізе отырып, саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Мысалы, Байзақ ауданында іскер әйелдердің ұйымдастыруымен кәсіпкерлікті дамытуда едәуір ілгерілеушілікке қол жеткізілді. 
Қордай аудандық Үлкен Сұлутөр, Қақпатас, Беріктас елді мекендерінің ақ жаулықты әжелері «Даналық» мектебінің жұмысын жолға қойып отыр. Олардың алдарына қойған мақсаты – 
әжелердің өнегелі өмірін үлгі ете отырып, мектептегі қыз балаларды қазақтың салт-дәстүріне баулу, туған жерін, елін, шаңырағын ардақтайтын тәрбиелі қыз, төзімді ана, қайратты жан болуға тәрбиелеу. Әр сабағынан әжелердің ақ батасын алып, жіп иіру, тоқыма тоқу, кесте тігу, жүн түтіп, ою оюды үйреніп жатқан жастар көп. 
Жалпы әжелер қауымы қазіргі дүниежүзіндегі болып жатқан күрделі геосаяси ахуалды бағамдап, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың III Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзін басшылыққа ала отырып, біздің елімізге тыныштық, бірлік, татулықтың ауадай қажет екенін көріп отыр. 
Кешегі болған «Қордай оқиғасы», Алматыдағы «Қаңтар оқиғасы», Ресейдегі террорлық акт біздерге, ақсақал қауымға, ақ жаулықты әжелерге жастарды тәрбиелеуде жіберген қателіктерімізді ашып көрсетті десек болады. 
Сондықтан да Президентіміздің халқымызды бірлікке, ынтымаққа, татулыққа шақыруын қолдай отырып, жастарға бұрынғы ата-бабаларымыздан келе жатқан үлкендерге құрмет көрсету, кішілерге мейірімді болу, ата-ананы құрметтеу сияқты отбасы құндылықтарын дәріптеу, жастарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу іс-шараларын алға қойып отыр. Бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайтынын насихаттаудан еш шаршамауымыз керек.

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ, 
облыстық ардагерлер
 кеңесінің төрағасы