Денсаулық

«Медициналық пойыздар» жолға шығады

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Медициналық пойыздар» жобасы шеңберінде жауапкершілікті күшейту және өзара іс-қимылды нығайту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы тұрғындарды тегін медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылдың 20 сәуірінде жолға шығады. 
  Денсаулық сақтау министрі: «Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында шалғайдағы ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін көлік медицинасы ұйымдастырылды.
Медициналық пойыз ауыл тұрғындарына білікті мамандарға қаралып, денсаулығын жақсартуына, пайдалы кеңестер алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұрғындар ауруханаларға жолдама ала алады»,  – деп атап өтті.
Профилактикалық қарап-тексерулерді, скринингтік зерттеулерді, дәрілік заттармен қамтамасыз етуді, бейінді мамандардың консультацияларын, зертханалық-диагностикалық қызметтерді қоса алғанда 1 миллионнан аса медициналық қызмет көрсету жоспарланып отыр.
Медициналық пойыз 140 стансаға барады, онда 92 мыңнан астам адам зерттеліп-қаралып, емделетін болады. Дәрігерлер 100 мыңнан астам қабылдау өткізеді.
Су тасқыны жағдайын ескере келе, зардап шеккен ауылдық елді мекендердің тұрғындарын медициналық пойыз қызметімен қамту көзделуде.

«AR-AI»-ақпарат