Денсаулық

Антына адал Ахметжановтар

«Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған, қарғадан қарға туар қарқылдаған» деп мақалдатқан. Сондай-ақ дана халқымыз әке жолын жалғастырған жақсының көзіне «Асылдың сынығы», «Тектінің тұяғы» деп ерекше құрметпен қараған. Айналамызда әкесінен өте тумаса да жете туған жандар жетерлік.

Бүгінгі кейіпкерлеріміз әке жолын жалғастырған Мойынқұм аудандық орталық аурухананың бас дәрігері – Данияр Ахметжанов. Данияр Дәулетбекұлы 1984 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Облыс орталығындағы Төле би атындағы №8 мектеп-гимназияны тәмамдаған соң Бішкек қаласындағы Қырғыз мемлекеттік медициналық академиясына «Емдеу ісі» мамандығына оқуға түседі. 
Жоғары санатты офтальмолог дәрігер бүгінде Мойынқұм аудандық орталық аурухананың бас дәрігері қызметін абыроймен атқаруда. Үш ұл мен бір қыздың әкесі. Жұбайы да медицина саласының қызметкері. 
Әкесі Дәулетбек Ахметжанов та 40 жылға жуық денсаулық сақтау саласында еңбек еткен білікті маман. Бүгінде зейнет демалысында. Талай жанның алғысын арқалаған ақсақал ұзақ жылдық бейнетінің зейнетін көріп, ұл-қызына, немерелеріне сая болып отыр.
– Бір үйде үш дәрігерміз. Әкеміздің жолын қарындасым Жанерке екеуміз жалғастырдық. Бала күнімізден бір-бірімізге екпе салып ойнайтынбыз. Әлі есімде, кішкентай кезімізде науқастар әкемді үйге іздеп келетін. Тіпті көпшілік әкемізді «Қазақтың Ибн-Синасы» деп те атайтын. Әкем бізге ғана емес, көпке үлгі бола білді. 
Сонымен қатар қай кезде де мамандығына адал болды. Коронавирус індеті алқымнан алып тұрған кезде қарттығына қарамастан елге көмектесуге тырысты. Өз денсаулығын екінші орынға қойып, «Мейірім» медициналық мекемесінде қызмет етті. 
Қаншама қазақстандық балақайлар әкемнің арқасында аяққа тұрып кетті. Медицина қазіргідей дамымаған кезде бір аяғы бір аяғынан қысқа балаларға дәрігерлер көмектесе алмайтын. Солай өмір сүретін. Ал кейін медицина дамығанда әкеміз травматолог-ортопед дәрігер ретінде талай ата-ана мен баланың алғысын арқалады. Дисплазия, ұршықтың таюы немесе өспей қалуы және басқа да түрлі ауруларды емдеді. Саладағы жемісті еңбегі ескерусіз қалмай, 2020 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды, –
дейді ұлы Данияр Дәулетбекұлы.
Дәрігерлер династиясының тағы бір өкілі – Жанерке Дәулетбекқызы 2009 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдаған. Жанерке қазіргі таңда Қаратау қаласындағы «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінің бас дәрігері.
– Бала күнімде өте аурушаң, әлжуаз болдым. Ауруханадан шықпайтынмын. Үнемі ем алып жүретінмін. 9-сыныпта оқып жүрген кезімде ота жасалды. Яғни әкемнің үзеңгілес достары, әріптестері облыстық балалар ауруханасында ота жасап, аман алып қалды.
Сол кезден бастап әкем мен достары секілді дәрігер боламын деп өз-өзіме уәде бердім. «Уәде – Құдай аты» деген. Уәдемде тұрдым. 
Бала кезімізде әкемді санитарлық авиациямен басқа өңірлерге алып кететін. Білімді, білікті дәрігер болғандықтан еліміздің басқа да аймақтарындағы дәрігерлер хат-хабар алмасып, ақылдасып, кеңес алып отыратын. Әлі күнге әкем дәрігерлік тәжірибесімен бөлісіп отырады, – дейді Жанерке Дәулетбекқызы.
«Екі көзің – шырағың» деп дана халқымыз біліп айтқан ғой. Мойынқұм аудандық орталық аурухананың екі тізгін, бір шылбырын Данияр Ахметжанов қолға алғалы аймақ тұрғындары бұрынғыдай көз ауруларына ем табу үшін Тараз қаласына сабылмайтын болды. Орталық ауруханадан ем ала алады.
– Кейінгі жылдары көз аурулары көбеюде. Мәселен, бұрын көздің ішіндегі бұршақтың қартаюы (катаракта) жасы үлкен кісілер арасында кездесетін. Қазір катаракта кеселі жасарып келеді. Не себепті? Біріншіден, ұялы телефонның кесірі. Екіншіден, экология өзгерді. Тамаққа химиялық заттар қосылды. Сондықтан зат алмасу процесіне байланысты көз ерте қартаяды. Қартайған соң ағарады. Екіншіден, ауадағы озон қабаты бірте-бірте жұқаруда, кей жерлері тесіліп жатыр. Бұл ультракүлгін сәулелерінің түсуін көбейтеді.
Өте өткір тұрған мәселелердің тағы бірі – балалар арасында, медицина тiлiмен айтқанда, миопия немесе жақыннан көргiштiк кеселiнің өсуi. Бұл ауру мектепке баратын балалардың 5 пайызында кездеседi. Демек, бiлiм беру мекемесiне бiрiншi сыныпқа барған 100 баланың бесеуi көзiлдiрiк тағады. Ал олар мектеп бiтiрген жылы бұл көрсеткiш 35 пайызға дейiн өседi. Бұл ғылыми-техникалық прогресс пен жаңалықтардың өтеуi iспеттi. Балалар бұрынғыдай асыр салып ойнамайды. Үш-төрт жасынан компьютерлiк ойындармен «сауатын» ашады. Күнi-түнi ұялы телефонды шұқылайды, теледидардың алдында отырады. Смартфонмен сағаттар бойы «сырласады». Осының салдарынан көз жақыннан көруге қалыптасады. Бұл –  балалар офтальмологиясының басты проблемасы. Қазір, әсіресе қаланың балалары алысқа, аспанға, тау ұшына қарай алмайды. Көз алдында кедергі тұр. Таудың ұшар басына немесе алысқа қараған кезде көздің барлық бұлшық еті босаңсып, қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Ал жақыннан қараған кезде көздің бұлшық еттері тарылып, жақынға жұмыс істеуге бейімделеді», –
деген Данияр Дәулетбекұлы жұмыс барысы туралы әңгіменің тиегін ағыта бергенде қасымызға әкесі – Дәулетбек Ахметжанов та келе қалды. 
Білікті дәрігерді бірден таныдым. Өйткені 2011 жылы облыстық балалар ауруханасында екі баламды да туабітті жамбас буынының дисплазиясынан емдеген болатын. Оншақты жыл бұрын балаларымды емдегенін айтып едім, санасы сергек дәрігер бірден есіне түсірді. 
– Дисплазия дерті әлі де дендеп тұр. Күні-түні жылайтын сәбиді травматолог-ортопед дәрігерге бірден көрсету керек. Қазір аналар сәбилерін бесікке бөлемейтін болды. Себебі сәбидің көбі ауру болып дүниеге келуде. Ал бесікке бөлемеудің сыры – сәбиде неврологиялық бұзылыс немесе жамбас ұршығының дисплазиясы бар. Осы екі жағдайда баланы бесікке бөлеуге рұқсат жоқ. 
Дисплазия деген – ұршық басының кальций жетіспеушілігіне байланысты бос болып, дамымай қалуы. Негізі мұны емдеудің сан түрі бар. Мәселен, баланың аяғына шина кигіземіз немесе массаж жасаймыз. Жалпы неғұрлым ерте анықтасақ, соғұрлым тез сауығуға мүмкіндік мол. Бала перзентханада дүниеге келген сәтте дисплазия бар не жоқтығын неанатолог дәрігер анықтайды. Дегенмен ата-аналар бала бір айға толған кезде хирургке барғанда міндетті түрде аяғын тексертіп алуы керек,
– деді Д.Ахметжанов.
Бір әулеттегі үш дәрігердің мамандықтарына адалдығы таңғалдырмай қоймайды. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар. Ұл-қызы да әке-шешелерінің ізін жалғастырып, солардың жүріп өткен жолынан тайғысы келмейді. «Бабасы еккенді баласы орады» деген мәтел осы Ахметжановтар отбасына қарата айтылғандай. 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА