Экология

Заңсыз балық аулау тыйылмай тұр

Бірі балықты бас пайдасы үшін ауласа, енді бірі әуесқойлықпен суға қармақ салады.

Тіршілік атаулы қайта түлеп, жаңаша кейіпке енетін көктем мезгілі шаруаға да қолайлы кезең. Әсіресе көктемгі дала жұмыстары жанданып, қарбалас қыза түседі. Сонымен қатар табиғат байлықтарын қорғаудың да маңыздылығы арта түседі. Көктемде суайдындарда балық аулаушылардың да қатары көбейе түседі. Бірі балықты бас пайдасы үшін ауласа, енді бірі әуесқойлықпен суға қармақ салады. Дейтұрғанмен заңсыз балық аулаудың зардабы көп екенін екінің бірі ескере бермейді.

Заңсыз балық аулаушыларға бақылау балықтың уылдырық шашатын кезеңінде күшейе түседі. Дегенмен бәрібір табиғат байлығына қиянат жасаушы қаскөйлер азаймай отыр. 
Өңіріміз су ресурстарына бай аймақ. Алайда оған ұқыпты қарамайтын азаматтар да бар. Мәселен, 2023 жылы «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану» заңнамаларын бұзған 104 әкімшілік іс қаралса, 2024 жылдың басынан бері 130 әкімшілік іс және 2 қылмыстық іс қаралуда.
Шу-Талас облысаралық бассейндік балықшаруашылығы инспекциясының мамандары да заңсыздыққа жол бермеу мақсатында тиісті жұмыстар атқаруда. Мысалы, балықты тиісінше қорғауды ұйымдастыру мақсатында инспекция мамандары облыстық полиция департаменті, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп заңсыз балық аулаушылармен күресу үшін арнайы рейдтер ұйымдастыруда.
Осы орайда ескере кетер бір жайт, облыста балықтардың уылдырық шашу кезеңіне орай Билікөл, Бөгеткөл және Ақкөл көлдерін өзара байланыстыратын Аса өзенінде және құймаларында 1 наурыз бен 1 шілде аралығында балық аулауға тыйым салынды. Сонымен қатар Шу-Талас бассейнінің басқа суайдындарында 15 сәуірден 31 мамырды қоса алғандағы уақытта, ал «Тасөткел» суқоймасынан жоғары орналасқан Шу өзенінде, оның құймаларында және Талас өзенінде 15 сәуір-30 маусым аралығында балық аулауға маусымдық шектеу қойылды. 
Маусымдық іс-шара ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Орманшаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Үстеміровтің 2015 жылғы 24 шілдедегі №190 «Жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылуда. 
Акция аясында облыс тұрғындары мен қонақтарынан табиғат қорғау заңнамасының талаптарын сақтауды, сондай-ақ табиғаттың байлығын сақтау үшін өз пайдасын енгізуді сұраймыз.
Әр азамат табиғат байлығына жауапкершілікпен қараса, жауапсыздықтың да жолы кесілетін еді. Әрбір адам заңсыздықтың зардабы көп екенін ескере жүрсе, байлықтың көзі – балық та сақталып қалмақ. 

Жамбыл ҮСІПБЕРЛИЕВ,
Шу-Талас облысаралық бассейндік 
балықшаруашылығы инспекциясының 
облыс бойынша балық
инспекциясы бөлімінің басшысы