Табиғатты аялау – азаматтық парызымыз
Қазақтың сайын даласына Тәңір тарту еткен табиғаттың таңғажайыбы көп қой, шіркін. Кең-байтақ көсілген осындай жазиралы даламыздың бір пұшпағы – Мойынқұм өңірі. Облысымыздың үштен бір бөлігін алып жатқан маңғаз дала қазақтың маңдайына біткен киелі мекендердің бірі.
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемеге Фурманов және Қарашар орманшылықтары кіреді. Аудан бойынша орманшаруашылығының жалпы штат caны – 61.
Фурманов орманшылығы 152 542 гектар аумақты алып жатыр. Мекемеде орманшылық басшысы, орманшының көмекшісі, орман шебері, 7 орманшы-қорықшы секілді барлығы 10 қызметкер еңбек етеді. Ал Қарашардың аумағы 343 395 гектарды құрайды. Мұнда орманшылық басшысы, орманшының көмекшісі, 2 орман шебері, 11 орманшы-қорықшы жұмыс істейді.
Өңірдегі орманшылықтардың жалпы жер көлемі – 495 937 гектар. Оның ішінде орманды алқаптың жалпы ауданы – 456 550 гектар болса, ормансыз алқап – 39 387 гектар. Орманмен қамтылған жер – 78 493 гектар, жайылым көлемі 29 088 гектарға тең.
Сонымен қатар Мойынқұм даласында шығыс жақ беті Хантаудан бастау алып, батысы Құмөзек, Сарыөзек, Қарабөгет және Ұланбел ауылымен жалғасатын «Андасай» мемлекеттік қаумалы бар. Бір миллион гектардан аса аумақты алып жатқан қорықтың Мойынқұм даласынан ойып тұрып орын алуы сонау 1966 жылдан басталады. Осы жылы қорық Үкіметтің қаулысымен іргесін бекітіп, еңсесін тіктеп, мемлекеттік зоологиялық қорғау аумағы есебінде картаға қосылды.
Жарты ғасырдан аса тарихы бар «Андасай» қорығы – жабайы аң-құстың өсіп-өнуіне табиғаттың өзі жарасты жағдай жасап келе жатқан киелі мекендердің бірі. Қорықтың ой-қырын кезіп жүретін құлан, ақбөкен, қарақұйрық, арқар, шұбар күзен, сұңқар, дуадақ, қалбағай, лашын, бүркіт, ителгі және тағы да басқа аң-құстары мен Бетпақдаланың сылдыршөбі, Альберт қызғалдағы секілді өсімдіктері «Қызыл кітапқа» енген.
Сондай-ақ Мойынқұмның басты байлығы – сексеуіл. Мойынқұм орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің директоры Кенжебек Абайдың сөзіне сүйенсек, өсімі жақсы болса, тамыры отыз метрге дейін тереңдейтін қасиетті ағаштың жерге де, елге де пайдасы орасан.
– Сексеуіл қоры ауданда 594 590 гектардан аса алқапты алып жатыр. Өңірімізде сексеуіл алқабын сауықтыра отырып, ерекше өсімдік түрінің қорын молайту шаруасымен Мойынқұм, Көктерек, Бурылбайтал, Ұланбел орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелері айналысады. Ауданның жер көлемі 5 045 000 гектар болса, 1 925 594 гектары аталған мекемелердің иелігінде, – деген Кенжебек Төлетайұлы ауданда жыл сайын сексеуіл қоры молайып келе жатқанын сөз етті.
Өткен жылы сексеуіл көшеттерін отырғызу бойынша ауданда жоспарға сай көптеген жұмыс атқарылған. Мәселен, өткен жылдың сәуір айында Фурманов орманшылығына 450 гектар жерге 1 миллион 406 мың 250 түп сексеуіл көшеті отырғызылған. 2023 жылдың қазан айында 50 гектарға 15 250 түп көшет отырғызылған. Одан бөлек 2023 жылдың күзінде 20 гектар тұқымбаққа 3 460 келі сексеуіл тұкымы себіліпті. Сонымен қатар Қосқұдық орман корының 2 400 гектар жеріне 8 400 келі сексеуіл тұқымы себілген екен.
Ал биыл 1 000 гектар алқап 2025 жылы сексеуіл көшеттерін отырғызу үшін дайындалыпты. Сондай-ақ 20 гектарға тұқымбақ пен 1 300 гектарға сексеуіл тұқымын себу жоспарланған. 2024 жылы минералды жолақтарға күтім жасау бойынша жылдық жоспарға сәйкес орман қоры жерінің 756 шақырым жеріне мамыр айында күтім жасау жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта ауданның әр аумағында сексеуіл отырғызу жұмыстары қарқынды жүруде. Көктерек орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі де өздеріне жүктелген міндетті белсенділікпен атқаруда. Аталған мекеменің директоры Бақыт Серікбаевтың айтуынша, мемлекеттік орман қорындағы қалыпты екпелерден барлығы 14 325 келі тұқым жиналып, тапсырма толықтай орындалған.
– Сексеуіл тұқымын себуге 2 400 гектар жер жыртылып, 800 гектар жерге 4 000 келі сексеуіл тұқымы себілді. Сонымен қатар 25 гектар тұқымбақ жері жыртылып, толықтай дайындалды.
Көктем айларында 450 гектар жерге сексеуіл көшетін отырғызу жоспарланған болатын. Жоспарға сәйкес 410 гектарға көшет отырғызылды. 40 гектар жерге сексеуіл көшетін отырғызу күз айларына шегерілген болатын. Аталған 40 гектардың көшеті дайындалып, 30 гектар жерге отырғызылып, жұмыстар әлі де жалғасуда.
2024 жылдың көктем айларында сексеуіл көшеттерін отырғызу үшін 800 гектар жер жыртылып, толықтай орындалды, – дейді Б.Серікбаев.
Қайбір жылы Мойынқұм орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме аумағында ірі табиғи өрт оқиғасы орын алып, 44 632 гектар жерді қамтыған тілсіз жау 6 күнде бір-ақ ауыздықталған еді. Табиғи апат алдағы уақытта тағы да қайталанбас үшін ауданда тиісті жұмыстар жолға қойылған.
Мойынқұм орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің директоры Кенжебек Абайдың сөзіне сүйенсек, мемлекеттік орман қоры аумақтарын және оларға іргелес орналасқан ауылдық округ жерлерін өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз ету үшін аудан әкімдігімен бірлескен профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітіліпті.
– Орман-дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру мақсатында халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек 29 орман пайдаланушымен келісімшарт жасалып, өрт сөндіру қауіпсіздігі туралы нұсқамалар таратылды. Сонымен қатар үш орман пайдаланушымен өрт сөндіру мақсатында тракторды пайдалану бойынша келісімшарт жасалды, – дейді Кенжебек Төлетайұлы.
ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларын бекіту туралы бұйрығына сәйкес мекеме құрал-саймандармен толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, 50 күрек, 36 ұрғыш, су құюға арналған 10 шелек, арқаға асынатын 10 өрт сөндіргіш құралы, 8 алғашқы көмек көрсету қобдишасы, 5 балта, 5 өртсөндіруші баллонмен қамтылған. Мекемеде өрт сөндіру жасақтары үшін арнайы техникалар кезекшілікке қойылған. Өрт болған жағдайда хабарлау жоспары жасалған.
«Апат айтып келмейді». Атқарылып жатқан ілкімді істерге қарамастан, өткен жылы Фурманов орманшылығында 1 өрт оқиғасы орын алыпты. Тілсіз жау 43 гектар орман жерін шарпыған. Мамандардың жүйелі жұмысының нәтижесінде жалын жарты сағаттан астам уақытта сөндіріліпті. Орман өртінен келген шығын көлемі 155 мың 302 теңгені құрайды.
Орманшаруашылығында тілсіз жаудың алдын алу, оларды дер кезінде анықтау және олармен күресу, орман ағаштарын адамдардың заңсыз кесуінен, ұрлауынан және басқа да бассыздықтардан тиімді қорғау жөніндегі маңызды іс-шараның ең тиімдісі – ормандарды күзету. Осы мекеменің орман қоры инженері, орманшылар және орман күтуші қызметкерлерімен арнайы топ кұрылған екен. Олар қызметтік автокөліктермен және құрал-жабдықтармен жабдықталып, орман қоры жерлеріне рейдтер жүргізуде. Топ мүшелері 2024 жылдың 13 наурызына дейін 9 рейд жүргізген. Орманды күзету және қору жұмыстарының нәтижесінде 1 азамат заңсыз аң аулау қағидаларын бұзу барысында ұсталып, құқық бұзушыдан тегіс ұңғылы аңшылық мылтық тәркіленіп, аудандық полиция бөліміне өткізілген. Табиғатқа келтірілген залал болмағандықтан құқық бұзушыға ескерту түріндегі әкімшілік шара қолданылған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ