Ғылым өркениетке жетелейді
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев облысымызға жұмыс сапары аясында Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында өткен «Ғылым және инновация – аймақты дамытудың драйверлері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.
Облыстың 85 жылдығы мен Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияның ашылу салтанатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ғылымды дамыту мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі екенін жеткізді.
Бұдан соң Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті Махметғали Сарыбеков, К.И.Скрябин атындағы Қырғыз Ұлттық аграрлық университетінің доценті Венера Кожогулова, Қарақалпақ ауылшаруашылығы және агротехнологиялар институтының халықаралық байланыстар бѳлімінің бастығы Есен Абдуллаев тақырып аясында баяндама жасады. Сондай-ақ онлайн режимде түркиялық Кастамону университетінің профессоры Явуз Гулоглу сөз сөйледі.Салтанатты жиында бірқатар педагог «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.Сонымен қатар Мәлік Отарбаев пен Ербол Қарашөкеев халық жазушысы Шерхан Мұртаза мен көрнекті қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүлшоқтарын қойды. Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының жатақханасы мен музейін, «Рухани жаңғыру және шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығын аралап, ғылыми жетістіктер көрмесін тамашалады.
Ғылым қызметкерлері күніне орай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Ғылым және коммерцияландыру департаментінің ұйымдастыруымен «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы ашылды. Зертхананың лентасын Мәлік Отарбаев пен өңірлік университеттің ректоры Мұхтар Байжұманов қиды.Ғылыми зертхананың ашылу салтанатына облыс әкімінің аппарат басшысы Лесбек Илебаев, «Амангелді Газ» өңдеу зауыты директорының орынбасары Болат Бухбанов, «QazaqGaz – барлау және өндіру» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инженерлері Құлмағанбет Уалиев пен Ғалым Дәндібай арнайы қатысты.
Айта кетсек, «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы еліміздегі мұнай-газ саласындағы ұңғымаларды бұрғылау және бекіту кезіндегі мәселелерді шешуге бағытталған.
Жұлдызай МҰСАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік
университетінің
4-курс студенті