Жастар театрын ашуға не кедергі?
Оқырмандарымыздың есінде болса, газетіміздің 27 наурызда жарық көрген №23 нөмірінде ҚР Еңбек сіңірген артисі, Қазақстанның Құрметті журналисі Асқарбек Сейілханның «Жамбылдық жастардың түсіне театр кіріп жүр» атты мақаласы жарық көрген болатын. Талай жылдан бері айтыла-айтыла ақжем, жазыла-жазыла жауыр болған, бірақ әлі күнге дейін шешімін таппаған жастар театрын ашу туралы мәселе көтерілген мақалада М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті жанынан құрылған «Дулати жастары» халық театрының бағындырған белестері де сөз болған.
Мақала авторы жазғандай-ақ, «Дулати жастары» халық театрының студент-әртістері расында да үлкен сахналарда өнер көрсетуге әбден лайықты екеніне дипломдық қойылымдарына қарап көз жеткізгендей болдық. Анығын айтқанда, ақпан айының соңында университеттің «Мәдениет және өнер» кафедрасының биыл диплом қорғайтын жоғары курс студенттері өндірістік тәжірибеге шығар алдында жыл бойы дайындаған қойылымдарын арнайы комиссияға көрсетіп, сараптамадан өткізді. Комиссия отырысына облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар мен облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Теміржан Серікұлы қатысып, театрдың тырнақалды қойылымдарын жоғары бағалады. Апталық аясында театр жастары «18 автобус» трагедиясын, «Диляфруздың төрт күйеуі» комедиясы мен «Сәт» композициялық қойылымын комиссия назарына ұсынып, тәлімгерлердің оң бағасын алды.
Жалпы «Дулати жастары» театрының тарихы 2003 жылдан бастау алады. Сол жылы ҚР Мәдениет қайраткері Айгүл Қабиеваның ұйымдастыруымен студенттік театр құрылады. Араға үш жыл салып, яғни 2006 жылы Айгүл Қабиқызының жетекшілігімен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Мәдениет және өнер» кафедрасы ашылып, театрдың тынысы ашыла түседі. Осылайша көптеген байқауға қатысып, көзге түсіп үлгерген жас өнер ұжымы елордадан арнайы келген министрлік өкілдерінің алдында Ораз Бекболовтың «Ит өлімі» қойылымын сахналап, халықтық театр атағын сәтті қорғап шығады. Бір айта кетерлігі, сол жылдары республика көлемінде «Дулати жастары» театрынан басқа ешбір өнер ұжымы халықтық атағын қорғамаған екен. Содан бері «Дулати жастары» халық театры халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, атағы алысқа жайылған ұжымға айналып үлгерді. Кезінде студенттік театр сахнасында өнер көрсеткен дарынды жастар бүгінде Астана, Алматы және еліміздің басқа да қалаларындағы өнер ордаларында сахнаның сәнін келтіріп жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Ал жас өнерпаздарға осы уақытқа дейін Тұңғышбай Жаманқұлов, Ақылдос Тәжиев, Асқарбек Сейілхан секілді мәдениет майталмандары дәріс берген. Өткен жылы кафедрада Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасы ашылды. Даңқты жерлесіміздің қуанышына әріптесі Бекжан Тұрыс ортақтасып, театр жастарына ағалық ақ батасын беріп қайтқан.
ҚОҒАМНЫҢ ДЕРТІН ДӨП БАСҚАН ҚОЙЫЛЫМ
Әне-міне қолдарына дипломдарын алатын жастардың қай туындысы болмасын ерекше сезімге бөлейді. Күлдіреді, жылатады, терең ойға батырады, толғандырады. Жүректі тебірентетін қойылымдарының бірі – «18 автобус» трагедиясы. Спектакльдің режиссері – «Мәдениет және өнер» кафедрасының 4-курс студенті Естай Тұрғанбек. Туындыда қоғамдағы көптеген өзекті мәселе көтерілген. Сюжет желісі автобус айдап, ауыл мен аудан арасында жолаушылар тасымалдайтын Зәкір есімді кейіпкердің өміріне қатысты өрбиді. Қойылымдағы әрбір кейіпкер оқиғаның мазмұнын аша түседі. Санаңды селт еткізер қойылым Зәкірдің үш күндік демалыстан кейін жұмысқа қайта шығуынан басталады. Бірақ басты кейіпкердің бойында үлкен өзгеріс бар. Автобус ішіндегі жолаушыларға бұрынғыдай жылы сезіммен қарай алмайды. Басты кейіпкердің ойынша, ауыл тұрғындары опасыз, имансыз, екіжүзді, күншіл, таяз ойлы сатқындар. Ең сорақысы, көлікте отырған жолаушының бірі – кезінде тастап кеткен туған анасы. Тағы бірі – арқа сүйеген адал досы. Мұнан бөлек жолаушылардың арасында өзгенің өміріне араласып, жағымсыз іс-әрекеттерімен шаңырағы шайқалып тұрған отбасыны ойран еткен өсекшілер де бар. Зәкірдің шарасыз күйге түсуіне барлығы да жауапты.
Жалпы Зәкір өмірге келмей жатып бағы жанбаған азамат. Анасы жас күнінде баянсыз махаббатты бастан кешіп, аяғы ауыр болып қалады. «Ата-анамның бетіне қалай қараймын, ауылға қалай барамын» деп ұяттан жерге кірердей болған бойжеткен қолындағы шаранасын автобустан лақтырып жіберуге оқталады. Бойжеткеннің ауыр күнә арқалағалы отырғанын байқаған автобус жүргізушісі сәбиді өлімге қимай, өз бауырына басады. Жаны таза, жүрегі кең адамның тәлімін алған Зәкір де асырап алған әкесінің жолын қуып, жүргізуші болады. Үйленіп, жанынан артық жақсы көретін келіншегінен ұл сүйеді. Алайда санасында «апталап, айлап жолда жүремін, әйелімнің не істеп, не қойып жатқанын білмеймін» деген арам ой қылаң беріп қоятын.Белгілі бір бағыты жоқ болса да автобусқа күніге мініп, ең артқы орындыққа жайғасып, өзі пісіріп әкелген бәліштерін сатып жүретін кейуананың өзіне бір жақындығы барын іші сезетін. Себебі егде тартқан әйелдің жанарынан бұрын-соңды ешбір жаннан сезінбеген жылулықты, мейірімді байқайтын. Бірақ жанына маза бермеген сауалын қоюға батылы бармайтын. Бейбақ анасының да баласына «жаңылдым, кешір» деген сөзді айтуға күші жетпейтін. Дегенмен екеуін көзге көрінбейтін қылдай жіңішке жіп байланыстырып тұрғандай еді. Зәкірдің құлай сүйген жары арқасүйерім деп бағалаған жақын досымен көңіл жарастырып жүрген екен. Жалғыз ұлы да досынан болып шығады. Іштей сезіп жүрген ауыр шындықты ауылдың сөзтасығыш әйелдерінен естіген кейіпкер ашуға булығады. «Лауазымды қызметім де жоқ, тұлға болып қалыптаса алмай келемін» деген оймен өмір сүріп жүрген өзіне сенімсіз, жүйкесі бұзылған жігітке бұл жаңалық үлкен соққы болып тиеді. Ызадан жарылардай болған ол санасын билеген арам ойларға төтеп бере алмай, әйеліне қол жұмсайды. Ақыры әйелін өлтіріп, денесін бөлшектеп қапқа салып, өзі айдайтын автобусқа жасырады. Шарасыздықтан жанын қоярға жер таппаған Зәкір соңында қайраны жоқ дүниемен хош айтысуды ойлап, алдымен осы жағдайға жетуіне себепші болғандарды өлтіруге бел буады.
P.S: Сұхбат соңында талантты жастардың өз туындыларын үлкен аудиторияға көрсетуге мүмкіндігі жоқ екенін ойлап, еңсеміз түсті. Қоғамның ащы шындығын әлі оқу бітірмеген жастардың шебер суреттей білгеніне, жан жүректерімен сезініп жеткізгеніне қайран қалдық. Өнер үшін жаралған өрімдей ұл-қыздардың таудай талаптарының алдында басымызды идік. Студенттік театр алдағы уақытта пьесаның авторы, жас драматург Қазыбек Аманжолды өңірімізге арнайы шақырып, оның қатысуымен қойылымды тағы да сахналауды жоспарлап отыр. Өнерлі жастармен болған әсерлі әңгімемізден кейін олардың «Өз театрымыз болғанын қалаймыз» деген аманатын арқалап қайттық.
Ақтоты Жаңабай