Басты мақсат – бағаны тұрақтандыру
Биыл барлығы 5 жәрмеңке өтсе, үшеуі «Жастар» аллеясында ұйымдастырылды.Тараз қаласындағы «Жастар» аллеясында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Қордай, Шу аудандары мен Тараз қаласының ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің және тұрақтандыру қорының тауарлары саудаланды. Осылайша халыққа жалпы құны 21,3 миллион теңгені құрайтын 48,4 тонна ауылшаруашылық тауары қолжетімді бағада ұсынылды.
Мәселен, сауда сөрелеріне 8,1 тонна жылқы, сиыр, қой және тауық еті қойылды. Сонымен қатар 3 тонна шұжық, 5 тоннаға жуық сүт, 600 келі кондитерлік және 4,4 тонна макарон өнімдері саудаға шығарылды. Бұдан бөлек 7 мың жұмыртқа, 100 келі тұз, 1,2 тонна балық, 7 тонна ұн, 1,6 тонна бал мен 17,5 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері сауда сөрелерінен орын тапты.Тараз қаласы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Таңатаровтың айтуынша, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының тапсырмасы бойынша жәрмеңке нарықтағы бағаға құрылған кестеге сай ұйымдастырылуда.
– Бұрын жәрмеңкені орталық алаңда өткізіп жүргенбіз. Дегенмен көлік қозғалысына кедергі келтіріп, ойлана келе, жәрмеңкені «Grand bazar» сауда орталығының алдында ұйымдастырып жүрдік. Алайда базардың қасы болғандықтан тұрғындарға қолайсыз болды. Сондықтан биыл жәрмеңкені «Жастар» аллеясынның алдында өткізуді жөн деп таптық. Биыл барлығы 5 жәрмеңке өтсе, үшеуі «Жастар» аллеясында ұйымдастырылды. Былтырғы 47 жәрмеңкенің бесеуі орталық аланда, қалғаны «Grand bazar» сауда орталығында өткен болатын.
Қымбат ШӘРІП,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің 4-курс студенті