Кенеден келер қауіп аз емес
Адам мен мал, жан-жануарлар арасында түрлі ауру қоздырғышын тарататын зиянкестер арасында кене де бар. Кене арқылы адамдарға жұғатын аса қауіпті аурудың бірі – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы.
Облыста аталған аурудың табиғи ошағы – Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм, Сарысу, Талас және Шу аудандары. Облыс тұрғындарын кене шағып, кесел жұқтырып, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына шалдықпас үшін алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізіледі. Жыл сайын облыс әкімдігінің алқа отырысында ауру бойынша эпизоотиялық және эпидемиологиялық жағдай қаралып, облыс әкімінің тиісті орынбасарымен іс-шаралар жоспары бекітіледі.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша өңірде 2024 жылы 46 елді мекен қолайсыз деп танылды. Осыған орай Байзақ ауданында – 3, Жамбылда – 2, Мойынқұмда – 14, Сарысуда – 12, Таласта – 9 және Шу ауданындағы 6 эндемиялық қолайсыз елді мекенде көктемгі залалсыздандыру жұмыстары 15 сәуірден бастап жүргізілуде. Залалсыздандыру жұмысының алдында аталған елді мекен әкімдеріне механикалық тазалық жұмыстарын жүргізу үшін облыс әкімдігі ветеринария басқармасы тарапынан хабарлама жолданды. Жоспарға сәйкес табиғи ошақ аумағында көлемі 6 418 000 шаршы метр болатын 20 297 қора-жай залалсыздандырылып, 560 000 ауылшаруашылық жануары кенеге қарсы дәріленетін болады. Сонымен қатар 156 000 шаршы метрді құрайтын буферлік аймақ (мал суаттары, мал кіретін орындар, елді мекен төңірегіндегі бұталар) залалсыздандырылады.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру. Науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда соңы өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін.Аурудың негізгі клиникалық белгілерін сөз етсек, инкубациялық кезең (ауру қоздырғышын жұқтырғаннан бастап аурудың алғашқы белгілерінің пайда болуына дейінгі мерзім) 1-14 күнге дейін созылады. Бұл кезеңнің ұзақтығы вирусты жұқтыру жолына байланысты болады. Аурудың алғашқы белгілері – дене қызуының кенеттен +39-40 С-ға дейін көтерілуі. Сонымен қатар науқастың қатты басы ауырып, көзі қызарады. Бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігінің қан кернеуімен мойын, арқа, белдің ауруымен қоса адам лоқсып, құсып, іші ауырады немесе іші өтеді. Ал ауру одан әрі дамыған жағдайда денеде бөртпелер пайда болады. Мұрыннан, қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан қан кету белгілері, ине енгізу орындарында қанталау (гематомалар) белгілері байқалады.
Негізгі жұқтырушы және ауру қоздырғыштарын тасымалдаушы – кене. Кененің шағуы – адамды қауіпті ауруларға және көп жағдайда өлімге апаруы мүмкін. Кене үйге гүлшоқпен де, иттің жүнімен де ілесіп келеді. Малшаруашылығында кенелер адамға көбінесе қойды қырыққанда, малды күтіп-бағу және емдеу кезінде жабысады. Кененің қауіптілігі сонда, олар адамның киімінің астарына байқатпай кіріп, денесіне қадалып алып қанды сорғанда мүлде ауырмайды. Көп жағдайда адам кенені келесі күні немесе тіпті одан да кейін байқауы мүмкін. Ауру сәуір айынан қазан айына дейін кездеседі. Ең қауіпті кезең – мамыр, маусым айлары.
Дерттің алдын алу үшін табиғи ошақ аумағында орналасқан елді мекендердегі жануарларды, қора-жайлар мен үй жайларының аумағын кенеге қарсы залалсыздандыру маңызды. Табиғи ошақтарда орналасқан тұрғындар малды күтіп-қарағанда арнайы киім кию қажет. Табиғат аясына демалысқа шыққанда кененің жабысқаны көрінетін ашық түсті, жақсы қорғалған резеңкелі манжетті және ұзын көйлек кию керек. Денеге кененің жабысқанын тексеру үшін өзіңіз және өзіңізге байқалмайтын орындарды (мойын, шаш, дененің артқы жағы және тағы да басқа) бір-біріңіздің үстеріңізді мұқият қарап отыру қажет.
Кене шаққанда немесе кенеден аса қауіпті инфекцияны жұқтыру мүмкін болған жағдайда отбасын аурудан қорғау үшін адам міндетті түрде жеке басты қорғау, сақтану құралдарын ұстанғаны абзал. Кене шаққан немесе жабысқан жағдайда міндетті түрде медициналық ұйымға хабар беріп, 14 күн медициналық бақылауда болу қажет.
Айжан ОРАЗБЕКОВА,
облыс әкімдігі ветеринария
басқармасының бас маманы