Дала төсі дүбірге бөленуде
Көктемде таудан арқырай аққан өзендер шілденің ми қайнатар аптап ыстығында сылдырай ағып, кей елді мекенде егіс алқаптарының аңқасы кебетіні соңғы жылдары қатты байқалуда.
Десе де шаруалар бүгінде суды көп қажет ететін дақылдарды азайту, ағын суды ысырап қылмай үнемдеу, жаңбырлатып немесе тамшылатып суару технологиясын қолдану секілді басқа да аса қажетті амалдарды қолдануға көшкен. Уақыт өткен сайын тәжірибе жинақтаған өңір шаруалары қазіргі жаймашуақ кезді пайдаланып, көктемгі дала жұмыстарына бел шеше кіріскен. Қара жерге маңдай тері қаншалықты төгілсе, бейнетінің өтеуі сонымен өлшенетінін жақсы білетін диқандардың тыным таппауы заңдылық.Биыл өңірде ауылшаруашылық дақылдары 644,5 мың гектарға себіледі. Нақты айтқанда, 364,7 мың гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 45,8 мың гектарға майлы дақылдар, 7,9 мың гектарға қант қызылшасы, 4,5 мың гектарға картоп, 23,1 мың гектарға көкөніс, 7,9 мың гектарға бақша дақылдары және 190,5 мың гектарға мал азығы егіледі.Бүгінгі күні барлық ауданда көктемгі дала жұмыстары басталып, 30 915 гектар жер жыртылса, 137 989 гектар алқап егіске дайындалыпты. Одан бөлек 85 951 гектарға жаздық масақты дақылдар, 17 894 гектарға көпжылдық шөп, 6 224 гектарға көкөніс, 192 гектарға майлы дақылдар, 977 гектарға қант қызылшасы, 556 гектарға бақша дақылдары, 50 гектарға картоп, 152 гектарға дәндік жүгері, 5 365 гектарға пияз дақылы отырғызылады.
Дала жұмыстарына қажетті 44,8 мың тонна тұқымның 42,9 мың тоннасы дайындалыпты. Бұл қажетті тұқым көлемінің 96 пайызын құрайды. Ал жетіспейтін тұқым көлемі облысымызда және көрші облыстарда тұқым өндіруге және сатуға аттестатталған шаруа қожалықтар тарапынан толықтырылады.Жауапты науқанға 7 311 ауылшаруашылық техникасы жұмылдырылуда. Оның 4 585-і трактор болса, 1 234-і соқа, 580-і қопсытқыш, 822-сі дәнсепкіш, 90-ы тұқым дәрілегіш техникалар. Сондай-ақ егіс жұмыстарына қажетті дизель отыны 10,8 мың тоннаны құраса, оның 2,9 мың тоннасы облысқа жеткізіліп, 826,7 тоннасы шаруашылықтарға үлестіріліпті. Шаруашылықтарға жанар-жағармайдың 1 литрі 250 теңгеден босатылуда. Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы арқылы 2,5 миллиард теңге қаржы қарастырылып, 1,3 миллиард теңгеге 82 өтінім мақұлданыпты. Қазіргі таңда төлем жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы 2024 жылы облыстың ауылшаруашылық саласын дамыту үшін қазына қаржысынан 40,7 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде субсидияға – 19,6 миллиард теңге, «Ауыл аманаты» жобасына – 13,1 миллиард теңге, «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасы (Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату) бойынша 8 миллиард теңге бөлінген. Жыл басынан бері ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге 6,6 миллиард теңге субсидия төленіпті. Нәтижесінде қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша ауылшаруашылығы саласында 28,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 2,7 пайызға артқан.– Үкіметтің статистикалық деректерді нөлге келтіру туралы тапсырмасына сәйкес аудандар арқылы егістік алқаптарына нақтылау жұмыстары жүргізіліп, былтырғы статистикалық мәліметтермен салыстырғанда 118 мың гектарға кеміді. Егілетін 644,5 мың гектар алқаптан болжаммен 437,6 мың тонна масақты дақыл, 384,8 мың тонна қант қызылшасы, 702,3 мың тонна көкөніс, 114,6 мың тонна картоп және 725,8 мың тонна мал азығын жинау жоспарланып отыр.
Жыл басынан бері ауылшаруашылығының негізгі капиталына 411,3 миллион теңге инвестиция салынған. Жалпы облыста 2024-2026 жылдары 211,4 миллиард теңгеге 42 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 911 жұмыс орны құрылады. Былтыр 9,1 миллиард теңгеге 8 инвестициялық жоба іске асырылса, биыл 65,1 миллиард теңгеге 25 жоба іске қосылады деп күтілуде. 2025 жылы 26,3 миллиард теңгеге 16 жоба жүзеге асырылып, 368 жұмыс орны ашылмақ. 2026 жылы 120 миллиард теңгеге 1 жоба іске қосылып, нәтижесінде 25 жұмыс орны құрылады.– Халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында 2019 жылы бастау алған қазіргі «Ауыл аманаты» жобасы өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетті. Жобаның бірінші кезеңінде игі бастамаға өңірдегі 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекеннен 7 856 отбасы тартылды. Бұл мақсатта жалпы 9,2 миллиард теңге игерілді. Оның жалғасы ретінде 2021 жылы қайтарылған несиелердің есебінен 3 ауылдық округ пилоттық жобаға енгізіліп, 253 жоба іске асырылды. 2022 жылы республикалық бюджеттен 6 миллиард теңге бөлініп, 10 ауылдық округтен 1 204 кәсіпкерге несие берілді.
Өткен жылы 24 миллиард теңге қаржы қаралып, 5 088 адамға шағын несие беру көзделген еді. Бүгінгі күнге 21,4 миллиард теңгеге 3 664 жеке кәсіпкерге шағын несие берілді.2024 жылға «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 13,2 миллиард теңге бөлініп, 2 786 өтінімді қаржыландыру жоспарланды. Ереже бойынша, бөлінген қаражаттың 50 пайызына мал сатып алу, қалған 50 пайызы кооперативтерге және жеке кәсіптер ашуға бағытталуда.«Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасы (Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату) аясында сүт-тауарлы ферма құру бағытындағы 4 жоба несиелендіріледі.
Көктемгі дала жұмыстары аудандарда да қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Жамбыл ауданы тұрғындарының басым көпшілігі егіншаруашылығына ден қойып, Жер-анадан ризық-несібесін айырып отыр. Көктемнің әр күні – жер емген диқандар үшін қарбаласқа толы шақ. Шаруалар ала таңнан күн ұясына батқанға дейінгі уақытты тиімді пайдалану үшін жер жыртып, дән сеуіп жүр.Жақында аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы көктемгі дала жұмыстарының өту барысын зерделеу үшін бірқатар шарауашылықты аралап, диқандардың жай-күйіне қанықты. Ауданда биыл 53 562 гектарға ауылшаруашылық дақылдары егіледі. Дәнді және дәнді бұршақты дақылдарды 17 480 гектарға орналастырылу жоспарланған екен. Оның ішінде дәндік жүгері 1 400 гектарға, мақсары секілді майлы дақылдар – 2 500, қант қызылшасы – 1 500, картоп 182 гектарға отырғызылады. Көкөніс дақылдарының көлемі 7 200 гектарды, бақша дақылдары – 300, мал азығы – 24 400, оның ішінде сүрлемдік жүгері – 120, көпжылдық шөп 1 300 гектарды құрайды. Жаздық дақылдарды 26 502 гектарға орналастыру жоспарланып, бүгінде 20 578 гектарға сүдігер көтеріліпті. 5 319 гектарға жаздық арпа, 880 гектарға көпжылдық шөп, 32 гектарға картоп, 97 гектарға қант қызылшасы, 585 гектарға пияз орналастырылыпты.
Осылайша дала төсін дүбірге бөлеген облыс диқандары қайтсек аз шығынмен мол өнім аламыз деп аянбай еңбек етуде. Өйткені тиімді тәсілдерді қолдану арқылы мол өнімге қол жеткізуге болатыны іс жүзінде дәлелденген. Соның бірі – су үнемдеу. Одан бөлек шаруа қожалықтар қажетті мөлшерде органикалық және минералды тыңайтқыштарды уақытында қолданып, егіске дер кезінде күтім жасап отырса, Жер-ана жарылқамай қоймайды.
НҰРЫМ СЫРҒАБАЕВ