Қоғам

Қарғын су қайдан келді?

15 сәуір күні кешкі сағат 20:35 шамасында әлеуметтік желілерде Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен ауылын су алып жатқаны туралы хабар тарады.Көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша жыл басынан бері тиісті жұмыстар атқарылғаны баршаға мәлім. Су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөнінде қабылданған іс-шаралар аясында өзен-көлдердің жағалауын нығыздау, тазалау, арықтарды аршу, автомобиль жолдары мен теміржолдың астынан өтетін судың жолын тазарту, су өткізгіш құрылғыларды тексеру секілді шаруалар үздіксіз жүргізілді.

Бірақ 15 сәуір күні кешкі сағат 20:35 шамасында әлеуметтік желілерде Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен ауылын су алып жатқаны туралы хабар тарады. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов және тиісті мамандар оқиға орнынан табылды. Білгеніміздей, сол кезде Жасөркен ауылындағы 7 ауланы және М.Әуезов орта мектебінің аумағын толассыз жауған жаңбырдан пайда болған көлбеу су басқан еді. Аймақ басшысы жауаптыларға арнайы тапсырма беріп, облыстық төтенше жағдай департаментінің 51 қызметкері, 14 техника және 6 мотопомпа су басқан аулаларды сору ісіне жұмылдырылды. 

 


Біз кері қайтарда ауыл көшелеріндегі, аулалардағы су тегіс сорылып, тұрғындар күнделікті қоңыр тіршілігіне қайта кіріскен еді. Дегенмен әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбалардағы көрініс тілсіз жаудың көшемен, ауламен жүріп өткен жолы адамды әбігерге түсіретіндей күшке ие екенін сезіндік. Мұндайда «Талас өзенінің жағалауында отырған Жасөркенге қауіп өзеннен келмеді ме екен?» деген заңды сұрақ туындайды. Осы орайда біз «Жасөркенге су шын мәнінде қайдан келді, адуыны күшті ағын су Талас өзенінен тасыған жоқ па? Маңайдағы қасат қардың әлдеқашан еріп кеткені белгілі, бір-екі күндік жауыннан жиналған суда осыншама екпін бола ма?» деген сұрақтарға жауап іздеп «Қазақ сушаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының докторы Оразхан Қарлыхановқа жолықтық. Ғалым ауылды басқан су өзеннен емес, тікелей таудан келгенін растады.– Жасөркен ауылының маңайындағы төбелер мен жалпы таудағы қалған-құтқан қар еріп, жерастына сіңді. Соның есебінен жерасты суының мөлшері артты. Мұндайда жауған жауын жерге сіңбей, су ағынын тудырады.

Суды басқарудың бірнеше түрі бар. Яғни өзендегі, көлдегі суды, жерасты суын, қызыл суды басқару деген секілді көптеген түрге бөлінеді.  Шынын айтқанда, біз жауыннан пайда болған тау суын басқара алмай, аталған елді мекенді су астында қалдырдық. Ол су Қырғыз Республикасынан келген жоқ, Талас өзенінің деңгейі көтеріліп, арнасынан тасыған жоқ. Жергілікті таудан, сай-сала мен жылғадан екпіндей ағып келген суды игеруге ауылдық округ, аудан әкімдігі мен тиісті мекемелер дайын тұруы керек еді. Мұндайда жауаптылар жағдайды дер кезінде бақылап, қауіп туындатпауы қажет. Мұнда соншалықты мәселе жоқ. Жауыннан пайда болған су ауылға кірді де, бір пәсте елді үрей құшағында қалдырды. Осы тұста айтарым, халықтың «тасқын су қаупі бар» деп дүрбелеңге салынуы қисынсыз.

Кейбіреулердің ойынша, Қырғыз Республикасында орналасқан «Киров» суқоймасының бөгеті бұзылуы немесе суқойма кемеріне келгенде шлюзден көп мөлшерде су жіберіліп, салдарынан Тараз қаласының жартысын су алып кетуі мүмкін деген күдік бар. Бұл да қисынсыз. «Киров» суқоймасының беріктігі талапқа сай. Ол жерде бөгеттің беріктігін бақылап отыратын арнайы аппарат бар. Ол құрылғы тұрақты, қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Аталған суқойма тек қырғыз бен қазақтың ғана емес, өзге мемлекеттер тарапынан құрылған бақылау органдарының да қадағалауында. Қазіргі таңда «Киров» суқоймасына түсіп жатқан судың транзиттік мөлшері белгілі. Суқойманың сыйымдылығы 550 миллион текше метр болса, қазір онда 455 миллион текше метр көлемінде су бар. 


О.Қарлыханов сөз арасында бір мәселенің шетін шығарды. Айтуынша, қазіргі таңда Талас өзенінің бойындағы және басқа да кішігірім тоғандар балық және басқа да шаруашылықтар үшін жеке адамдарға берілген.


Бұл да ойланатын мәселе екен. Десе де халық көкейінде күдік болмас үшін «Киров» суқоймасына арғы беттен қатты екпінмен су келсе, оны қойманың қабылдауы, транзиттік суды төмен қарай ағызып жіберетін су қондырғылары талапқа сай жұмыс істеп тұрғанын айта кеткенді жөн көрдік. Сол секілді біршама уақыттан бері облыстағы «Тасөткел», Теріс-Ащыбұлақ» секілді барлық суайдындар транзиттік режимде жұмыс істеуге көшкен. Ішкі каналдар мен өзендердің де деңгейі бақылауда. Сол себепті облыс тұрғындарының су тасқынына қатысты алаңдауына еш негіз жоқ.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ