Мәдениет

Жұмат Шанин театры – Таразда

Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры 16 сәуір күні Тараз қаласына гастрольдік сапармен келеді.

18 сәуірге дейін жалғасатын гастрольдік сапар аясында театр репертуарындағы Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы, Хамеш Хурсандовтың «Өлдік те, құрметті болдық» трагикомедиясы, Мұқағали Мақатаевтың «Дариға жүрек» II бөлімді поэтикалық сазды толғауы көрермен назарына ұсынылады.
Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының директоры Арайлым Салдарованың айтуынша, екі күнге жоспарланған гастрольдік сапардың негізгі мақсаты – қос өнер ұжымы арасында достық әрі шығармашылық байланысты арттыру және талай театр саңлақтарының ізі қалған академиялық театрдың өнерін Тараз жұртшылығына таныту.
– Театрды ізденіс өсіреді. Сондықтан жыл сайын әр аймаққа гастрольдік сапарға шығып, әріптестерімізбен тәжірибе алмасуды жолға қойғанбыз. Қазір киелі Әулиеата өңірінде өтетін гастрольдік сапарымыздың соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап жатырмыз. 
Шығармашылық сапарымыз аясында әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтерген, көрерменге көп ой салатын бірнеше қойылым сахналауды жоспарлап отырмыз. Атап өтер болсам, Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзі» – махаббат пен дәстүр тартысының таразыға түскен сәтін шебер суреттейтін, танымы мен берері мол қойылым. Махаббат үштігі – Нарша-Қарагөз-Сырым арасындағы тартыстың жеті ата заңдылығынан асып кете алмай, соңы Қарагөздің қасыретімен аяқталады. Спектакльдің қоюшы режиссері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев. Қоюшы суретші – ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов. 
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Дариға жүрек» және «Аққулар ұйықтағанда» атты екі поэмасынан тұратын поэтикалық толғауы да көрерменнің көңіліне шуақ нұрын себетіні күмәнсіз. Себебі мұзбалақ ақынның шығармасындағы оқиғалар тізбегі өткен өмір белестері мен бүгінгі өмір толқындарын тоғыстыратыны айдан анық. 
Мұқағали ақынның әрбір шығармасын көпшіліктің, әсіресе жас буынның сүйіп оқитыны бәрімізге мәлім. Сондықтан аталған спектакльде көрермен Мұқағалидың поэзиясымен қатар, ақынның сөзіне жазылған әндер арқылы да рухани азық алатын болады. 
Бірінші бөлімдегі «Дариға жүрек» бізді сонау соғыс жылдарындағы оқиғаларға жетелейді. Жас келіншек Дариғаның майданға аттанған жан жарының оралуын күтіп, аңсап, сезімге шөлдеп жүрген сәтін көреміз. Кейін жолдасынан қаралы қағаз алған келіншектің өмірі күрт өзгеріп, сезіміне бой алдырып, үлкен қателік жасайды. Мұны көзімен көрген жас ақын Мұқаш жер бауырлап жылай жүріп жеңгесін ақтап алғысы келеді. Бірақ сол қателік Дариғаның жардан құлап, өмірмен қоштасуына әкеліп соғады.
Екінші бөлімдегі «Аққулар ұйықтағанда» атты поэмасының оқиғасы көрерменді ауыл маңындағы табиғаты сұлу көлдің маңына апарады. Бұл – аққулар мекендеген қасиетті көл. Сол маңайда тұрып жатқан отбасының жалғыз ұлы науқастанып қалып, анасына түсінде «аққудың етімен емдесе ғана балаң жазылады» деген аян келеді. «Аққуларды атуға болмайды, киесі атады» деген жұбайының сөзіне қарамастан, ауырып жатқан жас сәбиінің емі үшін шырылдаған ана көлге мылтықпен барып, аққуға оқ атады. Сөйтіп, аққулар тобы бұл көлден ұшып кетіп, ғайып болады. Көл жетім қалады, сәні қашады. Қадір-қасиеті кетеді. Яғни «Қасиетімізге қол жұмсап, қадірімізден айырылдық» дейді ақын. Қойылымның қоюшы режиссері – Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов. Қоюшы суретшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бахыт Сраилов. 
Хамеш Хурсандовтың «Өлдік те, құрметті болдық» трагикомедиясы да көрерменге үлкен ой салатыны анық. «Анаңызға жақсы көретініңізді қашан айттыңыз?» деген қоғамдық сауалнама жүргізілгенде басым көбі ол жайында ойланбағанын айтады. Иә, ата-анамыз барында отбасы құндылығына жүрдім-бардым қарап, ешқашан ешқайда кетпейтіндей, ештеңе өзгермейтіндей қабылдап, мән бермейтініміз рас. 
Күнделікті күйбең тіршіліктің ағымында жүріп, ата-анасымен жиі кездесуге мұршасы жоқ перзенттер жайындағы танымдық комедия «Қанша жерден жұмысбасты болсаң да ата-ананың қадірін көзі тірісінде біл» деген ойды көрермен таразысына тастайды. Қоюшы режиссері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, режиссер Бекболат Құрманғожаев, қоюшы суретші – ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов, – деді Арайлым Құрбанбекқызы.
Олай болса, Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарын 16-18 сәуір күндері Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрынан табылып, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының өнерімен сусындауға шақырамыз. 

Айжан ӨЗБЕКОВА