Қуаңшылық экономикаға да, экологияға да зиян
Қазіргі таңда қазақ елін алаңдатқан басты мәселенің бірі – қарғын суға қарсы тұру. Бүгінде Қазақстанда тасқын су салдарынан қалыптасқан жағдайға байланысты Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында төтенше жағдай жарияланып, бар күш топан суға тосқауыл қоюға жұмылдырылуда. Бұл негізі жергілікті атқарушы органның «Қамданған қапы қалмайды» деген қазақ нақылын қаперден шығарып алуының көрінісі. Ал облысымыздағы ахуал қандай? Біз осыны зерделеген едік.
ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ
Жалпы облыста қарғын судың қауіп төндіру ықималдылығы қаңтар айында белгілі болды. Нақты айтқанда, тау бөктеріндегі еріген қар мен жаңбыр суынан Шу, Талас және Аса өзендерінің арналарында су деңгейі көтеріліп, облыстық төтенше жағдайлар департаменті 40 елді мекен мен бірқатар шаруашылық объектілері тасқын су астында қалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Содан бері жауған қарды ерімей тұрып күреу, өзендер мен каналдардың табанын тазалау, су жүйелерін тал-дарақ, түрлі қоқыстардан арылту, дренаж жүйесі, арық-атыз, су өткізу көздерін аршу, жағалауды нығыздау секілді қауіптің алдын алу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 40 елді мекеннің 34-іне төнген қауіп сейілді. Қазіргі таңда қауіптің алдын алу жұмыстары әлі де жалғасуда. Суқоймалар мен өзен-көлдердің деңгейі тұрақты бақылауда. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Асқанат Қадыровтың айтуынша, өңірде тасқын су қаупі жоқ.
– «Тасөткел» суқоймасы әлі 30 миллион текше метр су қабылдауға әлеуетті. Су өткізу қабілеті секундына 360 текше метр болса, апаттық жағдайда су өткізу қабілеті 380 текше метрге дейін жетеді. Бүгінде түсіп жатқан су көлемі секундына 85 текше метр, ал тасталып жатқан су көлемі секундына 70 текше метр, – деген Асқанат Пермебайұлы барлық суқоймалар кемеріне келуге жақындап қалғанын жеткізді. Сутораптар мен суқоймалар бойынша сегменттік қақпаның ашылып-жабылу режимі, қақпа көтеретін моторлардың майланып, қалыпты жағдайда жұмыс істеуі тексеруден өткізіліпті. Су тасқынының алдын алу бойынша кезекшілік ұйымдастырылып, қазіргі таңда жағдай қатаң бақылауға алынған.Алдағы уақытта еліміздің су басқан өңірлеріндегі егіс алқаптары жарамсыздыққа ұшырауы мүмкін. Мұндай жағдай ел экономикасына, шаруаларға үлкен соққы болатыны белгілі. Сондықтан арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені ағын судан тапшылық болса, қуаңшылық жайлап, шаруалар шығынға батады. Ал егін бітік шығуы үшін өскін судан тарықпауы керек. Былтыр вегетациялық кезеңде ағын су тапшылығы туындады. Салдарынан облыстың бірқатар ауданында төтенше жағдай жарияланып, шығынға батқан шаруаларға мемлекет өтемақы төлеуге мәжбүр болды. Ал биылғы ахуал қалай болмақ? Негізі қырғыз елінде орналасқан «Киров» суқоймасы әлі кемеріне келген жоқ. Түсіп жатқан су көлемі секундына 20,8 текше метр екенін ескерсек, суқоймаға толық көлемде су жиналады деуге әлі ерте. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», егер Шу, Талас өзендері арқылы таудан су арқырай ақпаса, әрине, зардабын біздің диқандар тартатыны анық. Одан бөлек Сарысу ауданындағы «Бүркітті», Талас ауданындағы «Ақкөл» суқоймасында да мандырымды су жоқ. Мысалы, «Ақкөл» суқоймасына қазір аз ғана су түскен. Вегетациялық маусымда «Ақкөл» суайдынының шаруашылықтарды ылғалдандырмақ тұрмақ, көлдің табаны тартылып кететін түрі бар. Сол секілді «Бүркітті» сукоймасына да су жиналмай қалу қаупі жоғары. «Бүркіттіде» қазіргі таңда тиісті мөлшердің жартысына да жетпейтін су жиналыпты. Вегетациялық маусымға дейін аталған суқоймаларға су жеткізу жұмыстары қалай жүргізілуде? Шаруалар шілдеде судан тарықпас үшін әу баста қандай жоспар құрылды? Біз осы сұрақтарға жауап іздеп, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының су пайдалану және сату бөлімінің басшысы Бағдат Бейсенқұловқа жолықтық.
АҒЫН СУ ТАПШЫЛЫҒЫ ТУЫНДАУЫ МҮМКІН
– «Қазсушар» мекемесінің облыстық филиалының негізгі қызмет түрі – республикалық маңызы бар сушаруашылығы құрылыстарын пайдалану. Сонымен қатар сушаруашылығы құрылыстарын күтіп ұстау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.Филиал сумен жабдықтау, тұрақты суару және жайылымдарды суландыру, санитариялық-экологиялық мақсаттарға су жеткізу жөніндегі қызметтердің ірі жеткізушісі болып саналады. Қазіргі уақытта «Қазсушар» су саласындағы ең ірі кәсіпорын. Ол – облыстың 10 ауданында мелиорациялық судың бас жеткізушісі. Табиғи монополия субъектісі болып танылған және реттеліп көрсетілетін қызмет түрлері бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тізілімінің республикалық бөліміне енгізілген. Мәселен, тиісті тарапқа каналдар арқылы су беру, гидротехникалық құрылыстарды пайдалана отырып жерүсті ағындарын реттеу, магистральдік құбырлар арқылы сумен жабдықтау, тарату желілері арқылы сумен жабдықтау жұмыстарын жүргіземіз. Филиал теңгеріміне барлығы 567 гидротехникалық құрылыс алынған. Оның ішінде жетеуі суқойма болса, олардың жалпы су жинау көлемі – 841 миллион текше метр. Сонымен қоса 2 су бөгеті, 11 суторап, ұзындығы 2 606 шақырымды құрайтын 420 сушаруашылық каналы, 407 шақырымдық 81 коллектор жүйесі, 46 ұңғыма бар.Облыс бойынша су беру қызметі 10 әкімшілік аудан бойынша жүргізіледі. Оның ішінде Жуалы, Сарысу, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм және Меркі аудандарындағы алқаптар ішкі су көздері есебінен ылғалдандырылады.
Оның айтуынша, Шу өзенінің төменгі ағысындағы ағынды судың көлемі күрт қысқарған. Облыстың Мойынқұм, Сарысу аудандарына және Түркістан облысының Созақ ауданына судың түсу мөлшерінің азаюына байланысты аталған аймақтардағы шаруашылықтар шабындықтардан біртіндеп айырылуда. Сонымен қатар жерасты су деңгейінің төмендеуі көптеген құдықтың суы тартылып, түбі көрінгенімен қоймай, кебуіне де әкеліп соққан. «Қазсушар» РМК облыстық филиалы Мойынқұм, Сарысу аудандарына және Түркістан облысының Созақ ауданына қажетті су көлемінің жетуін қамтамасыз ету үшін шабындықтарды, шалғындар мен көл жүйелерін суландыру арқылы аудандардың экожүйесін қолдауға мүмкіндік беретін жолдарды қарастырып жатса керек. Шу өзенінің төменгі ағысының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында «Қазсушар» РМК өз балансындағы «Тасөткел» суқоймасынан 1,2 миллиард текше метр су тастау жұмыстарын атқаруда. Экологиялық апаттың алдын алудың басты мақсаты – өзеннің және басқа су экожүйелерінің тұрақтылығын сақтау, оларды тұрақты ағынсумен қамтамасыз ету. Экологиялық рұқсаттарды іске асыру экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік беріп қана қоймай, «Тасөткел» суқоймасының су тасқынына қарсы әлеуетін арттыруға ықпал еткен.
– «Теріс-Ащыбұлақ» суқоймасы бүгінгі күнге рұқсат етілген көлемінен 97 пайызға толды. Жылдың сулылығы көпжылдық орташа көрсеткіштерге сәйкес қоймаға 145 миллион текше метр су жинау жоспарлануда. Су тасқынының алдын алу үшін суқойма транзиттік режимде жұмыс атқаруға кірісті. Тасталып жатқан су Аса өзені арқылы Билікөл және Ақкөл көлдеріне құйылуда.Қордай ауданында орналасқан «Қарақоныз» суқоймасы 99 пайызға толса, «Қақпатас» суқоймасына да бүгінгі күнге 99 пайыз су жиналды. Екі суқойманы 100 пайызға толтыру жоспарлануда. Аталған суқоймалар транзиттік режимде жұмыс атқарып тұр. Тасталып жатқан су Шу өзеніне қосылуда.«Ақкөл» көлі қазіргі таңда 25 пайызға толғандықтан, өкінішке қарай, вегетациялық маусымға дейін оған тиісті көлемде су жиналмайды. Десе де казіргі таңда көлге су жеткізу бойынша қолдан келген жұмыстарды атқарып жатырмыз.«Киров» суқоймасы 81 пайызға толған. Вегетациялық маусымға дейін суқоймаға тиісті көлемде су жиналмайтыны анық. Бұл мәселе де назардан тыс қалмай, су жеткізу бойынша жұмыстар атқарылуда.«Ынталы», «Бүркітті», «Жартас» суқоймалары бойынша көпжылдық орташа көрсеткішке сәйкес алдағы уақытта су тапшылығы болмайды деп күтілуде.Жауын-шашын орташа көрсеткішке сәйкес болса, Меркі, Аспара, Көксай, Аксай, Қарақыстақ секілді тағы да басқа ішкі өзендерде су тапшылығы болмайтыны болжанды. Бұл жерде мәселе жауын-шашынның түсуіне байланысты.«Қазсушар» РМК облыстық филиалының теңгеріміндегі барлық 7 суқойманың жұмыс істеу кестесі қолымызда бар.
Сонымен қатар барлық аудандардағы өндірістік бөлімшелерге қарасты бетонды каналдардағы жарықтарды бүтіндеу жұмыстары жүргізіліпті. Барлық гидробекеттер тазаланып, әктеу және сырлау жұмыстары атқарылған. Мұндай жұмыстар гидротехникалық құрылымдардағы көпірлер мен қақпаларда да жүргізіліпті.Аудандардағы өндірістік бөлімше қызметкерлері каналдардағы күз-қыс айларында жиналып қалған қоқыстарды тазалау және кепкен шөптерді өртеу, судың ағысына кедергі болатын тал-дарақ, күл-қоқысты шығару сияқты жұмыстармен айналысқан.Ақпан-наурыз айларында аудан әкімдері халық алдында есеп бергенде әр аймақтағы өндірістік бөлімше басшылары мен қызметкерлері шаруалар арасында суды көп қажет ететін дақылдарды мүмкіндігінше екпеу жөнінде үгіт-насихат жұмысын қоса жүргізген. Шаруа қожалық басшылары егіс алқабына қандай өнім еккісі келсе де, ең алдымен, аудандық сушаруашылығы мекемелерімен келісіп жұмыс істеуі қажеттігі ескертіліпті. Жоғарыда айтылған мәселелер бойынша жазбаша түрде облыс әкіміне, орынбасарына, ауылшаруашылығы басқармасы мен аймақтардағы бөлімдеріне, барлық аудан әкімдеріне «Қазсушар» РМК облыстық филиалы арқылы хаттар жіберіліпті. Жерүсті суын арналар арқылы жеткізу қызметін тұтыну үшін өндірістік бөлімшелермен келісімшартқа отыруға келген шаруа қожалық иелерінің әрқайсысына ауылшаруашылық дақылдарын егуде жазғы салым су тапшылығы орын алатыны жөнінде ескертпе-хабарламалар беріліп, таныстырылыпты.
БАР ҮМІТ ЖАУЫН-ШАШЫНДА
– Өткен жылы су тапшылығына байланысты облысымыздың бірқатар ауданында төтенше жағдай жарияланғаны әрбір шаруаның есінде деп ойлаймын. Десе де біз өткеннен сабақ алып, аталған мәселелерді ескеріп, вегетациялық кезеңде ағын суды пайдалану бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібекпен, «Шу-Талас» бассейні инспекциясының басшысы Талғат Ибраевпен бекітіліп, облыс әкімдігі табиғи ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевпен, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековпен және филиал директоры Асқанат Кадыровпен келісілді.Іс-шаралар жоспары бойынша, бірінші кезекте су жеткізу бойынша келісімшартқа отыру үшін өтінім «Суармалы алқапта орналасқан шаруа қожалықтардан, ал екінші кезекте тәлімдік алқапта орналасқан шаруалардан қабылданады» деп атап көрсетілген. Тәлімдік алқапта орналасқан шарулармен келісімшарт жасамас бұрын арналардың су алу шекті нормаларының мүмкіндігі толық қарастырылып, зерделенеді. Осыған орай тәлімдік алқапта орналасқан шаруа қожалықтармен келісімшарт арналардың артық шекті нормалары болған кезде және су үнемдеу технологияларын қолданған кезде жасалатынын хабарлаймыз.Келесі онжылдықта су тапшылығы айтарлықтай артады деп күтілуде. Су әлеуметтік-экономикалық қызметтің барлық аспектілерінің маңызды элементі болып саналады. «Су – тіршілік көзі» деген сөз бекер айтылмаған. Ауылшаруашылық саласындағы агроөнеркәсіп кешендері және барлық басқа өндірушілердің тіршілік әрекетін қамтамасыз етуде тіршілік нәрінің маңыздылығы зор. Сондай-ақ экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін су қажетті табиғи ресурс болып саналатынын ескеруіміз керек. Суды үнемдеудің негізгі мүмкіндіктері – суармалы алқаптарға су беру тиімділігін, сондай-ақ суару процестерін жүргізу кезінде суды пайдаланудың тиімділігі мен өнімділігін арттыру.
Жалпы шаруалар шілденің шіліңгір ыстығында «еккен егініміз судан тарықпасын, дақылымыз күйіп кетпесін» десе, ағын суға иек артпай, әрекетке көшкен дұрыс. «Әрекетке – беркет» деген нақыл бар халық даналығында.Ол үшін суды үнемдейтін суару технологияларын қолдануға көшу қажет. Жергілікті атқарушы органдар осы істің жүйелі жүзеге асуына атсалысып, шаруаларға қолдау, олардың ойын жүзеге асыруға ықпал етуі керек.
Бүгінде су ресурстары қорларының жаппай азаю үрдісі байқалып, әсіресе қырғыз елі тарапынан мұздықтардың еріп, ағын суға айналу үдерісі төмендепті. Айырқалпақты ағайындардың осы туралы берген мәлімдемесін ескере келе, Қазақстан трансшекаралық Шу және Талас өзендері арқылы шаруаларға су беру мүмкіндігін, амал жоқ, кемітуге мәжбүр болған.Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, жыл сайын вегетация басталғанға дейін «Қазсушар» РМК облыстық филиалы шаруалар арасында су тапшылығы және су үнемдеу технологияларын қолдану туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін ұсыныс хаттар жібереді екен. Бүгінгі таңда тек ірі ауылшаруашылық тауарын өндірушілерінде суды тиімді пайдалануға көшу үшін жеткілікті қаражат болса, өзгесі әлі де ағынсуға тәуелді көрінеді. Дегенмен «Қазсушар» мекемесі өз тарапынан шаруаларды ылғал үнемдейтін технологияларға көшуге мәжбүрлей алмайды және суды көп қажет ететін дақылдарды келісімсіз еккен шаруаларға су жеткізіп бермейді. Сондықтан диқандар қай істі болса да екшеп, ескертпені елеп барып шаруасына кіріскені дұрыс. Сондықтан шаруалардың бар үміті – жауын-шашында.Осы орайда біз «Қазсушар» РМК облыстық филиалы «Ақкөл» өндірістік бөлімшесінің басшысы Абиламит Ахметовке хабарласып, аудандағы жағдай туралы мәлімет алдық. Айтуынша, осыдан 6 жыл бұрын «Ақкөл» суқоймасын қайта жаңғырту үшін жоба жасалып, оған республикалық бюджеттен тиісті қаражат қаралыпты. Жобаны «Казюжгипроводстройпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дайындап, бір жылдан кейін сараптамадан өткізілген. Жоба бойынша жұмыс құны 721 миллион 296 мың теңгені құраған.
Сөйтіп, мердігер компания «Арайстроймаркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2020 жылдың маусым айында жаңғырту жұмысын бастап, 2021 жылдың басында аяқтаған. Бөгет 7-8 метрге нығайтылып, бетондалған.Арнайы күзет үйі салынып, бейнебақылау құрылғылары қайта орнатылыпты. Нысан, яғни «Ақкөл» суқоймасы толығымен қоршалған. Барлық қорғау құрылғысы жаңартылып, электрлі таль орнатылған. Аталған көлдің Аса өзеніне түсетін бас қақпасы толығымен ауыстырылып, автоматтандырылған. Аса өзенінің төменгі арнасының екі жағы толығымен нығайтылып, 1 670 метрге көтерілген. Бөгетте орналасқан «Сұлтан» каналының бас қақпасының гидротехникалық құрылғысы толығымен ауыстырылыпты.
– Ақкөл көлінің толық сыйымдылығы – 264 миллион текше метр. Бөгетке жиналған судың көлемі 66,963 миллион текше метрді құрайды. Қазір келіп жатқан судың көлемі секундына 7,5 текше метр болса, ал шығып жатқан су жоқ. Елді мекендерге қауіп төнбейді, сонымен қатар көлге су тиісті деңгейде жиналмауы мүмкін екенін растаймын.Талас ауданы аумағындағы Ақтоған каналының басты шлюзінің табаны опырылып, шайылып кеткен болатын. Осыған орай филиал өз қаражаты есебінен шлюздің табанына бетондау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар шлюздің алдыңғы және артқы жағындағы қоқыстары тазаланды. Жөндеу жұмыстарының негізгі мақсаты – Ақтоған каналын суармалы маусымға дайындау және «Жартас» суқоймасына су тастау кезінде су ысырабын азайту.
«Жартас» суқоймасына 2021 жылы 1 897 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бас шлюздің алдына жиналған тас-топырақтар тазаланып, шыққан тас-топырақтармен суқойма бөгетінің осал тұстары нығайтылды. Суқойманың бас құрылымының алдында тас-топырақтар жиналуын болдырмау мақсатында 14 іргетас блоктары қойылып, ол арматурамен бекітіліп, бетіне 3х2 метр теміртор жабылды. Одан басқа «Мыңшұқыр» суқоймасына су жіберетін шлюздің алды эксковатормен тазаланып, шлюзбен көтергіш (винт) құрылымы майланып, сырланды.Ағымдағы жөндеу жұмыстарының негізгі мақсаты – «Жартас» суқоймасының дамбасын нығайту, шлюздің жұмысын жақсарту және «Мыңшұқыр» суқоймасына экологиялық мақсатта су тастау. «Жартас» суайдынына 2022 жылы 1 881 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі таңда «Жартас», «Кирпичный», «Мыңшұқыр» суқоймаларына 90-100 пайыз су жиналған екен. Ақтоған каналы арқылы келіп жатқан 2 текше метр су «Мыңшұқыр» суқоймасы арқылы «Алтынкөл» суқоймасына жіберілуде. Дегенмен вегетациялық кезеңде таластықтар ағынсудан тапшылық көруі мүмкін.
Нұрым Сырғабаев