Жаңалықтар

«Ақындай сезімтал жан бар ма әлемде?»

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана ұжымы «Жазушымен бір күн» жобасы аясында әулиеаталық ақындармен «Ақындай сезімтал жан бар ма әлемде?» тақырыбында кездесу кешін ұйымдастырды.

Кешке жазушы, белгілі журналист, облыстық «Аq jоl» газетінің аға тілшісі Қамар Қарасаева, жазушы, журналист Ардақ Үсейінова, ақын, «Аq jоl» газетінің тілшісі Нұржан Әліш, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, журналист Нұржан Қадірәлі қатысты.
Әдебиет әлемінде өздеріне тән соқпақ салған ақындардың өмір және шығармашылық жолдарымен танысу үшін іс-шараға поэзияға жаны құмар студенттер, оқушылар келіпті. Поэзия, ақындық өнер, бүгінгі қазақ әдебиеті жайлы орамды ой, пайымды пікір айтылған кеште ақындар өлеңдерін оқып берді. 
Белгілі жас ақын Нұржан Қадырәлі: «Ақынын іздейтін ел бақытты», – деп кітапхана ұжымына алғысын айтып, жырдан шашу шашты. Ақын Нұржан Әліш те анасына арнаған «Аққыз» атты кітабымен таныстырып, «Бала махаббат» атты өлеңін оқып берді. Ал әке жолын жалғастырған Ардақ Үсейінова драматургия саласына қалай келгенін айтты.

Ділназ ИЗАТІЛДА,
М.Х.Дулати атындағы 
Тараз өңірлік университетінің
4-курс студенті