Мопед тізгіндегендер мазаны қашырып тұр
Соңғы жылдары Тараз қаласында автокөліктермен қатар мопед, скутерлердің де саны артып келеді.
Әсіресе көктем шығып, күн жылынғалы мопед тізгіндеген жастардың қатары күрт өскені соншалық, аяқ алып жүре алмайтын болдық. Демек, алдағы уақытта шаһарда жол-көлік оқиғалары да көбейе бермек. Себебі желіккен жастар қарапайым жол ережесін сақтай бермейді. Сондықтан қала тұрғындары мопедтер мен электрлі скутерлерді пайдаланудың тәртібін, қозғалыс ережесін реттеуді талап етуде.
ҚАУІПСІЗДІК БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ
Мақаламызды дайындау барысында облыс орталығындағы саябақтарды, сауда орталықтарын аралап, біраз жайтқа куә болдық. Мәселен, «Mart» сауда орталығының төменгі қабатындағы көлік тұрағын құдды мопед тұрағы ма дерсің. Қаз-қатар тізілген көліктердің арасымен жарысып жүрген мопедшілерге «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ». Ескерту жасап жатқандардың сөзін елеп жатқан бір адам көзге түспеді. Керісінше одан сайын есіре түсуде. Жастары кәмелетке толмағандары түрлерінен байқалып тұр. «Шахристан» этномәдени кешенінің аумағында, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков саябақтарында, «Жастар» аллеясында да мопед мініп, скутермен серуендегендерден көз сүрінеді.
Жалпы мопед немесе скутердің жылдамдығы сағатына 40-80 шақырымға дейін жететінін ескерсек, соқтығысқан адамның жарақаты жеңіл болмасы айтпаса да түсінікті. Ал жаяу жүргіншілер жолымен еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жүретіндіктен жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін бағамдай беріңіз.
Мәселен, қала тұрғыны Перизат Болатқызы да шектен тыс көбейіп кеткен мотоцикл, мопед, скутерлердің кесірінен бала-шағамен саябақтарда емін-еркін серуендеуден қалғанын айтады.
– Қазір шаһардағы саябақтарда жай ғана таза ауа жұтып, серуендеу мүмкін емес. Тіпті жаяу жүргіншілер жолында кетіп бара жатсақ та қорқақтап, айналамызға жалтақ-жалтақ қарап жүреміз. Себебі мопед мінген жастар әбден үрейімізді алып бітті. Сондықтан мопедшілерге қаланың шеткері аймақтарынан арнайы орын тауып берсе деген ұсынысым бар. Өйткені балаларымыздың өмірі үшін алаңдаймыз, – дейді тұрғын.
Ал тағы бір қала тұрғыны Мереке Асқарованы өткен жылы жаяу жүргіншілер жолында мопед қағып кетіп, дене жарақатын алыпты.
– Содан бері мопедтерден фобия пайда болды. Даусын естісем денем тітіркеніп, үрейленіп кетемін. Дәл осылай жалғаса беруіне жол беруге болмайды деп ойлаймын. Қандай да бір тыйым салу керек.
Жол ережесін сақтап, мұқият жүрсе ешнәрсе демес едік. Алайда ережеге бағынып жатқан бірі жоқ. Салдарынан орны толмас оқыс оқиғалар орын алып жатыр, – дейді Мереке Асқарова.
Осы ретте облыстық полиция департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың 10 қыркүйегі мен 31 желтоқсан аралығында мопед, скутер және электрлі самокат тізгіндеген 442 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Кәмелет жасына толмаған 186 тұлғаның көлік құралын басқарғаны анықталған. Жаяу жүргіншілердің және жол жүрісі қағидаларының талаптарын орындамаудың 256 дерегі анықталып, айыптұраққа 48 мопед, скутер қойылыпты.
– Тараз қаласында полиция қызметкерлері скутер мен мопед жүргізушілерінің жол қозғалысы ережесін бұзуының алдын алу мақсатында 2024 жылдың 20-30 наурызы аралығында «Скутер-мотоцикл» жедел-профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырды.
Нәтижесінде патрульдік полиция инспекторлары аталған көлік түрлерінің жүргізушілері тарапынан болған бірқатар құқықбұзушылықты (арнайы дулығасыз жүру, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу, кәмелетке толмағандардың мопедті пайдалануы, маневр жасау ережелерін бұзу және төтенше жағдай туғызу және тағы да басқа) анықтады.
9 күнге жалғасқан рейд барысында полиция қызметкерлері 218 мопед пен мотороллер жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартып, 43 автокөлік айыптұраққа қойылды. Олардың ата-аналары да әкімшілік жауапкершілікке тартылып, профилактикалық әңгіме жүргізілді, – дейді облыстық полиция департаменті имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар бөлімінің инспекторы Гүлдана Апиза.
Тақырыпқа тереңірек бойлау мақсатында «Olх» қосымшасынан мопедті жалға берушілерді іздедік. Негізі жалға берушілердің көбісі мегаполистерде екен. Тараз қаласынан біреуін ғана таптық. Нөмірін алып, жалға алушы ретінде сөйлесіп көрдік. Жуырда 16 жасқа толатын інімізді қуанту үшін бірнеше күнге мопедті жалға алғымыз келетінін жеткіздік. Бірақ ініміздің әлі кәмелеттік жасқа толмағанын, сондықтан жүргізуші куәлігінің жоқ екенін ескерттік. Өзін Ербол деп таныстырған жігіт 18 жастан асқан жастарға ғана жалға бере алатынын, бірақ әке-шешесінің, ересек бауырларының төлқұжатын әкелсе, ешқандай кедергі жоқтығын айтты.
– Еш уайымдамаңыз. Сіз өзіңіздің құжатыңызды берсеңіз қабылдай береміз ғой. 16 жаста болса, кішкентай бала емес. Ең бастысы, айдай алса болғаны.
Фотодан көргеніңіздей, мопедтерім жап-жаңа. Басқалардыкі секілді ескі, әбден айдалған емес. Көп бұзылмайды. Сіз бірнеше күнге жалға алатын болсаңыз, ұтасыз. Себебі жалға алу құны 1 күнге – 8 мың теңге. Ал 1 аптаға бар болғаны 25 мың теңге төлейсіз. Тіпті жалға алып, пайда тапсаңыз да болады. Мәселен, жалға алып кетіп жүрген жігіттер күніне 5 мың теңге табыс табады. Немесе менен 25 мың теңгеге жалға алып, басқа біреуге 30 мың теңгеге жалға берсе болады. Тек қалай алды, дәл солай еш жерін бүлдірмей, сындырмай, сырмай тапсырса болды, – дейді жалға беруші.
Бір қызығы, жалға алушы мопедті тізгіндеп келе жатып көлікпен соғысып қалса, арық-атызға түсіп кетсе, басқа да түрлі оқыс жағдайға тап болса, мопедтің иесі жауапкершілікті мойнына алмайды екен. Ал егер мопедпен бірге берілген дулығаны жоғалтып алса, дөңгелегін жарып қойса, сырып алса немесе әйнегін сындырып алған жағдайда шығынын өтеп береді.
– Арнайы баскиімін, басқа да асай-мүсейлерін түгендеп береміз. Жаңа ғана айтқанымдай, мопедіміз жаңа. Егер бір жеріне зақым келсе, төлеуі керек. Жалға алатын кезде келісімшартқа отырамыз. Егер сырып алса –10 мың, әйнегі шытынаса 15 мың теңге төлейді, – деді Ербол.
Біз Қайрат Рысқұлбеков саябағындағы мопед, скутерлерді жалға беретіндермен де жолығып, әңгімеге тартып көрдік. Жалға беруші жас балалар аты-жөндерін айтудан бас тартты. Айтуларынша, мопедтерін қоюға алған орынның өзіне айына 30 мың теңге төлейді екен. Байқасақ, әрқайсысының кемінде 6-7 скутер, мопеді бар. Біреуін 10 минутқа 1000 теңгеге береді екен. Ары қарай 500 теңгеден қоса береді.
ЖАҢА ТАЛАП ЖҮГЕНСІЗДІКТІ ЖОЯ АЛА МА?
Жуырда Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Сенат отырысында Қазақстанда мопед жүргізу ережесін қатайту жоспары туралы айтты. Ол өз сөзінде қазір Ішкі істер министрлігі түзетулердің екінші пакетін әзірлеп жатқанын, ол қабылданғаннан кейін мопед жүргізушілері қозғалысының тәртібі реттелетінін мәлім етті.
– Қозғалтқыш көлеміне қарамастан, барлық мопед көлік құралы ретінде жіктеледі және оларды жүргізу үшін сізге «А1» санатындағы жүргізуші куәлігі қажет. Тиісінше біз осы мопедтердің барлығын тіркеп, тексереміз, – деді вице-министр.
Игорь Лепеханың айтуынша, пакетте тағы бір маңызды норма бар. Енді әкімдердің самокаттардың қызметін реттеуге өкілеттілігі болады. Олар «қай жермен жүруге болады, қай жермен жүруге болмайды, қай уақытта қозғалуға тыйым салынады» деген сияқты өздерінің қандай да бір қосымша ережелерін белгілей алады. Сондықтан облысымызда алдағы уақытта мопед немесе электрлі скутерлерге қандай да бір шектеу қойылар болса, таңғалуға болмайды.
Айжан ӨЗБЕКОВА