Қоғам

«Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, қоғамдағы буллинг, агрессия мәселесіне айрықша назар аударды.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес... Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек»,  деген Президент бірқатар тапсырма жүктеді.

Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі Мемлекет басшысының назарынан бір сәтке де тыс қалған емес. Мысалы, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту туралы Үкіметке арнайы тапсырма беріп, нәтижесінде былтыр шілде айынан бастап тиісті заңға құқықбұзушылықтарды декларациялаудан анықтауға көшуді көздейтін өзгерістер енгізілді. Содан бері елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша жәбірленуші полицияға арызданбай-ақ әйеліне әлімжеттік жасаушыларға қатысты әкімшілік іс қозғала беретін мүмкіндік пайда болды.
Қазіргі заң бойынша бір отбасында айқай-шу шықса, полиция оқиғаны өз бетінше анықтап, күйеуінің әйеліне қол көтергені белгілі болса, іс бірден сотқа өтеді. Одан бөлек жәбірленуші тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға шара қолдану үшін «102» нөміріне хабарласып, полиция қызметкерлерін оқиға орнына шақыра алады. Әйел арызданудан бас тартқаныман медициналық көмекке жүгінген болса, жедел жәрдем бригадасы полиция шақыруға міндетті. Сонымен қатар күйеуінің әйеліне күн көрсетпейтінін көршісі сезіп, полицияға хабарласса, әкімшілік іс қозғалады.
Яғни қазір әйелдің «өзімнен де кінә бар» деп болған істі жылы жабуына жол берілмейді. Әйелі күйеуін қанша жерден қорғаштаса да кешірім сотта бір-ақ мәрте беріледі. Осыған қарамастан, бүгінде отбасылық дау-дамай, зорлық-зомбылық тыйылар емес. Мәселен, жақында Сарысу аудандық әкімдігінің бас инспекторы Нұрсәулет Бапетовке Жаңатас қаласында тұрып жатқан, бірақ азаматтығы жоқ, өзі Өзбекстанда туған бір әйел көмек сұрап барыпты. Әйелдің сөзінен отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық факторы бары анық байқалған. Н.Бапетов аудандық әлеуметтік-психологиялық кеңес беру кабинетінің «Сенім» телефонына хабарласып, азаматшаның жағдайы туралы толық мәлімет береді. 
– Мән-жайға қаныққаннан кейін біз шұғыл түрде зәбір көруші А. деген азаматшаға хабарластық. Айтуынша, 3 баласымен 1 ай Тараз қаласындағы «Аналар үйін» паналапты. Алайда мерзімінің бітуіне байланысты қазіргі уақытта Тараз қаласында жүр екен. Паналайтын жері жоқтығын, отбасына қайтқысы келетінін, бірақ күйеуінен қорқатынын айтып, көмек сұрады.
Бірден Жаңатас қаласындағы 5-ықшамауданның аумақтық жергілікті инспекторы Талғат Аңғарбайұлына хабарласып, зәбір көрушінің қиын жағдайда екенін мәлімдеп, одан қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруды өтіндік. Осылайша А. есімді қызмет алушыны 3 баласымен Тараз қаласынан ауданға алдырттық.
Сөйтіп, мамандармен бірге күйеуінің тұрып жатқан үйіне барып, зәбір көрушінің жеке қауіпсіздігі үшін құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Зәбір көрушіге шұғыл психологиялық көмек көрсетілді. Түсіндіру іс-шараларының негізінде күйеуі үш баласының жағдайын ойлап, туыстарының үйінде уақытша тұруды дұрыс деп шешті. Қауіпсіздік шараларының алдын алған соң қызмет алушы ертесіне Сарысу аудандық кеңес беру кабинетіне шақыртылды. Қазір жағдайы бақылауымызда, – дейді Сарысу аудандық кеңес беру кабинетінің әлеуметтік маманы Қанағат Бақкүлиева.
Аудандық кеңес беру кабинетінің қызметіне жүгінген аталған азаматшаның күйеуінен көрген құқайы аз емес көрінеді.
– Жолдасым көрші келіншектің үйінен шықпайды. З. есімді келіншектің басы бос, турасын айтсам, ажырасқан. Күйеуім көрші келіншекпен салыстырып, оның әдемі екенін, менің әбіржіп кеткенімді, салақ екенімді күніге бетіме басып отырады. Ішіп келген күні балағаттағанымен қоймай ұрады, ар-намысыма тиетін ауыр сөздер айтады. Өзі әлгі келіншектің үйінде күні бойы карта ойнайды. «Неге сол үйге бара бересің? Уақытыңның көбін неге сол үйде өткізесің?» деп сұраққа алсам, «Неге түсінбейсің? Ағасы бала кезден бірге өскен досым әрі сыныптасым» деп өзіме қарай тұра ұмтылады. Соңғы жанжалда күш көрсетіп, қол жұмсап, ауыр соққы алдым. Қатты қорыққанымнан «102» нөміріне қоңырау шалып, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгіндім. Инспекторлар келіп, күйеуімді алып кетті. Ал өзім аудандық ауруханада емделіп шықтым. Екі қабырғам сынған екен. Жолдасымды құзырлы орган 15 күнге қамап қойды. Менің бұл әрекетім қайын әпкеме ұнамай, үйден қуып жіберді. Осылайша Тараз қаласындағы «Аналар үйін» паналауға мәжбүр болдым. Орталықтан бір айдан соң шықтым. 
Барар жер, басар тауым жоқ. Күйеуіммен ажырасқым келмейді. Арамызды дұрыстап, бақытты өмір сүруді қатты армандаймын. Азаматтығымды да алғым келеді. Себебі балаларым менің атымда. Бұл жағдайдың да отбасылық жанжалға әсері бар. Жеке үйіміз жоқ, кезекке де тұра алмадым. Себебі Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмай жүрмін, – деді кейіпкеріміз. 
Ал аудандық кеңес беру кабинетінің әлеуметтік психологі Гүлзира Қоңырбековамен тілдескенімізде зәбір көруші келіншекпен тиісті жұмыстар жүргізілгенін сөз етті.
– Мен одан «Сіз қазіргі отбасылық өміріңізге баса көңіл бөлмей, күйеуіңіздің өткен өмірін араластырып жақтан жоқсыз ба?» деп сұрадым. Өйткені мұндай жағдайдан кейін арада сенімсіздік пайда болады. Осылайша оған: «Өз-өзіңізден сұраңыз, «күйеуіңізді басқаға кетеді» деп неге сонша қорқақтайсыз? Оның біреуге қарағаны қалыпты нәрсе. Егер үнемі сенімсіздік танытып, ол «басқаға көз салады» деп қорқатын болсаңыз, шынында да шаңырағыңыз ортасына түседі. Ең бастысы, отбасын бұзатын жолдасыңыздың өзгеге қырындауы емес, өзіңіздің ішкі сенімсіздігіңіз екенін ұмытпау керек. Сондықтан да өз-өзіңізге сұрақ қойып, өзіңізбен жұмыс істеңіз. Өзгерісті өз ойыңыздан бастаңыз. Әйел құндылығын көтеріп, бойыңыздағы жақсы қасиеттеріңіз бен өзіңізге деген сеніміңізді арттыруға тырысыңыз» деп, маман ретінде тиісті кеңесімді бердім. Ашығын айтқанда, қызмет алушыға психоэмоционалдық жағдайын қалыпқа келтіре отырып, өзін-өзі бағалау, жетілдіру мақсатында мотивациялық кеңестер берілді,  – деді Гүлзира Оңалбекқызы.
Кеңес беру кабинетінің әлеуметтік маманы Қанағат Бақкүлиева аталған отбасындағы түрлі мәселелерді шешу мақсатында көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді. 
– Сарысу ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Мұхтар Бижановтың қабылдауына жазылып, үй кезегіне тұру мәселесі бойынша кеңес алды. «Қандастар» мәртебесінің мерзімі аяқталып кетуіне байланысты үй кезегіне тұра алмайтыны анықталды.
Аталған қызмет алушының азаматтығының жоқтығына байланысты Сарысу аудандық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің инспекторы Бақыт Абдрахманованың қабылдауына кіріп, азаматтық алуға қажетті құжаттар жинастырылып, өтініштер толтырылды. Енді қысқа мерзімде ҚР азаматтығын алады.
«Еврохим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Мектепке барар жол» акциясы аясында демеушілік көрсетіп, балалары оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз етілді. Шағын кәсіп иелерінің көмегімен қызмет алушы әртүрлі жұмысқа тартылуда. Ал өмірлік серігі Ақтау қаласына вахталық әдіспен жұмысқа орналасты.
Нәтижелі жұмыстың арқасында ерлі-зайыптылар өз қателіктерін түсініп, отбасын сақтап қалуды жөн көрді. «Бірің асыңқы, бірің басыңқы» деген ұстаныммен оларды балалардың келешегін ойлап, отбасылық құндылықтарды бұзбауға шақырдық, – дейді Қанағат Алиханқызы.
Отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты даулы мәселелер тек үлкен қалаларда ғана емес, ауданда да, тіпті аядай ауылдарда да кездеседі. Оны тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге қызмет ұсынатын аудандық кеңес беру кабинеттері мамандарының өз міндеттерін атқару барысында көзбен көрген оқиғаларды баяндауынан аңғаруға болады. Жамбыл аудандық кеңес беру кабинетінің әлеуметтік психологі Айнұр Өмірбайқызы өздеріне жүктелген міндетті атқару кезіндегі басты мақсат өңір көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу екенін айтады.
– Әлемді нәзік жүрегімен тербететін әйелдердің ерлермен текетіресуге келгенде күші жағынан қауқарсыз екенін мойындауымыз керек. Әйелдер сол нәзіктігінен зардап шегіп жатады. 
«Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деген ата-бабамыз әйелді де, баланы да ұрмай-соқпай, ақылмен басқара білген. Әр отбасында шаңырақтың берекесі әйел екенін, ал әйелге ер адамның қамқоршы болуы керектігін әркім жадында ұстауы тиіс. Отағасы жұдырыққа сеніп емес, Абай атамыз айтқандай, «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» пәрменімен әрекет еткені абзал. Отбасындағы кикілжіңнің арты күш қолдануға ұласса, бұл «тұрмыстық зорлық-зомбылық» деп аталады.
Ең өкініштісі, көп жағдайда зорлық-зомбылықтың құрбаны нәзікжандылар мен балалар екені белгілі. Өйткені әйел – әлсіз, бала – қорғансыз. Зорлық-зомбылық жасау әрекетінің сипаттамасына заңда «Бір адамның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын және психикалық ықпал жасауы» деп құқықтық баға берілген. 
Аудандық әлеуметтік-психологиялық кеңес беру кабинеті әйелдерді аптаның дүйсенбі және жұма күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін қабылдап, тегін консультативті-психологиялық кеңес береді. Сонымен қатар біздің «Сенім» телефондарымыз тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. 
Бір қарағанда ауданда барлық отбасы бақытты өмір сүріп жатыр деп айта алмаймыз. Бірақ кей отбасының сырт көзге салтанаты жарасымды болып көрінуі мүмкін. Ал шындығында, екі жұп өздері оңаша қалғанда бірінің сөзін бірі құптамай, жоқ жерден ілінісіп қала беруі  немесе  «Үй артында кісі бар» деген сөзді қаперге алмай, көршіден де, басқадан да ұят болады демей ашық айқасқа кетуі мүмкін. Іс ұрыс-керіспен бітіп жатса, мейлі. Бүгінде бірін-бірі құрметтеудің орнына әлі жеткен әлсізді сабайтын оқиғалар жиілей түсті. Негізі қыз бен жігіт отбасын құрмастан бұрын бірінің сырына бірі қанық болуы керек. Бірі ашуға берілсе, екіншісі басу айтқанда ғана отбасылық дау-дамай ушықпайды. Мұны қазақ «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп тап басып айтқан, – 
деді ол.
Сондай-ақ кеңес беру кабинетінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Айнұр Ермашева ауданға қарасты 17 ауылдық округте аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе рейд жұмыстары жүргізіліп, кездесулер мен «дөңгелек үстел» отырыстары өткізілетінін сөз етті.
– Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылатын түрлі іс-шараларға Жамбыл аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Мұрат Дузеев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Гүлмира Бектембаева және аудандық билер кеңесінің төрағасы Батырбек Саршаев қатысып, мәселенің шешімін табуына атсалысып жүр. Сонымен қатар мұндай жиынға үкіметтік емес ұйым өкілдері де тартылуда. Өзіміз де тұрғындар арасында кім отбасындағы зорлық-зомбылыққа душар болса, үнсіз қалмауды түсіндірудеміз. Соның арқасында көмегімізге жүгінгендер бар. Мысалы, кабинетке келіп көмек сұраған бір қызмет алушының жағдайын сөз еткім келіп отыр. Жақында Э. есімді бір тұрғын бізден көмек сұрады. Оның заңды некедегі күйеуімен ортақ 2 баласы бар. Қызмет алушының күйеуінің де, өзінің де жан бағу үшін істейтін тұрғылықты жұмысы жоқ, екеуі де жұмыссыз. Қызмет алушы бала күтімінде. Күйеуі үнемі ішімдік ішіп, кешке дейін әркіммен бір арақ ішіп, көшеде жүреді екен. Үйіне келгенде отбасында жанжал шығарып, қолына түскен затты әйеліне лақтырып, балаларын ұрады екен. Тіпті әйелін үйді айналдыра қуып, қолына түссе қылқындырып, үйдің берекесін алатын көрінеді. Басқаға жалданып жұмыс істегенін міндетсініп, пұлын үйге әкелудің орнына: «Сендерді бағып отырған мен», – деп міндетсінеді екен. Егер әйелі мен бала-шағасына қамқор бола алмаса, тапқанын міндетсінсе, неге үйленіп, неге бала тудырады?! Ер-азаматтың отбасын асырауы міндетті емес пе? Тапқан ақшасы дүкеннен алған ішімдігінің қарызын төлеуден артылмайды екен.
Балаларының ішетін тамағы, киетін киімі жоқ. Күйеуінің бұл қылығынан шаршаған қызмет алушы біздің мекемеге келіп, көмек сұрады. Нәтижесінде қызмет алушының үйіне полиция қызметкерлерімен бірге барып, қорғау нұсқамасын қойып, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Дегенмен дау-дамай ушығып кеткен. Күйеуінің илігетін түрі жоқ. Оның бойында әйеліне деген теріс көзқарас, жұбайында отағасына деген өкпе бар. Біз медиатор мен алқабилерді әлгі отбасына апарып, оларды татуластыру жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман ретінде мен өз міндетімді атқарсам, психолог отбасымен психологиялық жұмыстар жүргізіп, екеуі бір-бірінен кешірім сұрап, татуласты, – деді Айнұр Тұрғынқызы.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың неше түрі бар. Әйелдердің бірі қаржы жағынан отағасына тәуелді болып, яғни экономикалық зорлық-зомбылыққа, келесісі жыныстық зорлық-зомбылыққа тап болса, ал енді бірі күйеуінен психологиялық қысым көруі мүмкін. Тағы бірі физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Егер ер-азамат осылардың қай-қайсысын қолданса да заң оның басынан сипай қоймайды. 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ