Дін

Ораза айт тарихы тереңде жатыр

Айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасатын күн де келіп жетті. Осы қасиетті айдың аяқталғанын айғақтайтын Ораза айт мейрамы – жер бетіндегі барша мұсылман қауым үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі.

Рамазан аяқталғаннан кейін басталатын Шәууәл айының бірінші күні – Ораза айт мейрамы ретінде баршаға мәлім. Ораза айт – «Ид-аль-фитр» мерекесі деп аталады. Айт сөзі оразаның «қарымтасы» берілетін күн деп те айтылады. Яғни отыз күн бойы Алланың разылығы үшін ауыз бекіткен мұсылманның қуанышқа бөленетін күні.
Жалпы көпшілігіміз Құрбан айттың шығу тарихы, Ибрахим пайғамбар (ғ.с) мен ұлы Исмайл пайғамбардың (ғ.с) оқиғасы жайлы білеміз. Ал Ораза айттың тарихи жайлы біле бермейміз. 
Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Ораза айт 624 жылдан бері аталып өтіп келеді. Әнәс (р.а.) былай риуаят етеді: «Расулуллаһ Мәдинаға келген кезінде мәдиналықтардың тойлайтын екі күні бар болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрады. Олар: «Жәһилдік (Исламнан бұрынғы) дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп атап өтетін едік», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға қарап былай деді: «Алла ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі – Құрбан айт, екіншісі – Рамазан айты». (Әбу Дәуіт, Салат 239; Ахмет бин Ханбәл III 103, 235).
Тарихи құжаттарға зер салсақ, елімізде 1926 жылға дейін Ораза айт 3 күн, Құрбан айт 3 күн, Наурыз 1 күн ресми мереке ретінде тойланған. Бұған 1921 жылғы 5 наурызда Орынбор қаласында өткен Қазақстан Автономиялы Республикасы Орталық атқару комитеті Төралқасының «Мұсылмандар мерекесі» туралы қабылдаған шешімі негіз болған. Оған Cейітқали Меңдешев төрағалық жасапты. Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан Төралқа мәжілісіне қатысқан деген мәлімет бар. Алайда сол кезеңдегі солақай саясаттың салдарынан 1926 жылдан бастап бұл шешім күшін жойған. 
Мереке туралы Абдулла ибн Масұдтан (р.а.) жеткен Пайғамбарымыз, екі дүниенің сардары Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде: «Мүмін пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күні намазға бет алғанда Алла Тағала періштелерге: «Ей, періштелерім, адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етеді. Пенделерім Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешітке бет алды. Олар Мен үшін ораза ұстады, Менің пәрменіммен ауыз ашты, енді қуанышқа кенелсін. Сендер куә болыңдар, оларды жарылқадым», – делінген.
Үш күн тойланатын Ораза айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен басталады. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: «Айт күні бірінші орындайтынымыз – намаз оқу», – деген екен. Бұл намаз исламның ұраны болғандықтан Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірінде оны бір рет те қалдырмай оқыған. 
Айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы – мерекенің негізгі сәні. Осы мақсатта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар. Бір-біріңе берген сыйлықтарың араларыңдағы өшпенділікті жояды», – деп өсиет еткен.
Халық арасында Ораза айт мейрамын үш күн тойлағанымен, шариғи түсінік бойынша, мереке бір күн деп есептеледі.
Мұсылмандар арасында «Ораза айт намазына барарда әдеттегідей сәресі ішіп, ауызды бекітіп бару керек» деген пікір кең тараған. Алайда айт күні сәресі ішудің қажеті жоқ. Шариғатымызда мұндай міндет емес. Тек айт намазына шығарда тақ санды құрма жеп шығу Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті болып табылады.
«Ислам ғылымхалы» кітабында айт жайлы былай делінеді: «Айт – дүние мен ақыретке тән әсемдіктердің бір-бірімен етене араласып, адамдардың Рамазан бойы әртүрлі ғибадаттар арқылы бейне бір періштеге айналып, періштелер де осы ұқсастыққа бет бұрып, сол бір рухы саф жандар арасында сайрандап, айнала илаһи әсемдік пен сұлулыққа оранып, осынау ғажайып тылсым дүниені көргендер өздерін оянғысы келмейтін түс әлемінде деп ойлайтынын айтуға тіл жетпес күн. Осы мүбәрак күнде Рамазан жеткен барлық жер жүзі періштелер мен рухани жандардың көктегі тылсым әлеміндей көрініп, шаттыққа бөленген рухани ғаламатқа тең бір сиқырлылыққа оранады. Сол сәттен қасиетті айт мұсылмандарды өзіне баурап алып, оларды жүрек пен рухани өмірінің тұңғиығына қарай тартады. Оларға ай мен күн, тіпті құс жолын қамти алатын кеңістік дайындап, «құпия қазынаға» жап-жарық айна болу жолдарын көрсетеді. Көңілдері алабұртып, алып-ұшқан әркім өз дәрежесіне қарай айттың көрсеткен жолдарымен ұшуға даяр құстай бола қалады. Тылсым сырдың есігі ашыла кеткендей қанаттарын тағатсыз қағады. Ақырында ұша жөнеліп, жеткен, яки жететін шыңдардың асқақтығын көріп, тамашалап, тұла бойы нұрға малынады да, осы дүние күнін бейне бір жәннат заманына айналдырады. Иә, олар ғажайып күйге еніп, әрбір заттан Хаққа тиіс әсемдік пен сұлулықты көріп, тамашалап, ақпай тоқтап қалған заманның тілімен ең әдеби хұтпа-жырлар оқиды. Оған барлық мекендерден айттың нұрымен боялған саф, ғажайып сиқырлы әуен қосылады. Егер айттың жазған осы бір әуені мен айт әлеміндегі адамдардың жүрек сарайынан төгілген жырларын қағазға төгу мүмкін болса, ең ғажап әуен мен аса мағыналы өлең де мұның жанында күзде төгілген сап-сары жапырақтай болып қалар еді».
Сондай-ақ қазақта айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Алайда шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл ізгі салт қонақжай қазақ халқының кең пейілін көрсетсе керек.
Жалпы отыз күн ораза мүминдерді тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі. 

Айжан ӨЗБЕКОВА