Жаңалықтар

Суқоймалар қатаң бақылауда

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен кезекті брифингке облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков пен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Асқанат Қадыров қатысып, су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Руслан Нұрланұлының айтуынша, қазіргі таңда облыста жағдай тұрақты. Су тасқыны кезеңін штаттық режимде өткізу мақсатында іс-шаралар жоспары және кезекшілік кестесі бекітіліпті.
– Облыс аумағындағы суқоймаларға судың тасталуына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Бүгінгі таңда «Тасөткел» суқоймасына – 94 пайыз, «Теріс-Ащыбұлаққа» – 97 пайыз, «Ынталыға» – 97 пайыз, «Ақкөл» – 25 пайыз, «Қарақоңызға» – 99 пайыз, «Бүркіттіге – 47 пайыз, «Қақпатасқа» – 100 пайыз, «Шоң-Қақпаға» (Киров) 81 пайыз су жиналған. Барлық суқоймалардың жалпы толымдылығы 77 пайызды құрайды. Сондай-ақ облыс аумағындағы каналдар, арық желілері мен су өткізу құрылғылары тазартылды. Су басу қаупі ықтимал 42 елді мекеннің 34-інен қауіп алынды, екеуі төмендетілді. Су тасқынының алдын алу және жою мақсатында тиісті шаралар қолға алынып, 1 927 адам, 437 техника, 19 жүзу құралы, 132 мотопомпа, халықты эвакуациялауға және жеке құрамды тасымалдауға арналған 48 жолаушылар көлігі дайындалды, – деген баяндамашы су тасқынының зардабын жою мақсатында Ақмола облысына көмекке облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 57 жеке құрам мен арнайы құралдар жіберілгенін тілге тиек етті. 
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Асқанат Қадыров облысымыздағы ең үлкен суқоймаларды толтыру бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. 
Бұдан соң спикерлер БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. 

Ділназ ИЗАТІЛДА,
М.Х.Дулати атындағы 
Тараз өңірлік университетінің
4-курс студенті