18 жасында сұлулық салонын ашқан
Соңғы жылдары елімізде жас кәсіпкерлер саны көбейіп келеді. Тараз қаласында да жас та болса қатарластарынан оза шауып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар аз емес. Мәселен, Нұрлыайым Аден небәрі 18 жасында «Good лак» атты сұлулық салонын ашып, бүгінде табыс тайқазанын тасытып отыр.
Нұрлыайым бала кезінен қыз-келіншектерге сұлулық сыйлайтын, нәзікжандылардың сүйікті орнына айналатын сұлулық салонын ашуды армандапты.
– Өзіме уақыт арнаған, боянып, әдемі болып жүрген, айналамнан тек сұлулықты көрген ұнайды. Әрбір әйел құлпырып, өзінің нәзік қыз, сұлу әйел, әдемі ана екенін ұмытпауы керек. Сондықтан нәзікжандылардың өздеріне деген сенімділігін арттыру мақсатында 2019 жылы салонымды ашқан болатынмын. Биыл жеке кәсібімді бастағаныма 5 жыл толады. Қазіргі таңда салонда 9 шебер жұмыс істейді.
Бір жылда табысқа жетіп, еңбегімнің жемісін көре бастадым. Одан да ерте жетуге болатын еді. Бірақ салонды ашқан уақытта, яғни 2020 жылы барлық жер карантинге жабылып, жұмысымыз уақытша тоқтап тұрды. Осындай түрлі қиындықтарды бастан өткеріп, еш мойымай келемін.
Әрине, кәсіптің оңайы жоқ. Дегенмен адам алдына мақсат қойса, барлығына төтеп береді. Мен әрдайым ізденіс үстінде жүремін. Өзіме артылған жауапкершіліктің қандай екенін білемін және кәсібімді жүргізу барысында жұмыстың мінсіз атқарылуына мән беремін.
Бізге келген кез келген әйел азаматы жүзінен нұр шашып, қуанып шыққанын көру – өте керемет сезім. Мұны өзіңнің жұмысыңды, кәсібіңді жақсы көру деп атайды. Қазір өзім 2 қыздың анасымын. Үйде отырып-ақ жұмысымды жүргізе беремін. Қазір бір орында тоқтап тұруға болмайды. Әрдайым ізденісте болып, жаңашылдыққа ұмтылу қажет, – дейді жас кәсіпкер.
Кәсіпкерлік – ақыл-ой мен білімді, ізденісті қажет ететін сала. Бизнес бастау үшін, ең алдымен, ынта мен күш-жігер, қайтпас қайсарлық болса жеткілікті. Бұл қасиеттің барлығын бүгінгі кейіпкеріміз Нұрлыайымның бойынан таба аласыз.
Сая ЕСБЕРГЕН,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің 4-курс студенті