Жұртты жұмыспен қамту ісі баяу
Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында өңірде 60 672 тұрғынды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту көзделсе, жылдық жоспар әзірге 28,9 пайызға орындалған.Жыл аяғына дейін әлі біраз уақыт бар. Дегенмен тиісті тапсырманы орындауда жауаптылар жоспардан ауытқымай, әр тоқсан сайын межелі көрсеткішке уақытылы қол жеткізуі керек. Сонда ғана жыл аяғында мәселе туындамайды.
Алайда Тараз қаласы халықты жұмыспен қамту жоспарын 24,9 пайызға, Жуалы ауданы – 26,8, Қордай – 27,7 және Сарысу ауданы 28,2 пайызға облыстық орташа көрсеткіштен төмен деңгейде орындаған.
– Биыл тұрғындарды жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына және субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырудың жоспары 46 942 орын болып белгіленіп, 2024 жылдың 1 сәуірінде 14 580 адам жұмысқа орналасты. Тиісті көрсеткіш Тараз қаласында 24 пайызды және Жуалы ауданында 29,5 пайызды құрап, облыстан төмен деңгейден көрінді. Ал тұрақты жұмыс орындарының жоспары 31 746 орын болса, жұмысқа 4 818 адам орналасты. Облыстан төмен көрсеткіштер Тараз қаласында, Т.Рысқұлов, Талас, Сарысу және Меркі аудандарында орын алды.
Биыл субсидияланатын жұмыс орындарына 13,5 миллиард теңге қаралып, барлығы 15 197 адамды жұмысқа тарту жоспарланған. Жыл басынан бері 9 762 адам жұмысқа тартылып, жылдық жоспар 64,2 пайызға орындалды. Осы бағыттағы жұмыстарды Жуалы және Байзақ аудандарында жандандыру қажет. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 434 адам, «Жастар тәжірибесіне» – 578, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 7 701, «Алғашқы жұмыс орындарына» – 143, «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша – 10, «Күміс жас» жобасы арқылы 896 тұрғын еңбекке араласты.«Жастар тәжірибесі» жоспары биылғы бітіруші түлектер есебінен толық орындалады.
Облыстың өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында барлығы 16 961 адам жұмыспен қамтылған екен. Оның ішінде инфрақұрылымдық жобаларға 123 адам жұмысқа орналасып, олардың міндетті зейнетақы жарналарының деңгейі 12,2 пайызды құрапты. Бұл жөнінде де аталған басқарма басшысы егжей-тегжейлі мәлімет берді.– Тараз қаласында жұмысқа орналасқан 78 адамның 1,3 пайызының ғана зейнетақы жарналары аударылған. Ал субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан 9 762 адамның 84,4 пайызына міндетті зейнетақы жарналары аударылды. Бұл көрсеткіш Мойынқұм, Жуалы, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында төмен болып тұр.Сондай-ақ бос жұмыс орындарына орналасқан 4 818 адамның 66,5 пайызына міндетті зейнетақы жарналары аударылды. Облыстан төмен көрсеткіштер Қордай, Байзақ, Жамбыл, Сарысу және Шу аудандарында қалыптасты.
Еркін Келесов ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдарға халықты жұмыспен қамтуға қатысты 8 құзыреттілік бекітіліп берілгенін, қала, аудан әкімдіктері мансап орталықтарымен бірлесіп тірлік жасауы керектін алға тартты. Осы тұста облыс әкімі көрсеткіштердің орындалмауына басқарма мен қала, аудан әкімдіктері арасында бірлесе жұмыс жүргізудің өзара үйлесімділігі жоқтығы себеп болып отырғанын баса айтты.– «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген мақал бар. Халықты жұмыспен қамтуға қатысты жұмыстың атқарылып жатқанына көп уақыт болды. Ал сіздер құзыреттілікті әлі бөле алмай жүрсіздер. Осы олқылықтың нәтижесі қандай екені бүгін су бетіне шықты. Басқарма басшысы аудан, қала әкімдерін жинап, қай жерде қандай мәселе барын анықтап, дұрыс жұмыс жүргізу үшін құзыреттілікті бөліп, барлығын ретке келтіруі керек. Мына олқылық облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмысты баяу жүргізгенінің нәтижесі, – деген Ербол Шырақпайұлы істі бақылауға алуды өзінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровке тапсырды.
Сонымен қатар Жуалы, Сарысу, Меркі секілді бірқатар аудан әкімдерінен жауап алды. Халыққа қайтарымсыз қаржы үлестіруде жылда тұрғындар тарапынан реніш туындайтынын сөз еткен аймақ басшысы конкурсты барынша ашық өткізуді, көпшіліктің көңілінде күдік ұяламас үшін комиссия жұмысы тікелей эфир арқылы көрсетілуі қажеттігін міндеттеді.Бұдан кейін өрттің қауіпті кезеңіне дайындық және дала өртіне қатысты мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Арман Тоқанов баяндама жасады.
Басқосу барысында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевтан ормандағы өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы сұралды. Өрт сөндіруге жұмылдырылатын техникалардың дайындығы сараланып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ